Мақта сапасын жақсарту маңызды

/uploads/thumbnail/20170709105809533_small.jpg

 

Жуықта Мақтаарал аудан әкiмдiгi мен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бiрлесiп «Мақта шаруашылығын дамыту және жиын-терiмге дайындық мәселелерi» деген тақырыпта семинар-кеңес өткiздi.  «Еврохим» минералды-химиялық компаниясы және «Еврохим-Қаратау» компанияларының өкiлдерi А.Прокопов пен Қ.Қанаев шаруаларды Жамбыл облысында өндiрiлетiн нитроаммофос минералды тыңайтқышымен қамтамасыз етуге дайын екендерiн жеткiздi. Алайда, мамандар бұл тыңайтқышты қайта өңдеп, таза фосфор ұнтағы күйiнде әкелуiн өтiндi. Өйткенi, фосфор тыңайтқышы шетелден тасымалданады. Соған қарай бағасы да қымбат. Ал, отандық тыңайтқыш сапасы мен бағасы жағынан шаруаларға тиiмдi болғалы тұр. Осы тұста Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ маманы А.Тағаев диқандарға фосфор мен аммиак селитрасын ғылыми негiзде үйлестiрiп берудiң тиiмдi екенiн тiлге тиек еттi.

Ал, аталған институттың бас директоры И.Үмбетаев жер құнарлылығын арттырмайынша, жоғары өнiм алу мүмкiн еместiгiн атап өттi. Сол үшiн инновациялық технологияларды батыл ендiруге шақырды.

– Ең алдымен шаруаларды қолжетiмдi бағада жаңа техника, құрал-саймандармен, сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етуiмiз керек. Бiздiң институт өндiрген жаңа тұқым сорттары Қытай, Түркиядан әкелiнген шиттен артық болмаса кем емес. Тәжiрибелiк алаңға егiлген Қытай мақтасының көсегi бөдененiң жұмыртқасындай ұсақ, майда. Көсегiнiң салмағы 3,5-4 грамнан аспайды. Ал, бiздiң мақтаның көсектерi 5-6 грамнан түсуде. Сондықтан шетелдiң қымбат шитiнен гөрi өзiмiздiң жерсiнген тұқымды көптеп өндiрудiң жолын қарастырайық. Институт мамандары биыл «Мақтаарал – 4017», «Ералиевтi еске алу» деп аталатын жаңа тұқымдық шит шығарып, патент алды. Бұл сорттардың өнiмдiлiгi гектарына 40-45 центнерден түсуде. Мақтаға жемiс-жидек пен бақшаға жасаған жағдайды жасайтын болсақ, мақта олардан да көп табыс бередi, – дедi И.Үмбетаев.

Жиында Атакенттегi «Ораз» шаруа қожалығының төрағасы К.Бөриев те жарыссөзге шығып, мақта шаруашылығын жетiлдiру бойынша өз ойын ортаға салды.

– Бiрiншiден, мақтаның тұқымын жөндеп, сапасын жақсартпайынша, мол өнiм аламыз деу бекершiлiк, – дедi ол. – Ғылыми-зерттеу институты жап-жақсы мақта сорттарын шығарып жатыр. Бiрақ бұл өнiм мақта зауыттарының бунттарына ұқыптап, бөлек жиналмайды. Содан сапасы төмен шитпен араласып, былығып кетедi. Сондықтан сапалы, элиталық тұқымдық шит дайындаған кәсiпорындарға қосымша қаржы төлеп, оларды ынталандыру керек. Жерге тыңайтқыш ендiру үшiн тиiстi мамандар алдын ала топырақ құрамын тексерiп, қандай тыңайтқыш, қанша мөлшерде берiлу қажеттiгiн есептеп отырса, құба-құп болар едi. Әр гектар мақталыққа берiлетiн субсидияны 40-50 мың теңгеге дейiн өсiру керек. Себебi, мақтаны жыл он екi ай бойы күтiп-баптау, өсiру оңай емес. Шығыны шаш етектен.

Ал, биоәдiстi кеңiнен қолданып, өндiрiске ендiрудi ұдайы көтерiп келе жатқан еңбек ардагерi Е.Сабыров ауданда биоәдiстi субсидиялауға бөлiнген 150 миллион теңге қаржыны екiге бөлiп беру мәселесi тиянақты шешiмiн таппай отырғанына алаңдаушылық бiлдiрдi.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

«Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/

Қатысты Мақалалар