Мақтааралда биыл жиын-терiм науқаны жылдағыға қарағанда ертерек басталды. Күнгейлiктер 83 мың гектарға мақта егiп, одан 200 мың тонна өнiм жинауды мұрат тұтып отыр. Диқандар үшiн осынау мол байлықты күзгi жауын-шашынға ұрындырмай, дер кезiнде ысырапсыз жинап алу басты шаруа екенi белгiлi.
Аса жауапты науқан қарсаңында аудан әкiмдiгi мен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бiрлесiп «Мақта шаруашылығын дамыту және жиын-терiмге дайындық мәселелерi» деген тақырыпта семинар-кеңес өткiздi. Алқалы басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков, өндiрiстiк кооператив пен шаруа қожалықтарының төрағалары, байырғы агрономдар мен жергiлiктi ауыл әкiмдерi, жер саласының мамандары қатысты.
Семинарға қатысушылар алдымен жоғарыда аталған институттың тәжiрибелiк мақта алқабында болды. Мақта дақылының түрлi сорттарымен және өнiмдi қорландыру процесiмен танысты. Әр 8 жүйекке бөлек-бөлек егiлген мақта қозаларын әртүрлi мөлшерде кешендi тыңайтқыштармен үстеп қоректендiру мол өнiмге негiз қалайды. Мәселен, «Мақтаарал-4017» сортын алайық. Егу, шанақтау, гүлдеу кезiнде нитроаммофос пен аммиак селитрасы қолданылып, соның арқасында әр түп қозасы 25-30 көсекке дейiн салған. Сондай-ақ, «Дропп ультра», «Авгурон-экстра», «Реглон супер» секiлдi өсiмдiк химикаттары мақта жапырағын түсiруге тиiмдi әсер етедi. Тәжiрибелiк мақта алқабында диқандарға дефолианттарды ұтымды пайдалану жайлы кеңес берiлдi.
Мұнан соң семинар жұмысы қайта жалғасты. Кiрiспе сөзбен отырысты ашқан Мақтаарал ауданының әкiмi Ғ.Исмаилов жиналған барша жұртты мақта мәселесi төңiрегiнде тәжiрибе бөлiсiп, пiкiр алмасуға шақырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков Оңтүстiктiң нағыз брендiн дамыту мақсатында мақта кластерi құрылғанын атап өттi. Мәселен, Шымкент қаласының iргесiнен ашылған «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында және шаһардың өзiнде бүгiнде бiрнеше тоқыма кәсiпорны мен жiп иiру фабрикалары жұмыс iстейдi. Жаңадан мақта зауыттары бой көтердi. Шаруаларға ұзақ мерзiмге лизинг арқылы техника және пайызы төмен несиелер берiлуде.
– Жеңiлдетiлген несие мөлшерiн 18 миллион теңгеге жеткiзу, ал, мерзiмiн бес жылдан жетi жылға дейiн ұзарту көзделiп отыр. Гектарлы субсидияны қалпына келтiруге әрекеттер жасалуда. Ұлттық қордан қаржы бөлiнсе, биыл 15 қарашадан бастап аталған субсидия мақта, жүгерi, күрiш дақылдарына берiлуi тиiс. Келесi жылы бұл қаржыны мамырға дейiн үлестiрiп бiтсек деймiз. Шаруаның өндiрген мақтасының әр тоннасына да көбiрек қаржы берiлу керек. Ғылыми-зерттеу институтының тәжiрибелiк мақта алқап санын ауданда үшеуге арттырсақ және оны мүмкiндiгiнше жол бойына орналастырсақ деген ұсынысым бар. Сонда диқандар мақта өсiрудiң озық тәжiрибесiмен танысуға мүмкiндiк алар едi, – дедi С.Тұрбеков.
Сонымен бiрге, басқарма басшысы тұқымдық шит дайындайтын шаруа қожалықтары мақта зауыттарына бекiтiлсе және өзара бiрiгiп, кооператив құрса деген пiкiр бiлдiрдi.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.
«Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/