Қазақстандағы кадрлық ауыс-түйістер: КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕСІМІ БЕЛГІЛІ МЕ?

/uploads/thumbnail/20170709070109990_small.jpg

Өткен аптада басталған кадрлық ауыс-түйістер кеше белгілі бір деңгейдегі логикалық шегіне жетті деп айтуға болар. Премьер-министрдің ауысуы, жаңа вице-премьердің тағайындалуы, үкімет құрамындағы бір министрліктің таратылып, екіншісінің құрылуы – қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптар. Осы кадрлық тағайындаулар төңірегінде белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Qamshy.kz порталына сұхбат берген болатын.

-Айдос мырза, соңғы кадрлық тағайындауларды алдағы уақыттағы билік транизитіне дайындық деп бағалап жатқандар бар. Сіз осы ауыс-түйістер туралы қандай ойдасыз?

- «Транзит», «Мұрагер» деген әңгімелер қозғау үшін бұл жерде Елбасы демалысқа кетеді, қызметін тапсырады деген пайым болу керек. Сондықтан, әзірге мұрагерлік, келесі президент туралы әңгіме қозғау ерте әрі күлкілі естіледі. Президент әзірге ешкімге билікті бергісі келіп отырған жоқ.

Менің ойымша, бұл ауыс-түйістер қоғамдағы, экономикадағы жағдайға байланысты. Ақорда Мәсімов үкіметінің біліксіздігін, дәрменсіздігін сезген сияқты. Үкімет нақты бағдарламаларды, президенттің жеке тапсырмаларын орындай алмай, бюджетті игере алмай жатты. Соны президент түсінген сияқты.

Үкіметтің кеңейтілген жиынында экономиканың өсімі 0,3 пайыз екені айтылды. Ал, экономиканы тұрақты ұстап тұру үшін кемінде 3-4 пайыз өсім керек. Сонда біздің Үкіметке қалай жұмыс істеу керектігін түсіне беріңіз. Қазір мемлекеттің, экономиканың дамуы үшін мұнай да, басқа да емес, қоғамның өз энергиясы керек. Елдің патриотизмі, жалынды еңбегі, басқасы. Одан кейін Мәсімовтен шаршау, оның сөзін елемеу болды. Тіпті, президенттің өзі де Мәсімовке сенбейтін сияқты.

Одан кейін Үкіметке алдағы уақытта көптеген реформалар жүзеге асыру керек. Күні кешеге дейін Үкімет, оның басшылығы не істеп келді? Халыққа реформаларды түсіндіру, түсінікті реформа жүргізу орнына елдің қазақ тіліне қатысты, халықтың өсіміне, бала тууға қатысты елдің зығырданын қайнататын мәлімдемелер айтып келді. Міне, сол олқылықтардың орнын толтыру үшін Иманғали Тасмағамбетов, Асқар Мамин сынды азаматтар Үкімет жетекшілігіне қойылуда. Иманғали – 90-жылдардағы қиын кезеңде қызмет істеген, елдің ахуалын жақсы түсінетін шенеунік. Ал, Асқар Маминді қатал жетекшілердің бірі деп білеміз. Өзі де демалмай жұмыс істейтінін, аппаратын да дамылдатпайтынын айтып жүр. Қазір басты мақсат Үкіметте еңбек тәртібін, жинақылықты, ұқыптылықты қалпына келтіру болды. Ең болмағанда үкімет үлкен идеяларға бастамашы болмаса да, алға қойылған тапсырмаларды орындауға қабілетті болса екен деген үміт те болар. Сондықтан, мұның барлығын билік транизитіне дайындық емес, қалыптасқан экономикалық-әлеуметтік ахуалға байланысты шешім деу керек. Міне, Мәсімов қанша пиар жасап, велосипедке мінсе де, Кенесары мен Кейкінің басы туралы мәселе көтерсе де ойлағаны іске аспады.

-Бірақ, Мәсімовті «отставкаға кетті» дей аламыз ба? Елбасы тарапынан оның қызметіне баға беріліп, қандай да бір сын айтылғанын байқамадық қой...

