Ертіс сыңғыры (әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170709171859356_small.JPG

 

Еркеш Құрманбекқызы(ҚХР Шинжияң провинциясы жазушылар одағының төрайымы)

 

 

   Әжей әрдайым кішкентәй соқыр немересін ошақ басындағы шымдауытқа отырғыза салып :

  – Құлыным, албаты қозғалма, сиырдың жапасына түсіп кетесің,-деп маңайынан ұсақ-түйек тас, мүйіз сияқты «ойыншықтарды» тауып әкеп жанына үйіп беріп, онан соң, қос етек ұзын көйлегін сүйрете жүріп бие сауатын.

   Анадайда күмістей жарқыраған Ертіс өзені ежелден бергі көне сарынына басып сыңғыр қағып жататын.  Әжейдің соқыр немересі зеріккендей болды, ол әлгіндегі «ойыншықтарды» бір жағына лақтыра сыліп, әжесінің бие сауған сыбдырына құлақ түре қалды. Жер ошақта маздап жанған самырсын бұтағының будақ-будақ көк түтіні оның қасынан толассыз өтіп жатты.

  Гүріп-гүріп сауылған сүттің дауысы құлағына жеткенде, ол күліп жіберді. монтиған қоңырқай жүзінен күлгенде шығатын бетінің шұңқыры көріне қалды. "Сүттің түсі ақ болады, ана сұты ақ болады, мал сүті де ақ болады" деуші еді әжесі.  Қазақ ақтан айрылмайды, өйткені, ол даланың жасыл түсі сяқты өмірдің символы. Соқыр сәбидің қиялында түс жөніндегі ұғым бөлмағанымен, бірәқ, ол өзінің алғыр сезімі арқылы сүттің қасиеті, бояуын сезе алатындай еді. Шынында, сүт ақ болады. «Жарылқаушым, Қазақты мәңгі бақи ақтан айыра көрмегейсің» деуші еді әжесі. Бие сауылып болды, әжей саумалды сабаға құйды да, немересін арқалап алып байырғы көне ырғағына салып әндеткен бойы бір басып, екі басып төбеге шықты. Олар дала гүлі жамырай ашылған бір шағын алаңқыда отыр. Әжей немересін тізесіне қойып алып, әлі де сол ырғағымен әндетіп отыр. Ол қазыр көз алдағы көріністі суреттеу үшін байырғы көне әуен бойынша жаңа сөздерді қолма-қол құрастырып айтып отыр.

Зымырап аққан көк Ертіс,

Сәменнің бурыл атындай.

Қалқиған көкте ақша бұлт,

Сәлиханың шытындай.

Жағадан ұшқан көбелек,

Аспанға қарап ұмтылған..........

   Немересі тыңдап отыр. тас мүсіндей мелшиіп қапты. Әжесі бірдемелерді суреттеп айтып жатқанда оның сөзін бөлмейтін. Ол бұған ертеден-ақ әдеттенген- ды. Бірақ әжесі қандай төндіріп суреттегенімен, соқыр сәбиге бәрібір күңгірт еді. Әжесінің суреттеуінен бірер саңлау, бірер жылт сезсе бұйырмасын. Ол көз алдағы дүниенің зайыры қандай екенінен мүлдем байхабар еді. Күннен-күнге ес кіріп, асау ой оның мазасын ала берді, кейде әжесінің сөзін бөліп, сұрау қоятын-ды. Міне қазыр ол қиялдап отырған орнынан басын жұлып алып , әжесінің көзіне қадалған әлпетте:

    – Бояудың неге дыбысы болмайды? _ , деп сұрады.

  Сол -ақ екен , әжесі тіл қатпастан отырды да қалды, немересінің соқырлығын тұңғыш көріп отырғандай ол оның көзіне тесірейді. Сәлден соң шүңірейген екі көзінен жас сорғалай бастаған әжей теріс қарады, маңдайының әжімі жиырылып бір уыс болды. Рас-ау қайтсын енді, немересі онан дүниеде қанша қой бар деп сұраса, ол оған бір уыс ұсақ тас әкеп алақанына салып беретін, немересі онан ер жігіт деген не десе , ол оған бүркіттің өткір тұмсығы мен тегеуірінін  сипататын........ ал, қазір........ әжей көз жасын ақырын шылауышының шетімен сүртіп жылағанын немересіне сездірмеуге тырысты.

     Әжейдің  немересі төтенше сақ еді, ол әжейдің күрсінуінен сөйлеген сөзінің емеуірінен, қыбыр -қимылынан, әуел десеңіз бие сауғандағы сүт даусынан да әжесінің көңліндегі нәзік өзгерістерді сезе қоятын.

