XXI ғасырдың сын-қатерлерінің бірі – терроризм.
Онымен ымырасыз күрес қажет. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, терроризм және экстремизмге қарсы жаңа заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жанат Жарасовпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Qamshy.kz aikyn.kz сайтына ссілтеме жасап.
– Биылғы жылдың 10 маусымында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Үкіметке экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылды күшейтуді, көші-қон және діни бірлестіктерді одан әрі реттеуді, қару-жарақты сақтау және сату тәртібін қатайтуды қарастыратын жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Бұл жоба қазір Мәжілістің қарауында. Жанат Абдоллаұлы, бұл заңға қандай міндеттер жүктелуде және нендей тұжырымдамалық өзгерістер қарастырылып отыр?
– Бүгінде бүкіл әлеммен бірге біздің Қазақстан жаңа өмір шынайылығына, өзгерістер белдеуіне қадам басты. Қазір қауіпсіздіктің әлемдік жүйесінің беріктігі сыналуда. Осыған орай қауіпсіздікті сақтау проблемасы өте өзекті болып отыр.
Қарқынды дамушы елдің гравитациясы болады, тиісінше, бай-бақуатты ел тек инвесторлар үшін ғана емес, сондай-ақ заңсыз миграция сыртында, лаңкестер үшін де тартымды бола түсетіні күмән тудырмайды. Демек, қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешу Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында қойған басты мақсат – дамыған ел жолындағы трансформацияның ортақ үдерісінен ажырағысыз мәселе екенін түсінуіміз қажет.
ХХІ ғасырда экстремизм және терроризм сын-қатеріне лайықты жауап беру – түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұруда маңызды фактор болатыны айдан анық. Қазіргі төрткүл дүниені түгел жайлаған жаһандану жағдайында бұл – мемлекеттердің экономикалық және өркениетті дамуындағы, олардың бақытты болашағын құрудағы тұғырлы мәселе.
Осы орайда ұлт Көшбасшысының бастамасымен қолға алынып жатқан жаңа қадамдар әр азаматтың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ортақ архитектурасына қолдау көрсетеді. Бұл шаралар қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақтың амандығына, құндылықтары мен өркениетін сақтауына жағдай жасауға бағытталған.
Ал жобаның өзіне келсек, расында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасына орай әзірленді. Оған Ақтөбе мен Алматыда орын алған террористік актілер негіз болды. Бұл қайғылы оқиғалар мемлекеттілік пен елдің болашағына зор қауіп төндіретін осынау зұлматты құбылысқа қарсы тұру үшін Қазақстанның ұлттық заңнамасы да жетілдіруді қажет ететінін көрсетіп берді.
Діни экстремизм мен терроризм қазіргі кезде бүкіл жер-жаһанды шарпуда. Өкінішке қарай, өркениетті әлеммен бірге біздің мемлекет те бұл қатерлі әлеуметтік зұлымдыққа кезігіп отыр. Өңірлік әлеуметтік-экономикалық проблемалар, азаматтардың елеулі бөлігінде, әсіресе жастар арасында терең, берік діни таным-түсініктердің ғана емес, сондай-ақ зайырлылық ұстын мен жеткілікті білімнің жоқтығы сөзсіз, зорлықшыл экстремизм идеологиясының таралуы үшін қолайлы, құнарлы орта құруда, сонымен бірге, бұл Қазақстан үшін де террористік қауіп-қатер дәрежесін арттырады.
Осы аяда жекелеген лаңкестік және діни экстремистік ұйымдар Орталық Азия өңірінде, соның ішінде біздің еліміз аумағында өз ықпалын бекіту бағытында мақсатты қадамдар жасауда.
Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашқандағы сөзінде Мемлекет басшысы ел қауіпсіздігінің заңнамалық негіздерін нығайта түсу қажеттілігіне екпін түсірді және аталған заң жобасын бірінші кезекте қабылдануға тиісті басымдықты заң ретінде атады.
– Заң жобасын талқылау үдерісі қалай жүруде? Жұмыс тобы мүшелерінің және заң жобасын әзірлеушілердің ұстаным бойынша өзара қайшы келіп отырған тұстары бар ма?
