Елордада өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумына қатысушылар өңірлік журналистер альянсын құру бастамасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форум барысында "Алматы" телеарнасының бас директоры Әлібек Әлденей өңірлік журналистер альянсын құруды ұсынған болатын. Бұл бастаманы «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Айгүл Қапарова да қолдады. «Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласынан келдім. Журналистердің альянсын немесе басқа қауымдастық құру бастамасын қолдаймын. Өте құнды ұсыныс. Өйткені, аудандар мен ауылдарда шығатын бұқаралық ақпарат құралдары өздерін далада қалғандай сезінетіндігі рас. Сондықтан қазіргі таңда олардың басын біріктіретін ұйым қажет деп олаймын»,- деді Қапарова.
Айта кетерлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та мұндай бастамаға толық қолдау көрсетті. «Иә, мұндай альянс керек деп ойлаймын. Өңірлік журналистер альянсын құру ұсынысын толықтай қолдауға болады»,- деді министр.
«Дәурен Әскербекұлы, өзіңіз атап өткендей, Қазақстанның медиа-нарығының 70 пайызын өңірлік БАҚ құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның медиа-нарығында Ұлттық телерадио хабарларын таратушылар қауымдастығы сынды көптеген қоғамдық БАҚ ұйымдары бар. Бірақ олардың бағыттары өте тар, бірде-бір өңірлік БАҚ-ты қамтымайды. Яғни, оларды қорғамайды, мүдделерін ілгерілетпейді. Осыған орай менде мынадай ұсыныс бар. Сіз өңірлік БАҚ-тың мүддесін қорғайтын жаңа альянс құру идеясына қалай қарайсыз?», - деп сұрады «Алматы» телеарнасының бас директоры Әлібек Әлденей Ақпарат және коммуникациялар министрінен. Өз кезегінде министр бұл бастамаға толықтай қолдау білдірді. «Иә, мұндай альянс керек деп ойлаймын. Өңірлік журналистер альянсын құру ұсынысын толықтай қолдауға болады. Бұған қоса, шынымен де мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленетін контенттермен алмасатын уақыт жетті. Біз бұл контенттерді өңірлерге беруге дайынбыз. Бұл әсіресе өңірлік телеарналар үшін барынша маңызды болар еді»,- деді Абаев.