Негізгі капиталға салынған инвестицияның оң динамикасы сақталып отыр. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
«2016 жылдың 8 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,8% өсті (4,3 трлн. теңге – 12,6 млрд. доллар). Негізгі капиталға салынға инвестицияның үштен бірін сыртқы инвестиция құрайды (35,4 % немесе 1,3 трлн. теңге (3,8 млрд. долл.). Биыл бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестицияның келуі артып, 5,7 млрд. долларды құрады», - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ министр инвестиция көлемі артқан салаларды атады.
«Индустрияландыру бағдарламасының арнайы бағытталған салаларына: химия өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасауға келетін инвестиция көлемі артты. Шетелдік инвестиция тарту бойынша оң динамиканың қалыптасуы еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсаруымен байланысты»,-деді Ж.Қасымбек.
ҚР Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, 2017 жылы ЭЫДҰ-ның Инвестициялар комитетіне кіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалы әлемдік стандарттарға сәйкес екенін көрсетеді.
Министр Ж.Қасымбек инвесторларға көрсетілетін қолайлы жағдайларға да тоқталды.
«2016 жылдан бастап инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты (300-ден астам мемлекеттік қызмет) енгізілді. 3500-ден астам инвесторға кеңес берілсе, 3300-ден астамына мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, келесі жылдан бастап «бір терезе» электронды форматқа көшетінін айта кетейін»,-деді Жеңіс Махмудұлы.