Текеліде жастардың форумы өтті. Моно қаланың ең жас тұрғындары орталық алаңда бас қосып, отансүйгіш ұрпақ екендіктерін көрсетті. Патриоттық әндерді шырқап, жүзге жуық оқушы флешмоб биледі. Бұл шара тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Форумның басы бимен басталды. Флешмоб билеген жүзге жуық қыз-жігіт жиылғандарды бір желпіндіріп тастады. Жалпы, "Жастың қуаты - білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында". Мемлекет басшысының осы сөзін Текелі жастары бойтұмар еткен. Әр салада еңбек еткен, аса белсенділері ел алдында марапатталды. Қала әкімі мен облыстық жастар мәселелері басқармасының алғыс хаттары берілді. Қатарында қарттарға қамқоршы Еркежан Жаңажыл да бар.
Мұндай басқосудың үлкен тәрбиелік, танымдық астары бар. Отаншылдық туралы ой айтылып, туған жер, атамекен жайлы ән шырқалатын жиын жастарға оң әсерін тигізеді. Ертеңгі күннің жарқын болуы осы топтағы талайдың қарымына байланысты. Қуантарлығы жылт еткен таланты байқалса мемлекет өсуіне, жұмыссызына жұмыс беруге мүмкіндік беріп отыр.
Сол еңбекқор жастардың қатарына тағы 23 жас маманды қосыңыз. Олар жаңа оқу жылы басталысымен білім саласының қызметкері атанды. Кенді шаһардың тазалығын сақтауға үлес қосқан, жаз бойы босқа қарап жатпаған 70 ке жуық "жасыл ел" жасақшысының еңбегі де ел аузында. Текелілік 7 мың жастың арасынан спорт пен өнердің биігін бағындырғандар да жетерлік. Форумда олардың кімдер екені айтылды, жиылғандар шабыт алсын деген мақсат. Шара соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.