– Тек бұл ғана емес, кез келген заң жобасын жұмыс топтарында, комитет отырыстарында қарау кезінде әрине, сұрақтар тууы, тіпті кейбір нормалар бойынша қызу айтыстар біраз уақытқа созылуы мүмкін. Дегенмен, барлық қайшылықтар талқылау барысында тарап, шешімін тауып жатады. Аталған заң жобасының жайына тоқталсам, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа да мүдделі меморгандармен бірге, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы күшейту бағытында үлкен жұмыс жүргізілуде. Әйтсе де, жобада депутаттарда, жұмыс тобы мүшелерінде ғана емес, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерінде де алаңдаушылық туғызған тұстар бар.
Атап айтқанда, тұрғын үй қожайындарын өз меншігіндегі тұрғын үй және тұрғын үйлік емес баспанада азаматтарды, еліміздің ішкі мигранттарын тіркеуге міндеттеу ұсынылады.
Айтқандай, осы бейсенбі, 22 қыркүйек күні Парламент Мәжілісі заң жобасын талқылау аясында өткізген «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде де азаматтық қоғам өкілдері тіркеу-регистрация мәселесіне тереңірек үңіліп, мұқият пысықтау қажеттігіне тоқталды. Олардың пікірінше, бұл сипатында тіркеудің тиімділігі төмен, жүзеге асырудың нақты тетігі жоқ, заңбұзушылықтарға алып келу және коррупциялық тәуекелдерге соқтыру ықтималдығы бар.
Өз кезегінде Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі басшылықтарының өкілдері бұл өзгерістерге түсініктеме бере кетті. Олар тіркеу мәселелері ұлттық заңнамада сонау 1993 жылы айқындалғанына назар аудартты. Яғни, бұл норма қолданыста бар. Бірақ сонымен бірге тіркеу мерзімі қысқарғалы тұр. Бұған дейінгі талап бойынша өзге елді мекенде он күннен артық тұрған біздің азамат осы мерзім өткеннен кейін сол жерде тіркеуге тұруға тиіс және бұл рәсімге оған 3 ай мерзім беріледі. Егер үш ай ішінде тіркелмесе, ең алдымен, оған ескерту жасалады. Талапты сонда да орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, яғни айыппұл төлейді. Жаңа заң жобасында «он күн мерзім» қалады. Алайда одан кейін тіркеуге кесілетін уақытты бір айға дейін қысқарту ұсынылған.
Бұл ретте сол адам тұратын баспананың иесін де жауапкершілікке тарту көзделуде. Жазаланбау үшін үй иесі он күннен артық тұрған азаматты сонда тіркеуге тұрғызуға міндетті болады. Әрине, мұндай жаңа талап пен жауапкершілік қоғамда қызу пікірталас туғызды. Қазақ қонақжай халық, келімді-кетімді кісісі көп болады, олардың кейбірі ұзағырақ жатып алуы мүмкін. Ал Елбасы қоғамның пікіріне құлақ қоюды қадап тапсырғаны мәлім. Сондықтан осы мәселе бойынша бірнеше мәрте жүрген пікірталастардан кейін бұл норманы қайта қарап, егжей-тегжейлі пысықтайтын болып шештік.
Біз жұмыс тобында бұл мәселелерді талқыға салудамыз және оның түйінін тарқатудың басқа жолдарын іздеп табудамыз. Парламенттік емес партиялар мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің айтқанын ескеріп, сондай-ақ ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратурамен де бірлесіп, нақты тетіктері бар ілкімді нұсқаларды, көкейге қонымды нормаларды түзудеміз.
Әлі уақыт бар, талқылауға жаңа кірісудеміз. Бұл нормаларды, маңызды заңды асыға-аптыға қабылдау ойымызда жоқ. Себебі, жұмыс жасамайтын заң ешкімге қажет емес. Бізге, елімізге пысықталған, кемел, пәрменді, пайдалы заң керек. Оның барлық нормалары заман талабына жауап беретін, тиімді болуға және әрқайсысын іске асырудың нақты тетіктері бар болуға тиіс.
Сонда ғана бұл заң шын мәнінде әрі іс жүзінде ұлттық қауіпсіздіктің қорғанына тұрып, терроризм және экстремизмге тегеурінді тосқауыл қояды. Бізге керегі де осы!
