Батыс Қазақстан облысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қызу дайындалып жатыр. Мерекеге орай, облыста жаңадан бірнеше нысан пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
«Тәуелсідіктің 25 жылдығына орай, 20 қараша мен 15 желтоқсан аралығында «Жұлдызды 25 күн» өткізіледі. Одан бөлек, 60-тан астам ірі шара ұйымдастырылады. Атаулы мерекеге орай бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Орал қаласының тұрғындарына 90 мың шаршы метр, яғни, 1562 пәтер кілті тапсырылады. Оқушылар сарайы, көпсалалы ауруxана желтоқсан айының басында ашылады. Қазіргі таңда облыста 7150 жұмыс орны ашылды. Соның ішінде «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 2235 адам жұмыспен қамтылды. Үш ауысымды мектептер проблемасы жойылды. Облыс тұрғындарын су және газбен қамту оң шешілді. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының 89 пайызы сумен қамтылды», - дейді Арман Өтеғұлов.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласында Елбасының тапсырмасымен «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты өңірлер күні басталып кеткен болатын. Осы аптаның сенбі-жексенбі күндерінде Батыс Қазақстан және Атырау облысының күндері өтеді.
Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 12 аудан мен Орал қаласының кәсіпкерлері қатысады. Жәрмеңкеде 200 тоннадан астам көкөніс, ет, консерві, ұн және макарон өнімдері, бал, балық, квас, шырын, сусын және т.б. сатылады. Бейбітшілік және келісім сарайында Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану мұражайының «Ақжайық ару мекенім» тақырыптық көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. 18 қыркүйекте сағат 16.00-де Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің, «Назерке», «Ақжайық» би ансамбльдерінің және т.б. өнер иелерінің қатысуымен гала-концерті өтеді.