-Бұны біріншіден, біздің қоғамда белгілі бір саяси мәдениеттің жоқтығымен немесе төмендігімен түсіндіруге болады. Иә, адам қызметтен кеткенде не оған алғыс айтылады, не сын, ескертпе жасалып, кемшіліктері көрсетіледі. Нақты баға беріледі. Менің ойымша, ондай бағаны Мәсімовке қоғамның өзі де беріп тастаған сияқты. Себебі, соңғы кездері ол не істесе де барлық бастамасына халық пысқырып қарамады. Екі түрлі шұлық кигенін, Астана мен Көкшетау арасында велосипедпен жүргенін, Кейкі, Кенесарының басын сөз еткенде бөркін аспанға атып қуанған ешкім болмады. Ешкім иланбады. Мәсімовтің соңғы үш-төрт айдағы популизмінен ештеңе шықпады. Бұл да оған деген сенімнің жоқтығын, оның ісіне қоғам түгілі мемлекеттік аппарат ішінде ешкімнің былқ етпегенін көрсетті. Бәріміз ел ішінде жүрміз, той томалаққа барамыз, жиындарға қатысамыз, сондай жерлерде Мәсімовтің ол популистік әрекеттері керісінше оның пайдасына бағытталмаған даурықпа әңгімелерге ұласып кеткенін көріп жүрміз.

Бұл бір. Екіншіден, адамды қызметке тағайындағанда «Сен ана жерге барып отыра тұр» деп тағайындамайды. Мына Мәсімов барған Ұлттық қауіпсіздік комитеті адам күні-түні жұмыс істейтін, бас қатыратын мекеме. Сондықтан, Мәсімов жақын арада осы лауазымда енді атқаратын жұмысы туралы мәлімдеме жасап, жоспарларын ортаға тастауы керек. Әрине, арнайы орган, барлық мәліметтер ашық жарияланбайды. Сонда да, «Мынадай ойым бар, мынадай жоспарым бар. Терроризммен былай күресем, салафизм ағымын жоям» деген сияқты нақты жұмыс бағыттарының декларациялық жоспарын айтуы керек. Бұл үкіметке де қатысты әңгіме. Сағынтаев та «Біздің амбициямыз мынадай: осынша уақытта экономикалық өсімді осынша пайызға өсіреміз» деген сияқты міндеттеме керек. Қоғам да бұл үкіметті мойнына жауапкершілік алған, жауапкершіліктен қорықпайтын, халыққа жақын, білікті үкімет деп сенуі керек. Кешегі шетелдік іс-сапарларды азайту туралы премьердің айтқаны көңілге қонымды. Енді осы бастаманы аяқсыз қалдырмай, мемлекеттік органдардағы аппараттық шығындарды, машиналар мен той-томалақты да азайту қажет. Велосипед мініп, жүгіріп, Мәсімов сияқты пиарлатудың қажеті жоқ. Министрлер мен әкімдерді бір шыбықпен айдағандай жұмысқа жұмылдыру қажет. Керемет жаңалық ашпай-ақ, мемлекеттік органдарда тәртіп орнатса да Сағынтаев Қазақстан тарихында жақсы премьер ретінде атын қалдыра алады.

-Дариға Назарбаеваның Сенатқа баруына қатысты қандай пікірдесіз? Оның одан арғы саяси мансабы туралы не ойдасыз?

-Ертең құдай қаласа Сенаттың отырысы болады. Сенаторлар Дариға апамызды қатарына қабылдайды. Бірақ, мен мынаны айтқым келеді. Осыған дейін президент Дариға Назарбаеваға үлкен саясатқа араласуына үш рет мүмкіндік берді. «Билікке аралас. Амбицияң бар екен, көрейік» дегендей ишара жасады. 90-жылдардың аяғын, 2000-жылдардың ортасын және кешегі вице-премьерлік кезеңді еске түсіріңіз. Бірақ, менің ойымша Дариға сол үш мүмкіндікті де пайдалана алмады. Қайта президенттің өзін масқара қыла жаздады. Соның бәріне шыдап, вице-премерлікке қойды. Ол орында не істеді? Ұсынған реформаларын халық қолдаған жоқ, қоғам наразы болды. Осының бәрін президент өзі де сезген сияқты. Жанындағылар да айтқан шығар. «Мына кісі басшы болып жарытпады» деген сөздер жеткен шығар. Сондықтан, үкіметтегі жетекші лауазымның бірінен алынып, депутаттыққа жіберілуі мүмкін.

