Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртiншi сессиясында депутаттардың алдында есеп бердi. Сессия жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi, облыс әкiмдiгiнiң мүшелерi, облыстық басқармалар басшылары, аудан, қала әкiмдерi мен барлық деңгейдегi мәслихаттардың хатшылары және БАҚ өкiлдерi қатысты. Жиынды сессия төрағасы Өмiрзақ Мелдеханов ашып, жүргiзiп отырды.
Сессияда облыс әкiмi шағын және орта бизнестiң дамуына қолайлы жағдай жасалып жатқаны туралы да айтты.
– Облыста бизнестi қолдау мен дамытудың бiрыңғай бағдарламасы – «Бизнестiң жол картасы – 2020» барынша нәтижелi жүзеге асып жатыр. Олай дейтiнiмiз, 2016 жылдың 6 айында аймақтық Үйлестiру кеңесiнде жалпы инвестициялық құны 54 миллиард теңгенi құрайтын 117 жоба қаралып, мақұлданды. Нәтижесiнде 983 жаңа жұмыс орны құрылды, – дедi өңiр басшысы.
Айта кетейiк, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының қатысушылары есептi кезеңде бюджетке 6 миллиард 700 миллион теңге салық төлеген. Сондай-ақ, өңiрдегi Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары аталған мерзiмде 19 905 бизнесменге қызмет көрсеткен.
Өңiр басшысы негiзгi басым бағыттардың бiрi инвестиция тарту екенiне де тоқталды. Осы мақсатта «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы өткiзiлiп, Еуропа және Азия елдерiне ресми iссапарлар ұйымдастырылуда. Бүгiнгi таңға шетелдiк инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан астам 24 жоба iске асырылуда.
Облыс әкiмi айтқандай, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Саланы қолдауға бюджеттен 29 миллиард теңге бөлiнген. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 47 кооператив пен 9 МТС құрылған.
– Егiстiк көлемi өткен жылғыдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарға жеттi. Суармалы 466 мың гектар жердiң 93 пайызы тиiмдi игерiлуде. Оның 49 700 гектарында тамшылатып суару әдiсi қолданылады. Бұл әдiс 6 мың гектарға жуық алқапқа биыл алғаш рет енгiзiлiп отыр. Республикада тамшылатып суарылатын егiстiктiң 73 пайызы бiздiң өңiрдiң еншiсiнде. Жыл басынан берi 72 гектарға жылыжай салынып, оның облыстағы жалпы көлемi 1 098 гектарға жеткен. Облыстың республикадағы үлесi – 87 пайыз. Осы жылыжайлардан биыл 80 мың тонна көкөнiс алынды, – дедi Б.Атамқұлов.
Өңiр басшысының айтуынша, терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгiзiлген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы дәндiк жүгерiден 108,4 мың тонна, көкөнiстен 811 мың тонна, бақшадан 1 миллион 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнiм жиналыпты. Алғаш рет бидайдың орташа өнiмдiлiгi 22 центнердi құрап, рекордтық өнiм алынған. Сонымен қатар «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының шеңберiнде 35 мыңнан аса асыл тұқымды мал сатып алынған.
Б.Атамқұлов жыл басынан фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгi пайызбен 486 жобаны қаржыландырылуға 1,2 млрд. теңге көлемiнде несие берiлгенiн де айтып жеткiздi. Ауыл шаруашылығы саласында өндiрiлген өнiм көлемi өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 2 пайызға артып, 123 миллиард теңгенi құрап отыр.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».