Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында үш жаңа жоба бастау алды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсі.
Мұражай ұжымы өткен ғасырлардағы қазақтың тарихын көрме арқылы көпшілікке көрсетуді ұйғарыпты. Осыған орай мәдени ошақта салтанатты шара өтті.
Көрмелік жоба үш тақырыпты қамтиды. Алғашқысы – Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен еңбек жолына арналған. Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай мұражайдағылар қазақ арысының бейнесін сомдады.
«Мұндай ауқымды шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жас ұрпақ алаш арыстарының тәуелсіз ел болу жолындағы сіңірген еңбектерін біліп өсуі тиіс»,– дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Кенжебай Мұқышев.
Екінші жобада– ұлттық киімдеріміз әспеттелсе, бұдан соң жиылған көп төл теңгеміздің тарихымен танысты. Сондай-ақ, үшінші бөлімде ертедегі қазақы жәрмеңке көрініс тапқан. Мәселен, 1890-шы жылдың 14-ші қыркүйегінде қалада «Көкшетау жәрмеңкесі» ашылған-ды. Мұражай ұжымы бұл көріністі де соған негіздеген.
«Кезінде Ақмолада Қоянды жәрмеңкесі өткізілгендігін тарихтан білеміз. Алаңда мұндай шараның ұйымдастырылуы қала қазақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке өзіндік ерекшелігімінен айшықталды, көрмелерден көп нәрсені ойға түюге болады. Дәстүрлі әнші ретінде жәрмеңкеде Көкшенің сал-серілерінің әндерін тарту еттік»,–дейді дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов.
Облыстық мәдениет басқармасының мәліметі бойынша, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәдени шаралар 15 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында өрбімек. Тарихи-өлкетану мұражайы қолға алған бұл жоба үш айлық бағдарламаның бастауы болып табылады.