1990 жылдары ел егемендігінің елең-алаңында атамекеніне шетелден топ жарып көшіп келген біршоғыр зиялы қауымның отанымыздың мәдениеті мен өнеріне, ғылымы мен біліміне қазақы бояу, әрлі рең әкеліп, алаштың бүлкілдеген тамырына буырқанған ыстық қан боп құйылғаны белгілі. Сондай дүбірлі топтың ішіндегі дүлдүлі де, бұлбұлы да небәрі 45 жасында өткен жылы дүниеден озған дауылпаз дарын, әнші, композитор, жазушы, актер, армия майоры Ермұрат Зейіпханұлы десек оқырман да, тыңдарман да бас изеп құптар деп ойлаймыз.
Бәлкім бұл Ермұрат Зейіпханұлының бір басына барша өнер тоғысқан кесек азаматтық келбетіне байланысты шығар, бәлкім оны баулыған театр қайраткері Кәукен Кенжетаев, профессор Есім Сегізбаев, жазушы Әкім Тарази секілді саңлақтардың таза бұлақтың көзін тап басып аша білу шеберлігіне байланысты болар, мүмкін атажұрттың топырағына сағынышпен себілген құнарлы дәннің қаулап, қауырт өсіп сымбат түзеуінен болған сәнді құбылыс шығар. Ермұрат Зейіпхан өнер өлкесіне ерте келіп, ерте кеткен, артына сұлу да мұнарлы із қалдырған қадірлі бейне болып жұрт көкейіне қалып қойды. Ол 1991 жылы Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер институтына музыкалық драма актері мамандығы бойынша қабылданып, үздік бітірді. Кәукен Кенжетаев, Шора Үмбетәлиева, Төртай Айтқожанов, Есмұхан Обаев, Гүлнар Бейсенғалиева секілді біртуар өнер тарландарының аялы алақанының ыстық табын сезді, саялы шуағына шомылды, балауса 21 жасында арғы бетте «Жайлауым» деген лирикалық әнімен композитор ретінде танылған ол күрделі де ақсүйек өнер операның табиғатына машықтанып Абай атындағы Опера және балет театрында классикалық күрделі рөлдерді сомдай білді. «Жайлауым» әнінен бастау алып бүгіндері қазақ патриотизмінің бас әуеніне айналған «Көк тудың желбірегені» әніне дейін 80-нен астам музыкалық туынды жазған Ермұрат Зейіпханның өнернамалық қолтаңбасы арнайы зерттеуді қажет етеді. Оның бүгіндері 60-тан астам әні нотаға түсірілсе, соның 50-ден астамы ел арасында орындалып жүргені белгілі. Ермұрат Зейіпхан әнінің негізгі тақырыбы отаншылдық, атажұртқа деген сағыныш, туған жерге деген құрмет пен мөлдір махаббат деуге болады. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары, концертмейстер Зуфар Арзиев бұл туралы: «Досым Ермұрат Зейіпханның 1995 жылы «Ғалымдар үйінде» өткен «Хан тәңірінің қасқалдағы» деген авторлық кешіне қатысқанымды бүгінге дейін мақтан етем. Осы кеш өнер әлеміне жаңа дарын келгенін зиялы қауымға дәлелдеп берді. Ермұрат Зейіпхан әндері халықтық лирикалық ән мен классикалық баллада, романс аралығынан туған ерекше музыкалық-философиялық түр деуге болады. Оның жан дүниесінің мөлдірлігі, салмақты сырбаз мінезі, баритон қоңыр дауысы азаматтық ажарына құп жарасып тұратын. Әріптесі Тілеубек Қожан екеуі егіз серілердей сахнаға шыққанда «Ағайынды Абдуллиндер» секілді өнер өлкесіне қуатты леп келгені байқалатын. Ермұрат Зейіпхан шығыс пен батыстың театр өнерін бойына дарытқан сирек кездесетін құбылыс еді», – деп еске алады.
Ермұрат Зейіпханды әдебиет әлеміне жетелеп әкеліп, батасын берген ұстазы, көрнекті жазушы Әкім Тарази: «Ермұрат Зейіпхан әдебиетке бірден повесть жазып келген қарымды қалам иесі еді. Оның «Көне қорым», «Шанхай көшесіндегі Данко», «Сыбызғы сарыны» секілді көптеген әңгімелері сол кездегі «Жұлдыз», «Ақ желкен» секілді журналдарда жарияланып, оқырманды елең еткізген еді. Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтында менің ұстаханамда оқып жүргенде оның бір топ өлеңі «Жас Алашта» жарияланды. Өлеңдеріндегі еркіндік, штампыға бағынбау, нәзік сезім, басқа біреуге еліктемеушілік, ұлттық бояу мені риза етті. Осы топтаманы біз бір дәрісте арнайы талқыладық. Оның шығармашылық және азаматтық негізгі мұраты, бас тақырыбы – отанды сүю. Сол себептен де әнін тыңдасаң да, өлеңін оқысаң да, әңгімелеріне назар аударсаң да оның тұлпар жүрегінің дүрсілі естіледі. Қаншама композиторларымыз азаттықты жырлады жиырма жыл ішінде, бірақ Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» шынайы халықтық туынды болды. Бұл – оның бір қыры ғана. Ол мөлдір хрустальдай жарқырап әрі сыңғырлап тұрған аса тұнық дарын иесі еді», – деп шәкіртіне деген ағалық лебізін білдіреді.
Ермұрат Зейіпханның шығармашылығы туралы оның көзі тірісінде-ақ Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Ж.Ахмади, Ж.Бөдешұлы, А.Әлім, Иран Ғайып секілді ақын-жазушылар оң пікір білдіріпті. «Хан Тәңірдің қасқалдағы» деген алғашқы кештігін өткізуге бас демеуші ардақты ағасы Ұлықбек Есдәулет болса, алғашқы жүлдесі «Үкілі домбыра» феситвалінің лауреатын алуға ақын Исраил Сапарбай қол ұшын беріпті, ағасы Мұхтар Мағауин «сері інім» деп еркелетсе, апайы Мағира Қожахметова «Ақжелкен» журналына жазғандарын сүйіншілеп жария етіпті. Ермұрат Зейіпханның жақсылардан көрген жақсылығын немесе оның басқаларға көрсеткен жақсылықтарын санамалап тауыса алмаспыз, сірә. «Жақсы ай мен күндей, баршаға бірдей» дейді мұндайда. Ол расында «Хантәңірінің қасқалдағы еді». Сол қасқалдақ сабағынан ерте үзілді. Қырау шалмай, күз келмей-ақ...
Ақеділ Тойшанұлы,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдыру