ҰБТ! Осы бір түсініктің тереңінде үзілмес үміт, орынды уайым, күйзеліс пен толғаныс жатыр. Өйткені, мектеп бітіруші түлектер үшін бұл сынақ болашақтарының "кілті мен қақпасы" секілді. Бағы жанғандары жоғары ұпай алып, қалаған оқу орнына түсуіне мүмкіндік туса, енді біреулері үшін сәтсіздікпен есте қалуы мүмкін. Ал, биылғы ҰБТ несңмен есте қалды?.. Тестілеу басталған төрт-ақ күннің ішінде біраз жайтқа қанық болдық...
Жыл сайынғы дәстүр бойынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл да у-шусыз өтпеді. Биылғы ҰБТ да өзіндік ерекшеліктерімен оқушының да, ата-ананың да есінде жақсы сақталып қалатын болды. "Ерекшелігі" дейтініміз сол, мектеп пәндеріне мүлде қатысы жоқ сұрақтар толып жүр. Мәселен, "Алматыда сыра зауыты қашан ашылды?" деген сұрақтың қойылуы мектеп түлегін мазақтағаны емес пе? Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген мектеп оқушысының сыра зауытында не шаруасы бар? Сұрақ құрастырушылардың логикасы қайда? "Айқын" газетінің жазуынша, бұл сұрақтың жауабын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі де білмей, тілшілердің алдында қара терге түсіпті. Министр «Апелляциялық комиссияға шағымдансын» деп міңгірлегеннен басқа түк те айта алмады. Сонда білім саласына Алматы сыра зауытының қандай қатысы бар? Әлде Сәрінжіпов мырза салқын сыраны сілтегенді ұната ма? Әлде бұл сыра зауытының жарнамасы ма?! деп, орынды байлам жасаған.
Тест сұрақтарының арасында "Махамбеттің руы не?" деген стилистикалық тұрғыда дұрыс құрастырыпмаған сұрақтар бар? Сонымен қатар, белгілі тұлғалардың туған жылдарын қатысты екіұшты жауабы бар сұрақтар бар. Осындай жолмен білім сапасын сынау кімге пайдалы?
Асылы, сұрақты құрастырған мамандардың өзінің сауаттылығына күмән келтіруге болады. Баршамызға белгілі, тест тұрақтарын жасайтын мамандар арнайы таңдап алынып, сүзгіден өткізіледі. Алайда, жоғарыдағыдай сұрақтарды көргенде қалай таңдалғанына таң қалмасқа амалың жоқ.
ҰБТ мектеп оқушыларын өтірік пен алаяқтыққа үйретіп келе жатыр. ЖОО-да ақшамен оқитын жастардың негізі осы мектеп қабырғасынан бастап бойлары үйрене бастайтын секілді. ҰБТ-ның сұрақтары сауда түсіп, 10 балл -100 мың теңге, 100 балл - 300 мың теңгеге бағаланыпты. Баллдың бағасы бар, ал білімнің бағасын кім береді? Министрліктің мәліметіне сүйенсек, тәркілеген ұялы телефон, сол шамалас шпаргалка, калькулятор, фотоаппарат, флешканың санында қисап жоқ. Бір күннің өзінде тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер аудиториядан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған. Ал, телефондарын белдігіне қыстырып, тексеруден өтіп кеткендері қаншама?
Бұдан түйгеніміз, мектеп оқушылары 11 жыл алған дүдамал білімімен қоса, өтірікті бойына сіңіріп өсуде деген ойға жетелейді.