– Заң жобасының тұсаукесерінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл жобаның идеологиялық жағы күшейте түсуді талап ететінін ескерткен болатын. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Тұсаукесерде депутаттардан, азаматтық қоғам қайраткерлері мен құқықтанушылар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылған. Соның ішінде заң жобасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу және олармен күресудің идеологиялық тұстарын күшейту туралы нормалар қажет екені аталды. Әрине, жұмыс тобының отырыстарында олардың барлығын қарайтын боламыз. Өйткені тек тыйым салушы немесе шектеу қоюшы шаралармен шектелсе, қылмысқа қарсы іс-қимылда ерекше нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігі анық. Оның үстіне келесі төтенше оқиғаның болуын күтіп отыру орынсыз, азаматтық қоғам өкілдерін кең тарта отырып, идеологиялық және ағартушылық жұмысты тұрақты жүргізу қажет. Бұл ретте профилактикалық жұмыс жүргізу үшін қажетті заңнамалық база қазірдің өзінде бар.
Мемлекет басшысының 2008 жылғы Жолдауында қылмысқа қарсы тұрудағы басымдықты мақсат жазалаушы шаралар емес, құқық бұзушылықтың алдын алу болуға тиістігін атап көрсетуі бекер емес. Сонда Президенттің тапсырмасымен «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңы әзірленіп, 2010 жылы қабылданған болатын. Менің ойымша, алдын алушы-профилактикалық мақсаттағы жұмыстар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыруға елеулі ықпал етеді.
Тағы бір айта кетер жайт, ұлттық қауіпсіздік саласында туындайтын кез келген мәселені тек сенімділік негізінде, әрі сындарлы диалог арқылы лайықты шешуге болады. Біз тек қоғам болып, бірлесе қимылдағанда ғана өз өмірімізді, өз өркениетімізді қауіпсіз және жақсырақ ете аламыз. Сондықтан, аталған заң жобасын талқылауға Парламентке кірмеген саяси партиялар мүшелерін, үкіметтік емес ұйымдар және дәстүрлі дін өкілдерін, көрнекті қоғам қайраткерлері мен құқықтанушыларды тартып отырмыз. Оларға заң жобасын жақсартатын, оның әсіресе, идеологиялық бөлігін күшейтетін нақты ұсыныстарын, конструктивті нормаларын ұсынуына мүмкіндік тудырудамыз. Себебі, алдын алу шараларында идеологиялық күшті құрамдас бөліксіз іс өнбейді. Идеологияға қару емес, тек қуатты идеология ғана тиімді қарсы тұра алады. Қазір біз жұмысқа тартқан сарапшылар тарапынан осы бағытта да келелі кеңес, салмақты ойлар көптеп айтылуда. Олардың барлығы тұжырымдалып, ескеріледі.
Қоғам өкілдерінің заң жобасын талқылауға белсене қатысуы олардың қауіпсіздік жолындағы ынтымақтастықтағы оң ұстанымын бейнелейді.
– Заң жобасы шынында, қоғамда қызу пікірталас тудыруда. Сондықтан оның басқа да елеулі тұстарына, жаңалықтарына кеңірек тоқтала кетсеңіз?
– Бұл құжат 5 кодекс пен 19 заңға өзгерістер енгізетін болады. Ол арқылы ұлттық заңнамаға енгізілетін түзетулер қару-жарақ айналымына, оны сақтау тәртібіне бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің айналымы саласында жұмыс істейтін, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыруға бағытталған.
Бұл заң жобасы арқылы Қылмыстық кодекске заң бұзған шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды Қазақстан Республикасының сыртына аластатудың мәжбүрлі тәртіппен орындалуын, сондай-ақ ол тұлғаға Қазақстанға қайта келуіне бес жыл мерзімге тыйым енгізуді қарастыратын норма ұсынылып отыр. Ол тұлға Қазақстан Үкіметі белгілеген тәртіппен еліміздің мемлекеттік шекарасынан шығарылады және кері кіру мүмкіндігі бес жылға жабылады. Бұл шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың елімізде болуын, олардың қылмыстық, әкімшіліктік және көші-қон заңнамасын сақтауын бақылауды қатайту үшін енгізіліп отыр.
Ұлттық қауіпсіздік органдары үшін қару-жарақтың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және есірткі бизнесі саласындағы қылмыстар бойынша балама тергеуді енгізу қарастырылуда. Өйткені есірткінің және қару-жарақтың заңсыз айналымы, ұлықсат етілмеген көші-қон арналары, халықаралық терроризм және экстремизмнің қаржыландыру көздері, сондай-ақ оларға қажетті күштер мен құралдар болып табылады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде азаматтық, қызметтік қару-жарақтарды, олардың оқтарын сатып алу, сақтау, пайдалану немесе тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту ұсынылуда. Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша соңғы үш жыл ішінде осы ережелерді бұзғандары үшін
45 800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал айыппұл көлемдерін көтеру азаматтық және қызметтік қару иелерінің және оны пайдаланушылардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға тиіс.
