Халықаралық Stratfor сараптама агенттігінің мамандары Ресейдегі білікті мамандардың, ірі жаңалықтар ашқан көрнекті ғалымдардың шет елге көптеп кеткені туралы зерттеу қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Тек 2015 жылдың өзінде Рсейден 350 мың адам шет елге біржолата қоныс аударыпты. Ал 2009 жылғы экономикалық дағдарыс кезінде бөтен елге кеткендердің саны 32 мыңнан аспаған екен.
Сарапшылар Ресейдің мықты деген дәрігер, инженер, ғалым, ұстаздарының басқа жаққа лек-легімен кетіп жатқанына алаңдаулы. 2014 жылғы денсаулық сақтау реформасы мәскеулік 7 мыңға жуық дәрігерді жұмыссыз қалдырған. Қызметінен айрылғандардың басым бөлігі АҚШ, Германия, Канада, Финляндия сияқты мемлекеттерден орын тапқан.
Stratfor-дың баяндамасы бойынша, жоғары білімі бар Ресей азаматтарының 23 пайызы бөтен елге кеткісі келеді екен. Ал жастардың 38 пайызы, топ-менеджерлердің 42 пайызы басқа мемлекетте жұмыс істеуге ниетті. Олардың орнына бұрынғы кеңестік республикалардан шыққан мұсылмандар Ресейге ағылып келуде.
Сарапшылар Ресейге жақын жылдары ғылым мен білім жүйесінің құлдырау қауіп барын ескертуде. Bloomberg сарапшысы Леонид Бершидскийдің сөзіне сенсек, 2015 жылы Ресейге ТМД мемлекеттерінен 500 мыңнан астам адам жұмыс іздеп барған. Олардың басым бөлігі Орта Азия республикалары, Молдова мен Әзірбайжан сияқты елдердің өкілдері.
Ресейге барған Орта Азия өкілдерінің дені зауыт-фабрикаларда, сауда-саттық орындарында және қара базарда жұмыс тапқандығы белгілі.
Ал, Қазақстан соңғы 20 жылда қанша ғалымынан айрылды? Неше жүз немесе мың білікті маман елін тастап, капиталистік мемлекеттерге біржолата көшіп кетті? Осыны зерттеген маман бар ма?
Дана Қамшыбек