Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кезекті көшпелі отырысы Мәжілістің Вице-спикері Дариға Назарбаеваның қатысуымен комитет төрайымы Гүлнар Иксанованың жетекшілігінде Оқушылар сарайында өтті, деп хабарлайды ҚР Парламентінің ресми сайты
Отырыс алдында Оқушылар сарайының директоры Ұмсын Арқабаева ғимаратқа экскурсия жүргізіп, халық қалауларын Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2011 жылдың желтоқсан айында салынған Оқушылар сарайымен таныстырды. депутаттар 500 орындық «Жастар» театрын, көркемсурет галереясын, Мұз айдынын, бассейнді және спорт залын тамашалады.
Көшпелі отырыста депутаттар «Қосымша білім беру жүйесінің жағдайы және оның балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытудағы, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудегі және олардың бос уақытын ұйымдастырудағы рөлі» деген тақырыпты талдады.
Негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева жасады.
Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының білім беру ісін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында балалардың қосымша білім беру ұйымдарының балалар мен жастардың жеке басының, әлеуметтік және кәсіби өзінің орнын белгілеудің, олардың бейімділігін, зеректігін және мүдделерін дамытудың ең басты факторларының бірі ретіндегі маңызды рөлі атап көрсетілген.
Бүгінде қосымша білім беру – бұл артықшылықтары көп білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі: зор талап етілуі, баланың өзіндік қасиетіне қарай бағдарлануы, жеке басының қасиетін, мүдделерін және қабілеттерін дамыту.
Егер жалпы білім беру ісінде интеллектінің бір түрі – білім жөнінде айтылса, қосымша білім беруде бала интеллектінің түрлі қырларын бағалауға бірегей мүмкіндігіміз бар, яғни бұл дарындық және жан-жақтылық. Өсіп-жетіліп келе жатқан баланың дамуындағы пайдалы іс-әрекет коэффициенті қосымша білім беру мекемесінде анағұрлым жоғары болатыны атап өтілді.
Сөз сөйлеушілер Қосымша білім беру жүйесінің жағдайы және оның балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытудағы, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудегі және олардың бос уақытын ұйымдастырудағы рөлін атап өтті.
Көшпелі кеңес қорытындылары бойынша қосымша білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Отырыс жұмысына Парламент Мәжілісінің осы Комитетінің депутаттары, Білім және ғылым, бюджетті жоспарлау, Мәдениет министрліктері мен Денешынықтыру және спорт агенттігінің өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдарының жауапты қызметкерлері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.