  Жақыннан бері ол әжесінің өзіне жөнді жауап  бермей жүргенін сезді. Өйтетіні, оның қаладағы әке-шешесінен оны қаладағы соқырлар мектебіне оқуға берсек деген хат келген болатын да сонан бері әжесі көп ашуланатын және көп жылайтынды тапты. Бие сауған кезде тынышсыз түртіншек құлындарға көбірек кейійтін болды.

«әжем бұрын мұндай емес еді ғөй»деген алғау түсті бала көңліне.

  -Дүниенің үлкендігі қаншалық?-деп сұрады немересі әжесінен.

әжесі күліп қойды да оның бетінен сүйіп:

Ертіс өзені алып Алтайдың басынан басталады, ол аққалы неше жүз жыл, неше мың жыл болды, бірақ ол әлі барар жеріне жете алған  емес.....

   - Әке-шешем де Алтайда ма ?

- Жоқ, құлыным, олар Құбының ар жағында, өте шалғайда, арғымаққа мінген күннің өзінде тоғыз күн, тоғыз түн шауып зорға жетесің,- дейді әжесі ақырын ғана басын шайқап.

  Әжесінің жауабы сәбиді шексіз ойға шомдырды. Ол өзінің әжесімен бірге атасының арғымағына мініп, Ертісті бойлап таусылмайтын ұзаққа кетіп бара жатқанын  қиялдады. Ол өзінің тағы да осы сапарда көптеген ежелден естіп көрмеген тамаша дауыстарды еститін... Әжесінің тағы да оған көптеген тың да тамаша ертегілерді айтып беретінін ойлады. Ол сондай көңілденді. Дүниедегі ең ұлы адам оған - әже! Өз әке -шешесі енді оны қалада оқытуға шақырып отыр. Оқу деген  нәрсенің қандай болатынын білмеседе ол осы жаңа атауға ерекше қызығады, оған болған ынтасы шексіз артады. Бұл қиялдар бейне әлемнің арғы түкпірінен әлсіреп естілген жаңғырық сяқтанып ешнәрседен бейхабар сәбидің жүрегінен кетпеи-ақ қойды.

  -Әже, Құбының ар жағында да Ертіс барма?-деп сұрады ол бір күні әжесінен. Әжесі терең бір күрсініп алды да :

-Ақымақ балам-ау Ертіс деген дүниеде жалғыз ғана, оның бір басы Алтайдың төріндегі бір қазыққа байланған, сол үшін де ол Алтайды орай ағады. Құбы деген бір құм дала, Ертіс оған бармайды.

Сәбиіың көңлі босап сала берді.

  -Әже, онда екеуміз ендігәрі Ертістің сыңғырлап аққан дауысын ести алмай қаламызба?-деді ол кейіп.

Әжесінің қолы қалтырап кетті де немересін шымдаутқа қоя салап бие саууға кетті. Мейірбан әжесінің көңлінің бұзылғанын ол табанда сезді. Әжесінің бие сауғандағы сыбыдырының реті де мүлде бұзылған. Жәбір көргендей сезінген сәби жылап жібергісі келді. Бірақ ол шыдап, көзіне іркілген жасты әжесіне байқатпады.

Өкпелі сәби әжесінің ыстық құшағына қашан , қалай жабыса қалғанын өзі десезбей қалды.

  Салқын самал әжейдің бетіндегі көз жасты құрғатты. Ол немересін құшағында әлдилеп, тағы да байырғы көне сарында сыңсып отыр.

- Аспанның түсі қандай болады?-деп сұрады әжесі немересінен.

-Көкпеңбек.

-Күн қай жерден шығады?

- Ертістің басынан, онан соң Ертісті бойлап жүреді.

-Ертістің батыры қанша ?

-Көктоғайдың ағашынан да көп.

-Атаңның түрі қандай?

-Тікендей сақалы бар, бүркіттің тегеуіріндей күшті қолы бар.

"Немерем Ертістің мақтауына татитын ұлы болды деп әжей мәз-майрам болды.

Немересінің қуанышы оның өзінен туған ұлға дегем ренішін ұмыттырды. Бұл іс кейде оған күлкілі сезілді. Оның үстіне ұлының ұстанған жолы дұрыс шыққандай. Келген-кеткен адамдар оған ұлың жақсы жігіт болды деп мақтай жүрді. Кейбірі кейде оған алғысын да айтатын-ды.

