Ақтілек Байбазаров есімді астаналық өзінің инстаграм желідегі парақшасында Қазақстан халқына жаңа бір ой-идея тастады. Ақтілектің айтуынша елімізде әртүрлі жеңілдіктер, акциялар көптеп ұйымдастырылады. Мысалы, Жаңа жыл, 8 наурыз, Хэллоуин кезінде дүкен аралағанда ақ мерекелік көңіл-күй сезіледі. Белгілі бір тауар, өнім алғанда мерекеге орай ұйымдастырылған жеңілдікке көзің еріксіз түседі. Мұндай дүниені 1 желтоқсан яғни Тұңғыш Президент күніне қарсы да ұйымдастыруға болады ғой деп жазады астаналық белсенді.
1 желтоқсан таяп қалды. Ақтілек барлық кәсіпкерлерді осы бір шараны қолға алып, идеяның жан-жаққа таралуына сеп болуға шақырады.
Идея былайша көрініс табады: «Сүт бүгін -10 % немесе костюмдер -20%. 1 желтоқсан Елбасы құрметіне орай тұрмыстық техника үйінде жеңілдіктер күні».
Жазба соңында Ақтілек Елбасының мемлекет үшін атқарған қызметі, қосқан үлесі зор, сондықтан оған деген қарым-қатынас та ерекше болуы тиіс деді.