Оралмандарға азаматтықтың 1 жыл көлемінде берілуі шеттегі бауырларымызға атамекенге оралуға үлкен мүмкіндік болып отыр. Сонымен қатар, оралмандардың келуіне басқа да жағдайлар мен жеңілдіктер жасалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеген болатын. Осы жаңалыққа орай, белгілі дінтанушы Мұхитдин Исаұлының пікірін білген едік...
Осы күнге дейін оралмандар қазақ елі үшін оралман емес "Жорамал" болып келіп еді. оның бір сыры оларға "Оралман" деген ат тағуынан байқауға болады. Оралман деген сөз оралмаймын дегенге саяды. Сол себепті қандастар тым болмаса "оралған" деп атау қажет еді. Әр олардың арасында Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік секілділері көбінесе кешегі совет қазақтарынан қашанда қағажу көріп келді. Елім, жерім деп келгенде партиялықтың кебін кигендей болып жүрді. Тіпті бір тілім қағазға зар болып қайта көшіп кеткендер де аз болмады. Солардың арасында өз басым керей қазақтармен көп араластым. Түсінгенім, олар бір ғасырлары орысқа бодан болудан бас тартып ұзақ сапар шеккен екен. Кейіннен атамекенім деп елге қайта оралғанда бұл жерде көптеген қиыншылықтарға тап болған. Өз елінде жоғары лауазымды іс атқарғандар мұнда лайықты орын көрмеген. Алайда қазақтың болашағы үшін олар сүттің қаймағы тәрізді қажет еді. Солар арқылы қазақтың санын да тілін де тез дамытуға болар еді. Шетелдегі миллиондаған қандастарды елге әкелсе, қазақ анағұрлым көбейір еді. Мына өзбек ағайын шашырап жүрсе де, он сегізден отыз бес миллионға жеткен көрінеді. Ал біз он бірге зорға жеттік, 66% ғанамыз. Туу өте аз. Жадында байырғы халықтың саны отыз мииллоннан аспай бізге пәлендей ел бола кету қиын деп ойлаймын. Ал, біз екі емес бірнеше оттың ортасында жүрміз. Бір Аллаға ғана аманат.
Ал оралмандардың азаматтық алуын жеңілдету туралы жаңалыққа келсек ол Мәсімов мұрындық болды деуіміз сылтау ғана. Ең басты себеп - Қырым. Қырымның бір қыры осы оралманға шарапат болып көрінуде. Билік екі нәрсені көзден таса еткен тәрізді. Бірі қазақтың санын көбейту, екіншісі ғылым. Тапқанын осы екеуіне төгу керек еді. Өкінішке қарай көптеген қазақ ғалымдар шет елді жағалап кетіп қалды. Баланың санын көбейтіп, оларды мектепте реформа жасап жақсы оқығанның бәрі алпауыт елдерге жіберіп, сол жақта өздері қадағалау қажет еді. Ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабасының құндылық-құрмасын беру абзал еді. Міне осы мәселеде оралмандарды пайдалануға болатын еді.