"Оралман" деп басынғаны ма?

/uploads/thumbnail/20170708150730292_small.jpg

Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Парамановка ауылында кәсіпкерлер мен жергілікті шетелден көшіп келген қандастарымыз арасында кикілжің оқиға орын алды. Нақтырақ айтсақ, бұл даудың басталғанына бір айдан асты.

   Парамановка ауылының тұрғындары Ақсу ауданының әкімі Болат Бақауовқа шағымдануда. Мамыр айының аяғына таман белгісіз біреулер Парамановка ауылы тұрғындарының 55-ке жуық жылқысын тартып әкеткен. Ұрлап емес, қуып емес, қорасында тұрған жерінен тартып алған. Бұл ауылдың тұрғындарының көбі Моңғолиядан көшіп келген қандастар. Несиеге жылқы алып, соны кәсіп етіп отырғандар, бір-ақ күнде жеп отырған нандарынан, тауып отырған нәпәқаларынан айрылып қалды. Аталған ауылдың тұрғыны Нұрсәуле Ахайдың айтуынша, үш жарым миллион теңге кредит алған. Айына сол үшін 137 мың теңге банкке төлейді. Енді міне, мұң-зарын кімге айтарын білмей отыр. Моңғолиядан келгендер, оралмандар сүйенер жері, арқа сүйер тірегі жоқ деп басынғаны болар дейді көзі жасты, көңілі шерлі, айдың-күннің аманында меншіктерінен айрылып қалғандар. Құқық қорғау органдарына шағымданған жәбірленушілер олардан еш қайран болмады дейді. Тіпті, жылқыны тартып әкеткендер қораның есігін ашпаса Астанадан арнайы жасақ алдырып, қырып тастаймыз деп қорқытқан. Ауыл адамдары жылқыларын қалай тиеп жатқан сәттерін бәрін видеоға, фотоға түсіріп алған. Қолдарында дәлелдері бола тұра ақ-адал малымызды қайтара алмай отырмыз дейді. Ауыл тұрғындары жылқыларын «Бақыт» шаруа қожалығына баққызады екен. Ал шаруа қожалығының басшысы соның алдында ғана көрші шаруа қожалықтан 14 бас жылқы сатып алған. Артынан жылқыны сатушылар малымызды ұрлап алдың деп, қожалықтан бөлек ауыл тұрғындарының да жылқыларын алып кеткен. Ал, Ақсу қаласының әкімі болса жағдай өзінің тікелей бақылауында екенін, 1 аптаның ішінде малдарын қайтарып беретінін жеткізген болатын. «Нұр Отан» партиясы да малдарын қайтарып береміз деген уәде беріпті. Бірақ, ол уәделер уәде күйінде қалған.

   P.S. Жылқыларын қайтарып алуға Нұркеновтың шаруа қожалығына барған жапа шегушілерді шаруа қожалығының қызметкерлері полициясымен қосып тас атып қуыпты. «Сендерге бір жылқы да бермейміз» деп айтыпты деген мәлімет алдық.

  Оңғар Қабден, Кереку

Мақала janaozen.net сайтынан алынды

сурет: www.com.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар