Қоршаған ортаға зиян келтірмей-ақ, химиялық қоспаларсыз дәнді дақылдардың өнімділігін 50 пайызға дейін арттыруға бағытталған жоба еліміздің 6 облысы мен Германия, Италия, Түркия, Ресей, Украина сияқты 8 мемлекетте сәтті сыналған. Енді ғалымның жаңалығына Үндістан және Вьетнам мемлекеттері қызығушылық білдірсе, мәскеулік ғалымдар Нобель сыйлығына ұсынып отыр. «Алайда Үкіметтен нақты қолдау болмай отырғаны қынжылтады», – дейді автор.
Әбдімәлік Әшіров, Техника ғылымдарының докторы: -Менің құрал-жабдығым 8 килограмдық кейс. Оның ішінде миникомпьютер, біз антеннаны шығарып, информация береміз тұқымдарға, төменгі жиілікті толқындарда, өңдеу 11-ақ минут.
Қазір Әбдімәлік Әшіровтың бұл жаңалығы туралы жарты әлем біледі десек, қателеспейміз. 1991 жылдан бері күн нұрының құбылыстарына іргелі зерттеулер жүргізіп, ғалым 2004-жылы Әділет министрлігінен патент алған. Бірнеше авторлық куәліктер де бар. Бұрында ауыл шаруашылығы саласында дақылдардың өнімділігін арттыру үшін көптеген тәсілдер болған. «Алайда менің әдісімнің басты ерекшелігі, экологияға зиян келмейді, өнім мутациялық өзгерістерге ұшырамайды», - дейді ол. Қазақстанда қазір 12 миллион гектар әр түрлі дақылдарға арналған алқап бар екен.
Әбдімәлік Әшіров, Техника ғылымдарының докторы: -Егер сол алқаптар менің тәсілімді қолданатын болса, біз 5-6 миллион тонна өсім беруіміз мүмкін астықтан. Ол не деген сөз? Ол 12 мемлекетті Өзбекстан сияқты, Африкадағы 10 шақты мемлекетті, біз тегіннен тегін, біз есептеп көрдік 1-1,5 млрд. адамға 1 жылға тамақ тауып беруімізге болады.
Елбасымыз биылғы Жолдауында агроиновация арқылы Қазақстан өңірлік ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылардың біріне айналуы тиіс деген болатын. Бүгінге дейін бидай, құмық, күріш, жүгері, картоп, мақта, қызылша, қияр сияқты 11 дақылдың өнімділігі сынақтан өтіпті.
Әбдімәлік Әшіров, Техника ғылымдарының докторы: -Енді ол әзір құпия. Осы патентті сатпайсыз ба, деген ұсыныстар болып жатыр. Бірақ мен қазақ елінің патриоты болғандықтан, мен іс тәжірибені Қазақстанның 6 облысында жүргіздім. Бірақ Үкімет тарапынан, министрлік тарапынан, ауылшаруашылығы, білім және ғылым министрлігі бар, солардан қолдау әлі көрген жоқпын. Сондықтан егер қолдау көрсетпесе, шет мемлекетке енгізіп, сатуыма тура келеді.
Мәскеулік ғалымдар мұндай дүниежұзілік дейгейдегі жаңалықты Нобель сыйлығына ұсыну керектігін айтыпты. Қазір ғалым құжаттар жинау үстінде. Айтпақшы, ғалым халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, әлемнің 4 дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің атасы екенін де айта кету керек. Әзірге әлемге әйгілі ғалым Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Институтында еңбек етіп жатыр. Оқу орны басшылары жақында заманауи құралдармен жабдықталған зертхана ашып беріпті. Ал облыстық әкімдік мақта дақылының өнімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарға 30 миллион теңге грант бөлуге шешім қабылдапты. Ал ғалым: «Арманым, бұл жаңалықтың қызығын күллі Қазақ халқы көрсе екен», - дейді.
Болат Көкенайұлы
"Хабар" арнасы