Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Ямайка азаматтары ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Жуырда солардан сұхбат алу сәті түсті.
Келинг Смолл (Keeling SmalL) - Дебора Ватсон-Смоллдың (Deborah Watsan-Small) күйеуі. Екі тараптың сұрақ-жауабын Англияда оқып келген Жамбыл Асанов ағылшын тілінен аударып отырды.
«Турист болып көп жерге бардық, алайда Қазақстаннан басқа жерде жұмыс істеген емеспіз", -дейді Дебора Ватсон-Смолл. "Күйеуім екеуміз мұғалімбіз. Өзімізді шетелде сынап көру үшін британиялық «ТІС» деген бағдарламаға құжаттарымызды жинап өткіздік. Содан олар педагогикалық жетістіктерімізді бағалап бізге Қазақстанды ұсынды. Осында келгенімізге үш жыл болды. Келингтің жасы қырық бесте, мен отыз бестемін. Бір ұл, бір қызымыз бар. Ұлым орыс сыныбында оқиды, қызым балабақшадағы қазақ тілді топқа барады».
- Өз елдеріңізге барған соң уақыт өте келе «Қазақстан» деген сөзді естігенде, ең бірінші ойларыңызға не түседі?
- Байқоңыр! Сіздерде Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Әлемде ең бірінші рет адам баласы осы қазақ даласынан ғарышқа ұшты. Соны неге өздеріңіз игермейсіздер? Әлемдік алпауыт мемлекеттер келіп сіздерден зымырандарын ұшырады. Жергілікті халық оны теледидардан ғана көріп отыр. Дүниежүзіндегі ең керемет нүкте –– ол Байқоңыр ғарыш айлағы. Мен соған қызығамын және сіздерге ғарышты игеруге тілектеспін.
- Теңіз қоршаған Ямайкада қар жауа ма?
- Қар? (Келингтің ішек-сілесі қатып күліп алды). Бізде жыл-он екі ай жаз болып тұрады. Күн ең қатты ысыған кезде +28-+30 градусқа көтеріледі, ал ең қатты салқындағанда +15-+17 градусқа дейін түседі. Ұмытпасам, 2013 жылы Таразда +45 градусқа дейін күн ысыды. Сол күндері шелектеп су ішсем де шөлімді баса алмай қиналдым. Сол жылы күзде өмірімде бірінші рет қалтырап тұрып жаурадым.
- Жиһанкез бір қазақтан «Ямайкаға бардым» дегенді естімеппін.
- Окей! Екі елдің билік арасындағы барыс-келіс, алыс-берісті мен өзім де көрмедім. Қазақстандық туристерді күндей шуақты Ямайкаға қызықтыру үшін екі тарапқа сауда-саттық, экономикалық, әлеуметтік байланыстар орнату керек сияқты. Сіз осы жақтан ол жаққа бір ұшаққа отырып жете алмайсыз. Отбасымды осында алып келген соң достарыма хабарласып қайда жүргенімді айттым. Олар «қандай ел, қайда орналасқан?» деп таңғалды. Ал Қазақстан әлемде аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрған ел болып шықты.
- Олимпиада да біз бокстан, ал Ямайка жүгіруден алдына жан салмайды. Жеңіл атлетика ол жақта қалай дамыған? Атақты жеңіл атлет Усэйн Болт жерлестеріңіз ғой?
- Жүгіру - ол біздің дәстүріміз. Қанымызда бар спорт түрі. Балабақшада кішкентай баланың қолына су құйылған қасық ұстатады да жүгіртеді. Суын төкпей мәреге жеткен бала жүлде алады. Бастауыш сынып оқушыларын жұптастарып, кокос қабығынан ширатылған жіппен екеуінің санын байлайды да қосақтатып жүгіртеді. Бірдей қозғалсаң ғана нәтижеге жетесің. Әйтпесе шалынып құлап қаласың. Қызық айтайын ба? Мынау Олимпиадада рекорд орнатып жүрген жеңіл атлеттердің көрсеткішін біздегі жоғары сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында күнде көрсетіп жүреді. Бұл – шындық. Желаяқ Усэйн Болт – еліміздің мақтанышы.