  Немересі де кейде келген- кеткендерге өз әкесін мақтап, масаттанатынды тапты. Осындай кездерде әжей бейне  өркенді, жоралғылы істің отағасысы сяқтанып, көңілін кеңге салып, қуанышы қойнына симай кететін.

   Ол шынында қанағаттанды, ұлымен де енжарласпайтын болды. Енді бір он неше жыл өтсе немересінің де жұрт қадірлейтін ақын, домбырашы болатын түрі бар, ол өзі білетін әңгіме, ертегілердің барлығын немересіне үйретіп қоймақшы, оған тағы ең жуас ең ақылды келіншек алып беріп онан соң оларды мәңгі бақи сахарадан жібермей ақтан айырмай, Ертіс бойында тұрғызбақшы, мұны тірісінде өз көзімен көрмекші де.

Бірақ оның тәтті қялын ұлының хаты бұзды. Ол тағы шым-шытырық арылмас қайғыда қалды, күнді, тауды, суды-маңайындағы бар табиғатты ол есінен шығарды. Есі -дерті ешнәрсені көре алмайтын соқыр немересінде ғана қалды.

Немеренің де кеткені ме? оның да Ертістен безгені ме? аққа, Ертіске, сахараның тұнық ауасына үйренген бала қаланың қым-қуыт, уда- шу қарбалас тұрмысына қайтып көндіге алсын, оқиды? соқыр бала қайтып оқиды? оқысын-ақ оқығанда онан не пайда? ондай жерде немерем елге бөзек болмайма? ол қайткенде  де  басқаларға  ұқсамайды емес пе?....

   Осыларды ойлаған сайын әжейдің көңілі бұзылады. Оның қайғы екенін, я уайым екенін, опық екенін ол өзі де білмейді. Оның осылайша тоғыз жолдың торабында аңтарылып қалуы өмірінде тұңғыш рет кезігуі еді. Ол қалаға немересімен бірге бармайтындығына да өкінеді. Немересі оған қалаға бірге барыңыз десе болды пәлеге қалады. Оны шапалақпен тартып жібергісі келеді. Өйткені ол немересінің қол-аяққа тоқтамай, шырылдап жылаған  даусына үйір болып қалған еді. Бірақ ол, кісіге оңай оспақ қол көтеріп көрген пенде емес, әуел десеңіз тынышы кетіп тыныш тұрмайтын қияңқы құлындарға дейін қол жұмсап көрмеген еді.

Таудың салқын самалы  да әжейдің аппақ шашын желкілдетті. Оның көне әуендегі әні тау ішін  аралап, буырқанған Ертістің сарқыраған дауысына қосылды....

- Жүр, құлыным, бие саууға барайық, әжей немересін арқалап алды да бір басып, екі басып бие бау жаққа жүрді. Оның сүйреткен ұзын көйлегінің етегі қалтыраған қара етігінің қонышына сүйкеліп барады.

-Құлыным, әжең саған бір ертегі айтып берсін, болама?

-Менің әжем қандай жақсы!-деп қуанды немересі.

«... Неше күн түк жемеген бір аш қасқыр баспалап таудан түсіп бір малшының үйінің жанына келіпті де бірдемелер беріп қалама деп дәмеленіп, оның есігі алдына барып жатыпты . Сөйтсе бұл үйде бір жылауық бала бар екен, шешесі оған "жылама, енді жыласаң сені қасқырға бере саламын" деп ұрсып жатыпты. Мұны естіген қасқыр қуанғанынан құйрығын бұлғаңдатыпты . Әлгі бала шошып кетіп онан ары жылапты. Аздан соң шешесі оны уатпақшы болыпты:

"Оу, оу, құлыным жылама, егер қасқыр келсе, мен әкеңнің бүркітін қоя беремін, ол  оны бірақ шеңгелдейді", мұны естіген қасқыр құйрығын бұтына қысып зытып беріпті ». бұған немересі мәз болып күледі, әжесі ,- рас -ау рас-ау неге қасқырға береді екен баласын неге?-деп оны қостап , әңгімесін соза берді.

      Күн еңкейіп барады. Қызыл шапақ жамылып жотада әжей тұр. Батар күнге шағылысқан өзен беті алтын теңге, күміс сөлкебайдай жарқылдайды.

  Әжей тағы да немересін баяғысынша шымдаутқа отырғызып, бие саууға кірісті. Гүрп-гүрп сауылған сүттің дауысы немересінің құлағынан кетер емес, ол дауыс әжесінің әлі де баяғысындай мығым, орнықты екендігін  аңғартады...

 

дайындаған: Бұлғын Сусар

Қатысты Мақалалар