Оқ-дәріні бақылауды күшейту керек

/uploads/thumbnail/20170709090520208_small.jpg

Мәжілісте қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ашық, жан-жақты талқылануда. Осы заң жобасының аясында Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы 4 кодекске және 10 заңға түзету енгізуді ұсынып отыр. Солардың бірі «Күзет қызметі туралы» заңға ұсынылған өзгерістер мен түзетулер. Заң жобасын дайындаушылар аумағында қару-жарақтар, оқ-дәрілер және жарылғыш заттары бар күзетілетін нысандардың дабылы ойнаған кезде бұл туралы күзет қызметі субъектілерін ішкі істер органдарына жедел хабарлауды міндеттеуді ұсынуда. Тиісті заңға осындай түзету енгізетін болсақ, көрсетілген нысандардағы қылмыстық озбырлық пен заң бұзушылықтардың алдын алуға жедел әрекет ете аламыз. Бұған қоса, бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамды жекеменшік күзет ұйымына күзетші етіп жұмысқа қабылдауға тыйым салатын жаңа норманы енгізу ұсынылды.

Айтарлығы, мұндай ұсыныстар жайдан жай енгізілген жоқ. Әлемнің әр қиырында болып жатқан қайғылы оқиғалардан лаңкестік және экстремистік қызметтің формалары мен тәсілдері тез өзгергенін көріп отырмыз. Қанқұйлы қылмыскерлер лаңкестік шабуылдардың жаңа тәсілдерін ойлап тауып, қолдануда. Солардың ішіндегі ең көп таралған түрі - халық көп шоғырланатын жерлерде жарылыс жасау. Лаңкестер ондайда мемлекеттік басқару мекемелері орналасқан нүктелерді, құқық қорғаушы және әскери күштердің патрульдік күзет бағыттарын таңдайды.

Мысалы, 2016 жылдың наурыз айында Түркияның Тунджели провинциясында аса ірі терактінің жолына тосқауыл қойылды. Түрік полицейлері жүргізген арнайы операция нәтижесінде 650 келі жарылғыш заттар тәркіленді, қылмыскерлер онымен автокөлік магистралінің бір бөлігін миналап қойған. Мәскеу полициясы да қолдан жасалған жарылғыш заттарды дайындайтын арнайы шеберхананың қызметін әшкереледі. Лаңкестер жарылыстың жаңа тактикасына көшіп, адамдар көбірек шоғырланған жерлерде әскери ату жарақтарын, атап айтқанда қол гранаталарын қолдануда. Мұндай терактілер Пәкістанда, Түркияда, Филиппин және Бурундиде болды.

Демек лаңкестік және экстремистік қауіптерден алдын-ала сақтануды ойласақ, әскери оқ-дәрілер мен өнеркәсіпте қолданылатын жарылғыш заттардың сақталуына, бекітілген талаптарға сәйкес қалдық ретінде кәдеге жаратылуына қырағы бақылау орнатуға тиіспіз. Өйткені жарылғыш заттардың лаңкестердің қолына түсу оқиғалары бізде де бар. Ағымдағы жылдың наурыз айында Алматы облысында 13 мыңға жуық әртүрлі калибрдегі патрондар, Шымкент қаласында 4 қол гранаталары, 16 тротилді жарылғыш заттар, 5 оқ ататын қару, 700 патрон тәркіленді. Мамыр айында Приозерскі қаласында (Қарағанды облысы) аса ірі көлемдегі жарылғыш қаупі бар заттар («ЭДП» маркалы электрдетонаторлары – 54 дана, «КД-8А» маркалы детонатарының қалпақшалары – 35 дана, мыс қалпақшалар – 5 дана, болаттан жасалған электрдетонаторлар – 5 дана, 400 гр. тротилді заттар) табылып, тәркіленді. Сол жолы электрдетонаторды жару нәтижесінде 2 оқушы зардап шеккені мәлім.

Террорлық актілерді арнайы жарылғыш құрылғымен жүзеге асырмақ болған қылмыскерлер де кездесіп отыр. 2016 жылдың маусым айында Балқаш қаласында (Қарағанды облысы) ресейлік әскери нысанға шабуыл жасамақ болған 10 радикал қолға түсті. Олар зымырандардың шабуылы жөніндегі ескерту жүйесінің радиолокациялық станциясын жарып жіберуді ойластырған. Қылмыскерлерді тінту кезінде екі «шахид белдігі», отыз патроны бар екі мылтық, сондай-ақ, жарылғыш затпен толтырылған металдан жасалған құты табылды. Айтарлығы, лаңкестер арнайы жарылғыш құрылғыны дайындауға иесіз қалған әскери нысандардан табылған снарядтардың қопарғыштарын пайдаланған.

