ЖАҺАНДЫҚ САЯСАТКЕРЛЕРДІ БАЛАҒАТТАҒАН РОДРИГО ДУТЕРТЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

/uploads/thumbnail/20170709065538517_small.jpg

Даваодан Манилаға дейін

Иә, ол ең алдымен Филиппин Президенті. Жуырда халықаралық жиында АҚШ Президентін «жезөкшенің ұлы», ал БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунды «ақымақ» деп атаған Родриго Дутерте Президент лауазымына қалай жетті? Енді соған тоқталайық.

Родриго Дутерте 1945 жылы туған. Әкесі Давао провинциясының  губернаторы, анасы мектеп мұғалімі әрі қоғам қайраткері болған.  Родриго Дутертенің мамандығы заңгер, Давао қаласының мэрі қызметін 22 жыл бойы атқарған. Ол сондай-ақ Филиппин конгресінің де мүшесі болған. Ол 2015 жылдың 21 қарашасында өзін Президент лауазымына ұсынып, 2016 жылы сайлауда жеңіп шыққан.

Родриго Дутерте 1968 жылы Манилада Филиппин университетінің өнер лицейінде бакалавр дәрежесін алады. Одан кейін заң колледжінде оқиды. Қызметтік сатылардан біртіндеп өскен Родриго Дутерте Давао қаласы прокурорының орынбасары қызметін де атқарған. 1986 жылғы «Сары революциядан» кейін Дутерте Давао қаласының вице мэрі болып тағайындалады. Екі жылдан соң мэр қызметіне кіріседі. Ол қала бюджетінен 12 миллион песоны нашаға тәуелділерді емдеу орталығын салуға жұмсаған.

Тәртіп бұзған туристке темекі жұтқызған

Дутертені айналасындағылар өте қатал, қарапайым және еңбекқор адам ретінде біледі. 2015 жылы мынадай оқиға болған екен. Қыркүйек айында бір турист Даваодағы барда темекі түтінін бұрқыратып отырып алады. Темекіні сөндіру туралы бар иесінің өтінішіне құлақ аспайды. Ал бұл Даваоның темекіге қарсы заңын бұзу екені сөзсіз. Бар иесі қала мэріне телефон шалып, туристің бейәдеп әрекеті туралы баяндайды. Барға дереу жеткен Дутерте туристі темекіні жұтуға мәжбүрлейді. Осы қаталдығы үшін Дутерте филиппиндік Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сынына ұшыраған.

Сыйлықтардан бас тартқан

Родриго Дутерте 2014 жылы халықаралық комиссия ұсынған көрнекті қала басшыларына берілетін World Mayor Prize сыйлығын алудан бас тартып, «Мен жай ғана өз міндеттерімді орындадым» деген екен. Оған қоса Америка онкологиялық қоғамы ұсынған марапат пен 2010 жылы Сингапурде берілген темекіге қарсы марапат белгісін алмай қойған.

Халықаралық сарапшылар қылмыскерлерді сотсыз өлім жазасына кесу туралы шешімі үшін Дутертені әлі күнге дейін сынау үстінде. 2005 жылғы қылмыспен күреске арналған саммитте Дутерте «Жедел өлім жазасы ұрлау мен наша саудасымен күрестің ең тиімді түрі» деген.

«Наркодилерлер — жезөкшенің ұлдары»

Манилада өткен инаугурациясында Дутерте былай деген: «Наркодилерлер — жезөкшенің ұлдары, біздің балаларымыздың түбіне жетуде. Мен сізге ескертемін, бұл іске (наша саудасы) араласпаңыз, сіз тіпті полицей болсаңыз да мен сізді өлтіремін».

Родриго Дутерте Президент тағына отырғаннан бастап наша саудасымен айналысқандар жаппай өлтірілді. 2016 жылдың тамыз айында Филиппинде 900 наркодилер өлтірілген. Ал брифингтің бірінде Дутерте, жүздеген саясаткер, әскерилер мен полицейлердің аттарын атап, олардың наша саудасынан үлкен табыс түсіріп отырғандығын айтып, берілуге әмір етті. 2016 жылдың қыркүйегінде Филиппинде 2400 наша саудагері өлтірілген.

БҰҰ-нан да артық халықаралық ұйым құрмақ

 21 тамызда Родриго Дутерте елдің БҰҰ-нан шығуы туралы ұсыныс айтты. Филиппин Президенті БҰҰ-ның әлемдегі аштықты, терроризмді, және Сирия мен Ирактағы әскери қақтығысты тоқтата алмайтынын айтып, батыл түрде сынап тастады. Ол сондай-ақ, құрамына Филиппин, Қытай, бірқатар Африка елдері кіретін, БҰҰ-нан да артық халықаралық ұйым құруды ойластырып жатқанын мәлімдеді.

Ал 5 тамызда АСЕАН саммиті алдындағы пресс-конференцияда  Филиппиннің колония емес, дербес мемлекет екенін еске салған ол Барак Обаманы «жезөкшенің ұлы» деп атады. Артынан кешірім сұрағаны да белгілі. Ал 9 қыркүйекте БҰҰ-ның Бас хатшысын «ақымақ» деп атады. Пан Ги Мун оны елдегі адам құқықтарын бұзғаны туралы ескерту жасаған болатын.

Қоғам  Родриго Дутертенің айтқандарын әртүрлі қабылдады. Бірі тым дөрекі деп айыптаса, енді бірі өз ұлтының намысын биік ұстаған нағыз азамат деп мақтауда.

Дана Қамшыбек

Қатысты Мақалалар