Кеше ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек министрліктегі ең үздік үш қызметкермен кездесіп, емен-жарқын сөйлесіп, министрлік асханасында кешкі ас ішіп, тіпті жас мамандардың ұсыныстарын тыңдап, сәттілік тіледі, деп жазады BAQ.kz.
"Министрлікте "ҚР ИДМ миссиясы" деген байқаудың қорытындысы бойынша үш қызметкер жеңімпаз атанған екен. Министр әрқайсымен жеке танысып, жағдайын сұрап, естеліктерімен бөлісіп, тең дәрежеде диалог құрып, рәуішті бір кеш өтті. Ең біріншіден, бұл қалған қызметкерлер үшін үлкен мотивация деп білем. Баласы үздік шығып, Министрдің ерекше назарына бөленіп жатса, қуанбайтын ата-ана жоқ. Екіншіден, басшылық пен қызметкерлер арасындағы байланыстың нығаюы, еңбектің еленуі, назарда болу." - дейді министрлік қызметкерлері Жеңіс Қасымбектің бастамашылдығы жөнінде.
Ал министрмен бірге отырып кешкі ас ішіп, емен-жарқын әңгіме өрбіткен Ботагөз есімді қызметкер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл бастаманың ерекшелігі туралы тоқталған екен.
"Кеше біздің министрлікте «ҚР ИДМ Миссиясы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Министр Жеңіс Қасымбек бізді құттықтап, естелік кітаптар мен билет сатып алатын сыйлық сертификатын табыстады. Марапаттау рәсімінен кейін Жеңіс Махмұдұлы жеңімпаздарды министрлік асханасына кешкі асқа шақырды. Ол жерде министр әрбір жеңімпазбен жеке танысып, отбасылық, білім және тағы басқа да жеке өмірлерімізге қатысты жайттарды білді. Министр өзінің қызығушылығы мен балаларының немен айналысатыны туралы да қысқаша айтып берді. Студенттік шағындағы суреттерді көрсетті. Кешкі ас барысында Қазақстанның көрші елдермен ынтымақтастығы туралы, министрлікте өткен және алдағы жоспарланған іс-шаралар талқыланды. Министр бізден министрлік трансформациясы аясында өзінің ұсыныстары туралы сұрады. Оның ішінде министрлік жұмысын бұдан әрі қалай жақсарту, құжат айналымын қысқарту, шешімдер қабылдау және тапсырмаларды келісу үдерісін оңтайландыру, мемлекеттік қызметшілердің жеке мүмкіндіктерін дамыту сияқты мәселелер болды. Мен өзім спортпен шұғылданамын. Жұмыстың көптігінен арнайы спорт кешендеріне бара алмағандықтан, министрлік ғимаратынан жаттығу залын ашу туралы ұсыныс айттым. Спорт денсаулық кепілі екенін айтқан министр, ұсынысыма келісім беріп, ҚР ИДМ жауапты хатшысына жаттығу залын ашуға орын қарастыру туралы тапсырма берді. Жалпы емен-жарқын әңгімелескен салиқалы отырыс болды. Өзге әріптестерім министрдің жақсы көретін фильмдері мен қызығып оқитын кітаптары туралы сұрады. Сонымен қатар, министрден ақыл-кеңес те сұрап қалуға мүмкіндігіміз болды" - дейді қызметкерлер.
Айтпақшы, үш қызметкердің бірі министрлік ғимаратында жаттығу залын ашу туралы ұсыныс жасапты, бұйырса келер жылы ғимаратымызда спорт залы болуы мүмкін.
Айта кету керек, қызметкерлер арасындағы «ҚР ИДМ миссиясы» байқауы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатында министрліктегі трансформация үдерісі аясында өтті. Мұндай шара министрлікте алғаш рет өтіп отыр. Алдағы уақытта тоқсан сайын министрліктің үздік қызметкерлерімен дәл осылай министрдің кездесіп отыру дәстүрі жалғасатын болады.
Пікір қалдыру