Бұға қоса, қару иелеріне ықпал етудің жаңа шарасы енгізілгелі отыр: ол бойынша аталған тұлғалар қаруды қауіпсіз пайдалану ережелері бойынша білімін қайтара тексеруге бағытталуы мүмкін. Әйтпесе, қазір білімін тексеруден тек қаруды бастапқы сатып алу кезінде ғана өтеді.
Қару дүкендерінің орналасу орындарына қатысты талаптар күшейтілуде. Сондай-ақ бұдан былай қару-жарақты атуға дайын күйде сатуға тыйым салынады. Өйткені бұл жағдай лаңкестердің теракті жасау ісін жеңілдетіп беретіні айқындалып отыр. Бұл өзгерістер Ақтөбедегі қанды оқиға бұдан былай ешқашан қайталанбауы үшін жасалуда: сол қалада терроршылар еш қиналмастан әрі шұғыл түрде қаруларды оқтарымен бірге қолға түсіріп, ары қарай оларды бейбіт тұрғындарға және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді өлтіруге қолданған.
Осы жаңа заңмен қолданыстағы «Байланыс туралы» заңға түзету енгізіледі, оған сәйкес, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органға бөгелу, кешіктіру ауыр және аса ауыр қылмыстың жасалуына соқтыруы мүмкін жағдайларда желілер мен байланыс құралдарының жұмысын тоқтатуға және ол туралы тәулік үдерінде Бас прокуратураны кейін құлағдар етуге мүмкіндік беріледі.
Заң жобасында экстремизм мен терроризмге септесетін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салу көзделеді.
– Лаңкестікпен тиімді күресу үшін осы маңызды іске тартылған органдар арасында алауыздық емес, өзара түсіністік пен үйлесім болғаны жөн. Бұл бағытта қандай заңнамалық өзгерістер жасалуда?
– 2013 жылдың қаңтар айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енді. Ол лаңкестікке қарсы тұру бойынша қызметті ұйымдастыру және үйлестіру тетіктерін жетілдіріп, құқықтық регламенттеуге бағытталған. Міне, сол заңда осы іске тартылған әрбір мемлекеттік органның өкілеттігі мен құзыретінің ара-жігі нақты айқындалады.
Бұдан бұрынырақта терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша құзыреттер мүдделі меморгандардың барлығында бірдей анықтала қоймаған еді. Ұлттық заңнамада олардың өкілеттіктерінің қолмен қойғандай нақты бөлінбеуі осы үдерістің сапасына теріс әсерін тигізді.
Заң бойынша ведомствоаралық кеңесші-консультативтік орган – Терроризмге қарсы орталық позициясынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалпы үйлестіруді жүзеге асырады. Бұл орталық құрамына осы күреске жауапты барлық министрліктер мен ведомстволардың басшылары кіретінін айта кеткен жөн.
2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Терроризмге қарсы орталығының шешімдерін Астананың, облыстың, республикалық маңыздағы Алматы қаласының немесе ауданның шегінде жүзеге асыратын Терроризмге қарсы комиссиялар туралы типтік ереже бекітілді. Бұл комиссиялардың басты міндеттері – лаңкестіктің алдын алу бойынша шараларды жоспарлау және өткізу, терроризм көріністерінің салдарларын азайту және жою болып табылады. Біз профилактика бағытындағы жұмыстар өңірлер деңгейінде жүргізілуге тиіс деген сенімдеміз.
Осыған орай терроризмге қарсы комиссиялар жергілікті жерлерде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында алдын алушы профилактикалық жұмыстарды күшейтулері қажет деп есептейміз. Елдің және әрбір азаматтың қауіпсіздігі осы іске тартылған барлық құрылымдардан тиімді шаралар қабылдауды және сол жолда үйлесімді жұмыс жасауды талап етеді.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бері біздің еліміз дара жолынан бұра тартусыз, зардабы ауыр өрескел қимылдарсыз, дабыр-дүрбелеңсіз әрі әлеуметтік сілкіністерсіз дамып келеді. Біздің қарауымыздағы жаңа заң да елімізді одан әрі нығайтып, ұлы жетістіктерімізді еселей беруге үлес қоспақ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айхан ШӘРІП