Ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкерлер, енді болашақтағы басты инвестициямыз - бала тәрбиесіне баса мән беруде, - дейді. Кеше Қаскелең қаласында «Mega vector» атты инклюзивті балабақша ашылды. Қарасай ауданының іскер әйелі Динара Байтілеуқызының өз қаржысымен іске қосылған мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 75 балаға арналған. Онда денсаулығында кемістігі бар балдырғандар тәрбиеленеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Мұндай инклюзивті балабақша Қарасай ауданында ғана емес, өңірде де алғаш ашылып отыр. Сондықтан әлеуметтік маңызы зор мектепке дейінгі мекеменің жұмыс бастауына қала әкімі және бір топ тұрғын қатысты. Салтанатты шарада көпшілік жай балабақша емес, денсаулығында кемістігі бар балдырғандарға арнап орталық ашып отырған құрылтайшыға алғыс айтып, ісіне сәттілік тіледі.
МАРЖАН МЫРЗАХМЕТҚЫЗЫ, ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Біздің Қаскелең қаласы бойынша 5 мемлекеттік, 10 жекеменшік балабақша бар. Бүгінгі «Mega vector» балабақшасы бұл ерекше балабақша болып отыр. Өйткені бұл инклюзивті балаларға арналған. Бұндай балабақша аудан көлемінде бірінші рет ашылып отыр. Сондықтан біздің ата-аналарымыз үшін де біз үшін де бұл қуантарлық жағдай.
1,5 - 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған балабақша таңғы сағат 7-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінген. Олармен арнайы мамандандырылған, диетолог, дефектолог, логопед, психолог, педагог сынды 15 маман жұмыс істейді.
АЖАР ШАЙКӨЗОВА, ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Немеремді алып келіп отырмын. Немерем 3 жаста. Бала біздің болашағымыз. Мені алаңдататыны -немеремнің сөйлеу дефектісі бар еді. Маған қатты ұнағаны балабақшада дефектологтар, психологтар жұмыс істейді екен. Және мамандарына қарап отырсам,бәрі мамандандырылған. Алдағы уақытта баламның денсаулығы, сөйлеу мәнері, мәдениеті түзеледі деп ойлаймын.Көп үміт артамын, және сенімдімін.
Мұндай ерекше балабақшада әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Педагогтар баланың жүріс-тұрысы, сөйлеуі, ойлауына дейін дамуын қадағалайды. Ойынына мән береді.
Қаскелеңдіктердің қуанышына ашылған бұл мекемеде бүлдіршіндерге 5 уақыт тамақ беріледі. Қазан айынан балаларды үйлерінен әкеліп-апару жүйесін қолға аламыз дейді, - балабақша құрылтайшысы. Мамандығы педагог кәсіпкер, дәл осындай балабақша ашу үшін 7 жыл зерттепті. Тәуекелге бел буып, өз қаражатын салған ол, енді "Балапан" бағдарламасына өтуге құжаттарын жинастыруда.
ДИНАРА БАЛБЕКОВА, «MEGA VECTOR» ИНКЛЮЗИВТІ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Бұл инклюзивті балабақшаны ашқандағы себебім -өскелең ұрпаққа дені сау, білімді де озат балаларды тәрбиелеу. Облыс бойынша бірінші балабақша. Қазір бізде 75 баламыздың 16 баласы сал ауруымен ауыратын балалар. Солармен жұмыс жасап жатырмыз.Алдағы уақытта Елбасының 2050 стратегиясын орындауға көшеміз.
Бастапқы қадамын қос қабатты шағын балабақшадан бастаған, кәсіпкер, келер жылға кешенді міндет қойып отыр. 250 орындық инклюзивті интернат-балабақша ашып, Қаскелең қаласының ғана емес, облыс балаларын жинасам дейді.