Ағымдағы жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облысында қолға түскен радикал халықаралық лаңкестердің идеологиясымен уланып, «адасқандарға» қарсы террорлық актіні жүзеге асырмақ болған. Лаңкестің туыстары әлі пайдаланып үлгермеген қолдан жасалған екі жарылғыш құрылғыны (құрылғының корпусы, адамды зақымдаушы элементтер, қоспалар, ұнтақтар, сызбалар және т.б) өз еріктерімен құқық қорғау органдарына тапсырды. Осыған ұқсас оқиға биылғы тамыз айында Алматы облысында орын алды. Құзырлы құқық қорғау органдары үлкен қылмыстық топтың іс-қимылына тосқауыл жасады. Қылмыстық топ мүшелері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлапты. Сонымен қатар, террористер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің, мұсылман қауымдастығы өкілдерінің көзін жоюды да ойластырған. Олар қоғамда үлкен айқай-шу туғызу мақсатымен адамдар барынша көбірек шоғырланған жерлерде терактілер жасауды ұйғарады. Ұсталғандарды тінту кезінде арнайы жарылғыш құрылғыларға қажетті химиялық компоненттер, адамдарды зақымдайтын элементтер, радикалдық әдебиеттер тәркіленді.

Ағымдағы жылдың басынан бергі қайғылы оқиғаларды талдайтын болсақ, Азия мен Еуропаның жекелеген елдеріндегі лаңкестік белсенділіктің артқанын көреміз. Әсіресе, ірі терактілер болған Бельгия, Пәкістан, Түркия сияқты елдердегі ахуал шиеленісті күйінде қалып отыр. Әлемдік қауымдастықты қатты шошытқан қайғылы оқиғалар әуелі Бельгияда болды. Әлем халқы ел астанасы – Брюссельдің әуежайы мен метросындағы үш жойқын жарылысты әлі ұмытқан жоқ. Жарылғыш заттарды жанкешті-лаңкестер іске қосты. Брюссельдегі терактіден жалпы саны 31 адам опат болып, 260 адам жараланды. Тергеуден анықталғандай, лаңкестер тура католиктердің Пасха мейрамы күні елдегі атом электр станцияларының күлін көкке ұшыруды жоспарлаған.

Пәкістанның Лахор қаласындағы балалар саябағындағы жарылыстан 72 адам көз жұмды. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. Өзін-өзі жарып жіберген лаңкестің қаныпезер іс-қимылынан 250-ден астам адам жарақат алды. Айтарлығы, айлакер лаңкес өзі жарған бомбаға зақымдаушы элемент ретінде металдан жасалған кішкентай шарларды пайдаланған. Анкараның орталығында миналанған автокөлікті жарып жіберген қылмыскердің ісі осыған ұқсайды. Ол көп ойланбай-ақ адамдар шоғыры мен автобус аялдамалары тұрған Гувенпаркті таңдады. Жарылыстың нәтижесінде полицейді қоса алғанда 37 адам опат болды, 412 адам әртүрлі жарақат алды. Аса ірі көлемдегі террористік шабуылдар сириялық Жабыл және Тартус қалаларында тіркелді. Адамдар ең көп шоғырланған жерлердегі жеті жарылыс 120-дан астам адамның өмірін қиды.

Жоғарыдағы қайғылы деректерден лаңкестердің қолында оқ ататын қарулардың, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың көп болғанын көреміз. Соның нәтижесінде қаншама жазықсыз жандардың өмірі қиылды.  Мұндайдан алдын-ала сақтану үшін, аумағында қару-жарақтар, оқ-дәрілер және жарылғыш заттары бар күзетілетін нысандардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Атап айтқанда, лаңкестердің шабуылына төтеп бере алмайтын оқ-дәрілер, жарылғыш заттар сақталатын нысандардың қожайындарының және күзеттік құрылымдардың әкімшілік жауапкершілігін қатайтатын кез келді. Ол үшін сондай нысандардағы оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың сақталуына сенімді бақылауды қамтамасыз ететін заңдық негіз керек. Ондай негіз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасында бар.

Әмірлан Әлімжан

Қатысты Мақалалар