- Дебора, Қазақстан сізді несімен таңғалдырды?
- Өткен жылғы қыс мені таңғалдырды. Қар аз жауды. Күн қатты суымады.
- Жергілікті газет-журналдарды оқисыздар ма? Арналардан қандай бағдарламаны көресіздер?
- Қызым «Балапан» арнасын көреді. Ал Дебора екеуміз ақпаратты қайдан аламыз? Жергілікті жердің ақпаратын ағылшын тілінде насихаттап жүрген біреуді көрмедім. Ал орыс тілінде көп арна сөйлейді. Негізінде біз интернет арқылы Ямайканың газет, журналын оқимыз.
- Қазақтың бойындағы қандай ерекшелікті байқадыңыздар?
Дебора: - Сіздер бір нәрсені түсіндірсеңіздер, тыңдап отырған адам солай қабылдаса екен дейсіздер. Олай болмайды. Әркімнің тілі, діні, танымы, дәстүрі бөлек. Меніңше, біржақты болуға болмайды. Әр адамның өз қалауы, өз талғамы бар. Оған қайшы келу – әбестік. Ешкімнің мүмкіндігін шектеп қоюға болмайды.
Келинг: - Не айтсам да, бұл – менің жеке пікірім. Мен ешқандай дерекке сүйеніп отырған жоқпын. Көрген, естігенімді айтамын. Сіздердің бір артықшылықтарыңыз орыс тілін халықтың көбісі меңгерген. Орыс тілінде еркін сөйлеу – ол сіздердің артықшылықтарыңыз. Керісінше жағы – сіздер сол тілге қатты беріліп кетіпсіздер. Ал неге сіздер ағылшын тілін оқытуға қарсы боласыздар? Кейде қазақтардан «енді жетпегені ағылшын тілі еді» деген пікірді естіп қаламын.
Келинг: - Сіздерде жүріп жатқан түрлі реформалардың жемісін көру үшін әлі де уақыт керек. Менің бір байқағаным, Қазақстан – отбасылық құндылық пен ата-дәстүрге берік азиаттық үлгідегі халық. Сіздерде әулеттің үлкені не айтса, сол Конституциядан да жоғары тұрады екен.
- Біз Қазақстанды шетелге танытуға, туристерді шақыру үшін түрлі мегашараларды өткіземіз. Бірақ солардың ең төменгі нәтижесіне ғана қол жеткізудеміз. Неге бұлай?
Келинг: - Біріншіден, Қырғыз, Өзбекстан, Ресей сіздер үшін «шетелге» жатпайды. Сіздер үшін шетел – ол Америка, Еуропа. Солай ғой?! Бішкектегі базарға барсаңыз, орыс тілінде сауда жасайсыз. Мысалға мен отбасымды алып Таразға келгенімде қиналдым. Үлкен дүкен қожайыны ең болмаса ағылшын тілін білетін бір сатушыны жұмысқа алса қайтеді? Сіздерде ол жоқ. Туристерге қолайсыздық туғызсаңыз, олар келмесе шетелге қайтіп таныласыз? Мен бір мысал келтірейін. Шетелге гастрөлдік сапармен барғанда көрерменге декорация, костюм, әртістің сымбаттылығын ғана көрсету жеткіліксіз. Барған жердің тілінде өз мәдениеттеріңізді ұсынып көріңіздер. Қысқасы, туризм – бұл бизнес. Бизнесте менікі ғана дұрыс деп қырсығу тұйыққа тірейді. Сіздер «менікі дұрыс, менің айтқаным болу керек» дегеннен арылсаңыздар, алға серпілесіздер. Одан кейін Қазақстан Қытаймен шекараласады да, бірақ сіздер тек қана Ресеймен ғана шекаралас мемлекет секілді өмір сүргілеріңіз келеді екен. Мен осыны түсіне алмадым.
Материал "Ақ жол" газетінен алынды
Сұхбаттасқан: Қанат Тілепберген
Пікір қалдыру