Енді Дариға Нұрсұлтанқызының Сенат депутаттығына баруы біраз әңгімеге өзек болуда. «Ойбай, ертең Сенатты басқарады екен. Президент болуға мүмкіндік алады екен» деген сөздер шығуда. Бірақ, ондай мүмкіндіктің уақыты өтіп кетті. Менің ойымша, президент өзі қанша жерден қаласа да өзінің балаларын, тікелей туыстарын мұрагер етіп орнына қоя алмайды. Өйткені, заманның талабы өзгеріп кетті. Қоғам өзгерді. Меніңше, мұнда транизиттің басқаша бір сценарийі жүзеге асатын сияқты.

Ал, енді Сенатта Дариға Назарбаева қандай қызмет атқаруы мүмкін дегенге келсек, кезінде Мәжілісте отырған кезде әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетті басқарды, вице-спикер болды. Мұнда да әрі кетсе сол Сенаттағы комитет төрағасы немесе спикердің орынбасары болуы мүмкін. Әйтеуір, мемлекеттік басқару ісіне араласуға мүмкіндік беретін, бірақ, ешқандай жауапкершілік жүктемейтін және қоғаммен қарым-қатынасы аздау бір лауазым бұйырады.

- Тасмағамбетовтың вице-премьерлікке тағайындалуынан не күтесіз? Ақпараттық қорғаныс, азаматтық қоғам, білім, мәдениет саласында қандай да бір жаңару бола ма? 

-Біріншіден, Имекең – идеолог адам. Менің ойымша, енді идеология мәселесі Президент Әкімшілігінен Үкіметке қарай ойысуы мүмкін. Өйткені, соңғы кездері көптеген әңгімелер айтылуда. Билік пен қоғамның, мемлекет басшылығы мен зиялы қауымның арасы алшақтап кеткен сияқты. Бәлкім, сол мәселенің жігін жатқызу, идеологиялық жұмыстарды Үкімет арқылы атқару ойластырылуы мүмкін.

Екіншіден, өздеріңіз де көріп, байқап отырсыздар, көптеген әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру жүктеліп отыр. «Үш тілді оқытуды» алайық, білім бағдарламасының басқа тараптарын алайық, қарсылық көп, зиялы қауым шулап жатыр. Мұнымен жұмыс істеу керек, белгілі бір жолға қою қажет. Міндетті медициналық сақтандыру деген үлкен реформа басталды. Бұл да бір ізділікті, қажет болса, қаттылықты қажет етеді. оны қоғамға өткізу, кем-кетік жерлерін түзеу сияқты мәселелер бар. Осындай мәселелерде министрден бөлек, тәжірибелі вице-премьердің болғаны дұрыс шығар. Мұғалімдер, дәрігерлер арасында беделі бар басшы керек. Шынын айтсақ, Ерлан Сағадиевтің де, Тамара Дүйсенованың да мұғалімдер мен дәрігерлер арасында Имекеңдікіндей беделі жоқ.

Одан кейін дағдарыс келе жатыр. Дағдарыс мемлекеттік шығындарын, оның ішінде әлеуметтік саладағы шығындарды азайтуға алып келеді. Сондай жағдайда, осы саланы қызғыштай қоритын, Үкіметте, Парламентте әлеуметтік салаға қорған болатын адам керек. Иманғали Тасмағамбетовтың тағайындалуында осындай себептер ескерілуі мүмкін.

2004 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы Ақпарат министрлігіне барғанда «Мынаны істеймін. Мынадай жоспарларым бар. Осыларды орындасам әрі қарай қызмет етем. Орындамасам - кетем» деген міндеттеме алған өзіне. Міне, осы мәдениетті бүгінгі билікте қалыптастыру керек. Бағанадан бері айтылып жатқан жәйттің бәрі әрбір шенеуніктің, басшының жеке жауапкершілігінің болмауына қатысты болып отыр.

-Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі құрылып жатыр. Бұл құрылымнан не күтеміз?

Енді министрдің тағайындалғаны, министрліктің құрылғаны кеше. Бәлен деп айтуға әлі ерте. Естіп, біліп жатырмыз Нұрлан Ермекбаев арнайы органдарда тәжірибесі мол, білікті маман. Аналитик деп жатыр. Осының бәрін ескере келе, діни саладағы ғылыми-зерттеу, талдау жұмысы, бұл саладағы мәселелерді түсіну, байыбыны бару деген ұғымдар біршама биіктейді деп үміттенемін.

