Мақтаарал аудан әкiмдiгi мен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бiрлесiп «Мақта шаруашылығын дамыту және жиын-терiмге дайындық мәселелерi» деген тақырыпта семинар-кеңес өткiздi. Семинар-кеңесте мақта терiмiне дайындық барысы да кеңiнен әңгiме болды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы А.Маханбетов биыл мақташылардың үлкен қажыр-қайратпен өнiм өсiрiп отырғанын айтты.
– Көктем қолайсыз болды. Екi рет нөсерлетiп жауған жаңбырдан соң күн бiрден қатты ысып, жер құрғап, ылғал жоғалды. Көп жерлерде қоза шықпай қалды. Тұқымдық шит жетiспедi. Шиттiң бiр келiсi 150 теңгеден 800-1200 теңгеге дейiн өсiп, қымбаттап кеттi. Биыл мақтааралдықтар су тапшылығынан қатты зардап шектi. 28 тамызға дейiн «Достық» каналындағы су деңгейi секундына 30-32 текше метрден көтерiлмедi. Шiлде суын iшпеген мақта гүл, шанақ тастап, көп өнiмнен айырылдық. Дегенмен, әр гектардан орта есеппен 24,1 центнерден өнiм аламыз деген болжам жасап отырмыз. Мақта терiмiне дайындық дефолиацияны (гербицидтер көмегiмен жапырақтарды түсiру) сапалы жүргiзуден басталады. Қазiр аудан бойынша небәрi 1659 гектар жер дефолиациядан өттi. Есептегi 162 ОВХ агрегатының 136-сы ғана науқанға дайын. Мақта жинайтын 297 комбайнның 240-ы iске жарамды. Тасымалдау тракторлары мен тiркемелерi толыққанды дайын емес. Биыл 11 мақта зауыты, 141 мақта қабылдау бекетi өнiм қабылдайды. Өткен жылы мақтаның 54,9 пайызы комбайнмен жиналды. Биыл бұл көрсеткiш 65,7 пайызды құрайды. Қол терiмiнде жергiлiктi азаматтарды, әсiресе, жұмыссыздар есебiнде тұратын 972 адамды мақта жинауға қатыстыруды көздеп, 20 мың терiмшiден 440 бригада құруды жоспарлап отырмыз. Көршi мемлекеттен еңбек мигранттары келiп, мақтамызды терiп бередi деп масылдыққа, жалқаулыққа салынуды қояйық. Қазiрдiң өзiнде бiр келi мақтаны теру 12-14 теңгеден бағаланып отыр. Науқанға белсене қатысып, 1-1,5 айда қомақты табыс табуға болады, – дедi А.Маханбетов.
«Ақ алтын» АҚ президентi А.Утановтың айтуынша, өз ұжымындағы бiр мақта зауыты мен 19 мақта қабылдау пунктi өнiм қабылдауға сақадай-сай. Шаруалардың мақтасын жинап беру үшiн 42 америкалық «Джон Дир» комбайны науқанға әзiр. Зауыт тек өңдеушi мiндетiн атқарып отыр. Өндiрiске қажеттi қосалқы бөлшектер өте тапшы. Оны Қытайдан әкелуге мәжбүр. Газ, электр жарығы, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты өңдеу бағасы шарықтап кеттi. Сондықтан А.Утановтың ойынша, мақта зауыттарына өнiмдi өңдеу бойынша мемлекет тарапынан субсидия берiлуi тиiс.
Жиында көпшiлiктi мақтаның бағасы ерекше қызықтырды. Қазiргi орташа индекстер бойынша мақтаның бiр тоннасы 130 мың теңгеден түседi деген болжам бар. Әрине, баға мәселесi Ливерпуль биржасы, доллар бағамы, шиттiң құны мен бәсекелестiк ортаға байланысты екенi түсiнiктi. Қалай болғанда да шаруаның еңбегi ақталса екен.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.
«Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/