Алматы облысы Жамбыл ауданында қарақшылардың қолынан қаза тапқан үш азаматтың бірі Қадылбек Әлімханұлының жаназасында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қолға түскен қылмыскерлердің қатаң жазаланатынын айтты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Кеше облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы облыс активін жинап, болған оқиғаға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Сол тапсырмамен біз осында келіп, жаназаға қатысып жатырмыз. Екінші тапсырма – қолға түскен қылмыскерлердің заңға сай қатаң жазаға тартылуы. Ол қарақшылар, әрине, заң алдында сазайларын тартады. Біз оған кепілдік береміз», - деген облыс басшысының орынбасары халықты осы мәселе төңірегінде алып-қашпа әңгімелерге, іріткі салуға жол бермеуге шақырды.
Естеріңізге салсақ, өткен 18 қыркүйек күні Алматы облысы Жамбыл ауданында үш бірдей азамат қарақшылардың қолынан қаза тапқан болатын. Осы оқиғаға қатысты полиция екі күдіктіні қамауға алды.