9 жасар қызын ұзақ уақыт бойы сабап келген 27 жастағы ана абақтыға қамалды (Видео)

/uploads/thumbnail/20170709120646416_small.jpg

Алматыда 27 жастағы әйел өзінің 9 жасар қызын ұзақ уақыт бойы сабап келген.

Бұл туралы Qamshy.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап  хабарлайды.  Өз баласын ұрып-соққан тас бауыр ана уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Ісі сотта қаралып, ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. 9 жасар бүлдіршіннің бет-әлпеті көгеріп жүретінін әуелі ұстаздары байқаған. Шешесінің оңдырмай ұратынын көршілері де растап отыр.

Жалғыз басты әйелге аналық борышын дұрыс атқармағаны үшін бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалған. Тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тартылыпты. Бірақ ол қызын ұрғанын тоқтатпаған. Сондықтан тиісті шешім қабылданып, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі: - Қылмыстық іс ҚК 140-бабының нормалары бойынша қозғалған болатын. Яғни осы азаматшаның жасаған іс-әрекеті қылмыс болып табылады. Тиісті сараптамаларды тағайындадық. Соның ішінде сот-медициналық сараптама да бар.

Қазір 4-сыныпта оқитын қыз Балаларға жедел жәрдем беру орталығында емделіп жатыр. Қуанарлығы, бүлдіршінді анасының туған-туыстары өз қамқорлығына алуға келісіп отыр. Марат Қаптағаев, Балаларға жедел жәрдем беру орталығы бас дәрігерінің орынбасары: - Құлағында, аяқтарында қан ұйыған жерлері бар. Көгерген жерлері бар. Басының миы шайқалған. Қазіргі бақылау барысында жалпы жағдайы жаман емес, дұрысталып келе жатыр.

Бала өз есінде. Баланы ұрып, тәрбиелеуге бола ма? Психологтар бұған үзілді-кесілді қарсы. Психология ғылымдарының докторы, профессор Раушан Кәрімова отбасылық агрессия баланың болашағына балта шабуы әбден мүмкін дейді. Раушан Кәрімова, Психология ғылымдарының докторы, профессор: - Жан жарақаты өте ауыр. Оны емдеу үшін ұзақ уақыт қажет. Отбасында зорлық-зомбылық көріп, психикасы бұзылған балаларды емдеудің бір жолы – оларға көбірек мейірім шуағын төгу. Ата-ана мен бала арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру керек. Өмірдің кейбір сәтсіздіктері үшін баладан өш алудың қажеті жоқ. Қалалық Ювенальді полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаеваның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 29 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған.

Тағы 115 ата-ана ұл-қыздарына дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жанна Тасирова, Қалалық білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы: - Арағын тастап, наркотикалық заттарды қолданбай, ұрып–соғуды доғарамын деп өз-өзін түзейтін болса, онда алты ай көлемінде қайтадан сотқа шағымданып өтініш беріп, ата-ана құқығын қайтадан қайта қайтаруын сұрайды. Бала – өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Ал баланың бақытты болуы анасының махаббаты мен әкесінің мейіріміне байланысты.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар