Жапонияда Осака қаласына жақын Тцу деген жерде 20-27 тамыз аралығында өткен IESO– 2016 Жер туралы халықаралық ғылыми олимпиадасында жас геологтардың қазақстандық командасы жүлделі орындарға ие болды.
Олимпиадаға Қазақстанның өкілдері ретінде 4 қатысушы барды. Астана қаласы №4 гимназия-мектебінің 10-сынып оқушысы Жағыпарова Әлия жеке сынақта қола медалін жеңіп алды, сондай-ақ халықаралық команда құрамында Жер туралы ғылымдар жөніндегі жобада (Earth Science Project) бірінші орынға ие болды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Баймурзина Әдия ITFI (Халықаралық командалық далалық зерттеу) командалық сайыста бірінші орынға ие болды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Аймухамбетова Әзиза мен Төлегенова Аружан Аружан да барлық сайыстарға белсенді қатысып, елімізді лайықты деңгейде таныта алды.
«Жас геолог» корпоративтік қорының директоры Жанат Исмаилованың айтуынша, қазақстандық команданың ұлттық костюммен өнер көрсетуі Олимпиаданың жабылу салтанатына арналған гала-концертке ерекше көрік берді. Сонымен қатар, олимпиада аясында қатысушылар мен қонақтарға ЭКСПО 2017 көрмесіне шақыру ретінде біздің қонақжай еліміз туралы бейнеролик көрсетілді.
Жер туралы халықаралық ғылыми олимпиада (IESO – International Earth Science Olympiad) – геология, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндері бойынша орта мектеп оқушылары арасында өткізілетін жыл сайынғы сайыс. Олимпиада мектептерде Жер туралы ғылымдарды оқытуды жетілдіруге себеп болады. Ең бастысы, IESO олимпиадасы әр түрлі елдердің жас ғалымдары арасындағы достық қарым-қатынасты дамытады, сондай-ақ Жер туралы ғылымдар бойынша идеялармен және материалдармен алмасу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Барлық қатысушылар Астана қаласындағы «Жас геолог» үйірмесінің мүшелері, сондай-ақ 2016 жылғы Жас геологтардың IV Қазақстандық ашық дала олимпиадасына қатысушылар болып табылады. 2016 жылы халықаралық олимпиадаға әлемнің 33 елінен 132 команда қатысты.