Екіншіден, қазірдің өзінде негізгі жұмыс басталып кеткен сияқты. Парламентте діни экстремизм, радикализм, терроризмге қатысты заңнамаларға байланысты құжаттар түсіп жатыр. Олар қоғам мүшелерінің араласуымен талқыланып жатыр. Бұл үлкен істің бірінші кезеңі дейік. Менің ендігі теологтармен, басқа да мамандармен ақылдаса келе түйген жеке ойым, бізге мынадай заң керек сияқты. Мен мысал ретінде түсіндірейін, кезінде біз бизнес өкілдерін біріктіретін, олардың проблемаларын зерттейтін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы деген ұйым құрдық. Ол – қоғамдық ұйым. Бірақ, қоғамдық ұйым бола тұра мемлекеттік органның жұмысын атқарып отыр. Заң әзірлеу, сарапшылық, басқа да жұмыстарға араласып, билікпен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Енді дін мәселесі де өте маңызды мәселе. Ол да қоғамды тәрбиелеу, ата дәстүрді насихаттау сияқты әлеуметтік функцияны атқарып отыр. Осыны ескере келе, бізге алдағы көктемде «Қазақстан Республикасының Діни басқармасы туралы» арнайы заң қабылдау керек. Онда бұрынғы заңдарға кірмеген біраз жәйттер қамтылуы қажет. Имамдар мен молдалар мемлекеттік қызметші немесе азаматтық қызметшілерге теңестірілуі қажет.

Қазақстан аумағында таралған амал мен сенімдегі мазһабтар, діни құндылықтар, ұлттық ерекшеліктер заңмен белгіленіп, Қазақстан осы мазһабтың, осы діни бағыттың канондық жауапкершілік аймағы деп танылуы тиіс. Діни уағыз жүргізу жұмыстары лицензиялануы, сырттан келген кез-келген адам емін-еркін уағыз жүргізбеуі тиіс. Исламға қатысты діни уағыздар тек мүфтият тарапынан жүргізілуі керек. Бізде, миссионер десе ойға бірден өзге діннің уағызшылары оралады. Басқа елдерден келіп, мұсылманбыз деп, ислам дінін насихаттаймыз деп жүрген түрлі топтар бар. Мына айтылып жатқан салафизм ағымының да артында ешқандай діни құндылықтар емес, таза саяси мақсаттар тұр. Олар қалай да қоғамда кең тарап, билікке жетуді көздейді. Медицинада науқасты айналаға ауру туратпау үшін оқшаулайды ғой. Қоғамда да зиянды идеология да солай оқшаулануы қажет. Ондай діни бағыттардың артында кім тұр, кім әкеліп жүр, кім қаржыландырып отыр деген сұрақтар түгел зерттелуі қажет.

Қанша жерден зайырлы елміз десек те біз мемлекетті діннен бөле алмаймыз. Зайырлы мемлекеттің дінге араласуына қатысты халықаралық тәжірибеде 16-17  мысал бар. Біз де өзімізге қажетті жолымызды табуымыз керек. Себебі бұл айтылып жатқан жағдайлар «Ертең сайлауда кім жеңеді? Кім мұрагер болады?» деген сұрақтардан да маңызды мәселе. Ұлт ретінде сақталамыз ба, жоқ, жойылып кетеміз бе деген мәселе. Алдағы елу, жүз жылда қандай ел боламыз деген мәселе. Сондықтан, қажет болса қатып қалған барлық нормаларды, тіпті Конституциялық қағидаларды ғылыми-философиялық тұрғыдан қайта қарап шығу керек шығар.

Жаңа министрлік мән беруі тиіс үшінші мәселе – жастар мәселесі. Толеранттық, тағы басқа деген ұғымдармен қоғамды алысқа апара алмаймыз. Қалай дегенде де біз қазақпыз, қазақ патриоттарымыз, ұлттық мүдделеріміз бар. Осының бәрін айқындайтын, ұлттық бағытта, тарихымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді насихаттап жүрген жастарды қолдайтын, олардың энергиясын дұрыс жолға бағыттайтын қадамдар керек.  

-Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Дархан Мұқантегі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар