Жетісулық әйелдер бокс құрамасы Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі "Жетісу кубогы" жолындағы халықаралық жарысқа дайындалу үстінде. Жарыс жылдағы дағды бойынша қазан айында Талдықорған қаласында өткізілмек. Биылғы бәсекеге еліміздің әр аймақтарынан бөлек, көрші Қырғызстан мен Өзбекстаннан және Ресейден де боксшылар келіп бақ сынайтын болады, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Анар Қожа бокспен 2013 жылдан бастап айналысып келеді. Соңғы кездері жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Күнделікті жаттығу залынан шықпайды. Алдағы өтетін "Жетісу кубогы" жолындағы жарысқа қызу дайындық үстінде. Анардың осы күнге дейін республикалық деңгейде жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2014-2015 жылдары ел чемпионы атанды. Әрі осы маусымда халықаралық "Азия балалары" турнирінде тамаша өнер көрсетті.
АНАР ҚОЖА БОКСТАН СПОРТ ШЕБЕРІ
Халықаралық "Азия балалары" турнирі біз сияқты жас спортшылар үшін айтулы дода. Сондықтанда мен өзімнің бар күш-жігерімді салдым. Алғашқы жекпе жегімде өзіме сенімді болғандықтан, қарсыласымды оңай әрі еш қиындықсыз жеңдім. Ал екінші кездесуде ресейлік боксшымен жұдырықтасқанда біраз қобалжыдым, бірақ қанша дегенменде ұпай жағынан одан басым түстім. Негізінен бокста спортшыда мінез қалыптасады. Жаттығулар спортшы бойындағы күйзелісті жояды.
Бокс - тек эмоционалдық беріктікті ғана емес, үлкен әрі қажырлы еңбекті де талап етеді. Мәселен, қыздардың әр жаттығуы бір жарым сағатқа созылады - дене жаттығулары, соққыға төтеп беру, спарринг секілді кезеңдерден тұрады. Бапкерлер спортшылардың физикалық және психологиялық жағдайларын да мұқият бақылауда. Себебі алда "Жетісу кубогы" турнирі өткізілмек. Онда жеңімпаз атану үшін біздің қыздар елімізден бөлек, мықты деген өзбек, қырғыз, ресейлік спортшылардан да басым түсуі тиіс.
СЕРІКБАЙ ТҰРЛЫБЕКОВ БАПКЕР
Мен бұрын ұл балалармен жұмыс жасағанмын, ал қыз балалармен жұмыс жасау үшін мен өз әдістерімді өзгерттім. Бұл үлкен жұмыс, мұндағы әр қыз баланың өз мінезі бар, олардың әрқайсысына жол таба білу қажет.
Бапкерлер еліміздің жүлдегерлері мен жеңімпаздары Фариза Даген мен Аида Қожанға үлкен үміт артып отыр. Өз шәкірттерінің алдағы турнирге дайындығын шыңдау үшін қыздарды Алматы қаласында және Талғар ауданында өтетін оқу-жаттығу жиындарына да қатыстырмақшы.