Ел дамуында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының алар орны зор. Өңірлерде халықтың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, әлеуметтік кепілдемелерді жүзеге асыру жүйесін жетілдіру сынды сан салалы міндеттер тұр. Елбасы қойған сол тапсырмалардың үдесінен шығып жүрген өңірлердің ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы да бар.
Қазіргі таңда облыста алдағы бес жылға арналған даму бағдарламасы бекітілген. Ауыз толтырып айтарлығы – облыс орталығы мен аудандарда 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеуде (Шымкент, Кентау, Түркістан, Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Казығұрт). Одан бөлек 4 индустриалдық аймақтың инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде. Осы индустриалдық аймақтарда барлығы 52 жоба іске асырылып, 4 025 жұмыс орны құрылды. «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд. теңгеге 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан 2 жоба («Шымкентмай» АҚ, 26 жаңа жұмыс орны және «Lotus Food Company LLC» ЖШС, 48 жаңа жұмыс орны) іске қосылып, 74 жұмыс орны ашылды.
Бағдарлама аясында бюджетке түскен салықтардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 804 млн. теңгеге артып, 5,4 млрд. теңгені құрады. 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 384 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 5,3% артты. Осы ретте өсім бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының республикада алдыңғы орында екенін айта кеткен жөн.
Ауыл - береке
Облыста ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылуда. Бұл саланы қолдауға жалпы 29 млрд. теңге бағытталып отыр. Егіс көлемін ұлғайту, иесіз жерлерді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суғаруәдісін кеңінен енгізу, жылыжай және қарқынды бау құрылыстары,мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд.теңгені құрап, 2% артты.

Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құрады.
Суармалы 466 мың гектар жердің 93% игерілуде (434 мың га).
Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналды.
Алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді құрап (2015 ж. – 17,8 ц/га), рекордтық өнім алынды.
Тамшылатып суғару әдісі қосымша 6000 жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті (Республикадағы үлесі 73%).
Жылыжайлар қосымша 72 гектарға салынып, жалпы 1 098 гектарға жетті (Республикадағы үлесі 87%). Осы жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды.
Терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгізілді.
Жыл басынан фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгі пайызбен 486 жобаны қаржыландырылуға 1,2 млрд. теңге көлемінде несие берілді.
«Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларымен 35 мыңнан аса мал басы сатып алынды.
4000 астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 47 кооперативтер құрылып, 9 МТС ашылды.
Облыс басшылығының алдында тұрған негізгі басымды бағыттардың бірі инвестиция тарту болып табылады. Осы мақсатта «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы өткізілді. Еуропа және Азия елдеріне ресми іс-сапарлар ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан астам 24 жоба іске асырылуда.

Шағын және орта бизнес
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 6 айда 54 млрд. теңгеге 117 жоба мақұлданып, 983 жұмыс орны ашылды. Жалпы бағдарлама қатысушылардан бюджетке 6,7 млрд. теңге салықтар түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 409 млн. теңгеге артты.
«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен» 19 905 кәсіпкерге көмек көрсетілді.
Әлеуметтік сала да басты назарда
Ағымдағы жылы 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге Түлкібас ауданындағы ауылдық емхана іске қосылды.
Облысымызда әлемдік медицинадағы озық технологиялар пайдаланылуда. Балалар қан тамыр хирургиясын дамыту қолға алынды. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп отыр.

Есепті кезеңден әрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 13%-ға, қанайналымы аурулары – 15%-ға, туберкулез – 24%-ға, онкопатология – 2%-ға төмендеді.
Білім беру саласында ағымдағы жылы 37 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, жалпы саны 1 561 бірлікке, балаларды қамту көрсеткіші 80,5%-дан 82,3% жетті.
Бүгінгі таңда 42 мектеп, 6 балабақша іске қосылып, нәтижесінде 11 апатты жағдайдағы мен 9 үш ауысымдық мектептердің құрылысы аяқталды.
77 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ұлттық біріңғай тестілеу қорытындысы бойынша облыстың орташа балы 77,7 құрады. Республикадағы ең жоғарғы 125 балды жинаған 19 бітірушінің 5 біздің облыстың түлегі.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жартыжылдықта 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, бұл республикалық көрсеткіштің 16% құрады.
Есепті кезеңге аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 27%-ға төмендеді. Жұмыссыздық деңгейі 5,2%, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6% құрады.
Ағымдағы жылы 5 мәдениет үйі, 1 музей пайдалануға берілді.
Жыл басынан облыс спортшылары чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 403 алтын, 392 күміс, 384 қола медальға қол жеткізді.
Өзеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медальды облысымыздың спортшылары салды. Есепті кезеңде 1 спорт кешені іске қосылған.
Басты міндет – халық қажеттілігін қанағаттандыру
Халықты қажетті инфрақұрлыммен қамтамасыз ету мақсатында, ағымдағы жылы 27 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, 25-і пайдалануға берілетін болады (2 нысанның құрылысы 2017 жылға ауыспалы).
Оның ішінде, су құбыры мүлдем жоқ 7 елді мекенге (5,6 мың халық) жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, 14 елді мекендегі (59,5 мың халық) тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылады. Бүгінге 1 нысан іске қосылды.

Ағымдағы жылы құрылысы жүргізіліп жатқан 33 газ нысандарының 12-сі пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысымен 25 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде, табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны жалпы 293 жететін болады (1,7 млн.адам).
199 жол нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Қазіргі таңда, 45 нысан пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысымен 179 нысанды немесе 520 шақырым жолды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
«2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 790 мың шаршы метрлі 262 үйдің құрылысы жүргізілуде (11 135 пәтер). Ағымдағы жылы 252 мың шаршы метрлі 151 үй (3 197 пәтер) пайдалануға беріледі.
Облыста қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға үлкен мән беріліп отыр. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 186 бейне бақылау камералары, 89 қызметтік автокөліктер, 10 интеллектуалды жол қозғалысы жүйесі алынды.
Биыл қолданыстағы заң аясында облыстық және аудан, қалалардағы Жергілікті полиция басшылары тағайындалды.
Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, есепті кезеңде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 70%-дан 72,8%, ауыр қылмыстың ашылымы 67,8%-дан 71,8%-ға жоғарылады.
Ашықтық әкімдіктен басталады
Облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, әкімшілік кедергілерді жою бойынша «Ашық әкімдік» қызметі ашылды.
Сонымен қатар, ашық ақпараттар толығымен «Ашық деректер», барлық қаулы жобалары «Ашық Нормативті Құқықтық Актілер», ал шоғырландырылған бюджеттік есептер мен бюджет жобалары «Ашық бюджет» порталдарында жариялануда.

Өздеріңізге белгілі мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету мақсатында, республикада алғашқы болып облыс әкімі аппаратында бірыңғай конкурстық комиссиясы құрылып, осы конкурстар арқылы 73 адам мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қабылданды.
Білікті жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында облысымыздың жоғары оқу орындары үздік бітірген түлектер арасында іріктеу жүргізіліп, 50 жас маманнан тұратын «Кадрлардың алтын резерві» жасақталды.
Жалпы жоғарыда атқарылған жұмыстардың барлығы халықтың тұрмыс деңгейін арттыру үшін жасалып отыр.
Естеріңізде болса, жақында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Аталған тапсырмаларда облыс басшыларының мән беруі тиіс негізгі стратегиялық бағыттары айқындалған. Оны іске асыру бойынша да қыруар міндеттер бар.