Ауыл шаруашылығы саласы экономикалық өсiмдi қамтамасыз ететiн негiзгi факторлардың бiрiне жатады. Келешекте жерасты қазба байлықтары таусылуы мүмкiн. Сол кезде мемлекеттiң негiзгi күнкөрiс көзi агросектор саласы болып қала бередi. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргiзiп отырған сарабдал саясатының арқасында индустриялық-инновациялық дамумен қатар ауыл шаруашылығы да өркендеп келедi. Президент Қазақстан халқына арнаған дәстүрлi Жолдауларында ауылдың жағдайын көтерiп, шаруаларға берiлер көмектi еселеу жөнiнде Үкiметке жыл сайын арнайы тапсырмалар жүктеп отырады.
Соңғы жылдары Қазақстан халқының өмiр сүру деңгейiн анықтайтын аса маңызды стратегиялық қызмет саласы ретiнде агроөнеркәсiп өндiрiсiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға елеулi назар аударылуда. Сондықтан елiмiздiң агроөнеркәсiптiк кешенiн дамыту аграрлық саясаттың аса маңызды бағыты болып отыр. Агроөнеркәсiптiк кешеннiң негiзгi мiндетi – халықты азық-түлiкпен, ал, өнеркәсiптi ауыл шаруашылығы шикiзатымен қамтамасыз ету. Десек те, ғылымсыз, жаңа технологиясыз бұл жоспардың нақты жүзеге асуы екiталай. Сол үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұловтың бастамасымен ауыл шаруашылығын реформалаудың 5 жобасы қабылданып, соның бiр бағыты барлық аудан, қалаларда фермерлерге қызмет көрсететiн ғылыми-консультациялық орталықтар ашу болып отыр
Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң ректоры Т.Есполов бастаған ауыл шаруашылығы саласының бiр топ ғалымы өңiрге арнайы iссапармен келген болатын. Егiстiк жердiң құнарлылығын арттыру бойынша әзiрлеген пилоттық жобаларымен таныстырған ғалымдар жоғарыда аталған мәселеге орай бiрлесiп жұмыс iстеуге дайын екендiктерiн жеткiзген едi
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті