Германияның басты қаласы және астанасы Берлин қандай қыр-сырларымен ерекшеленеді? Олар жетерлік. Олардың аз емес екені сонша, қайсысынан бастап әңгімелеудің өзі сәл қиындық туғызады. Бірақ олардың әрбірін неғұрлым толығырақ білу, қаланы соғұрлым жақсырақ тануға мүмкіндік береді. Біз бұл жерде барлығына көңіл бөліп, сипаттама беріп, түсіндіре алмасақ та, бұл ретте, біздің алдымызда тұрған мақсат өзіміз білген, біздің ойымызша, ең қызықты фактілерді қаланың өмірімен, тарихымен қызығатындарға жеткізу болып табылатынын айта кеткіміз келеді.
Алдымен Берлиннің бүкіл Евроодақ мемлекеттері арасында халық саны (3 490 105 адам) бойынша 2 орын, ауданы (891,85 км²) бойынша 5 орын алатыны жайлы фактілерден бастайық. Берлин Бранденбург жерінде орналасқан және қаланың ортасымен Шпре өзені ағатыны белгілі. Осыған байланысты оған теңеу де беріліп үлгерген, Берлинді «Шпредегі Афины» деп атау дәстүрі қалған болатын.
Берлиннің пайда болуы орта ғасырлардағы Кельн мен Берлин қалаларының географиялық жағынан жақындықтарына байланысты. Кельн Шпре өзеніндегі аралда орналасқан қала, ал Берлин Шпре өзенінің шығыс жағасында орын тепкен. Берлин туралы алғашқы мәліметтер 1244 жылға сай келеді. Дәл осы уақытта ол қала болу құқығына ие болған. Содан кейін 1307 жылы екі қала біріктіріліп, бір орталықтан басқарылған.
Берлин жайлы сөз қозғағанда ойға келетін бірінші әрі басты символикалық ассоциация ретінде сенімді түрде аю бейнесін келтіреді. Өйткені аю – 1280 жылдардың шамасынан бастап Берлиннің геральдикалық символы. Қала атауының пайда болуы да кейбір этимолог зерттеушілердің пікірінше, немістің «аю» (нем. Bär) сөзінен шыққан.
Европадағы мәдениеті бай, тарихи тамырлары тереңге кететін қала бар десек, ол Берлин болса керек. Туристтер жиі келетін, қонақтар көп болатын бұл қаланың керемет жарқын тұстары оның сол тарихында және мәдениетінде жатыр. Қаланың тарихи-мәдени келбетін өзінде сақтап тұрған және көрнекі үлгіде сырт көзге ұсынып тұрған нысандардың мәні зор. Оларды архитектуралық өнердің тамаша туындылары, шедеврлері деп айтуымыз орынды. Олар – Берлин телемұнарасы, Кафедралдық собор, Шарлоттенбург, Бранденбург қақпасы, Рейхстаг, Ескі ұлттық галерея, Олимпиялық стадион т.с.с.
Ендігі біз бір тарихи-мәдени нысанға ерекше тоқтала кетіп, шағын көлемдегі мәліметтер бере кетсек орайлы деп санаймыз. Онымен байланысы бар оқиғалар мен фактілер бұрыннан қазірге дейін тарихшылардың да және жалпы тарихқа қызығатындардың да назарын аудартып келеді. Ол бүкіл әлем үшін, әсіресе кезінде КСРО деген мемлекеттің шаңырағының астында болған посткеңестік республикалар үшін бетбұрысты кезеңдерде орын алған уникалды оқиғалар туралы бізді әр түрлі мәліметтерден хабардар ете алады. Оны сырттан қарасаң да, ішіне кіріп көрсең де, ол адамды сол тарихи кезеңдерге ойша алып баратындай, адамның санасы мен сезімі тура сол тарихи оқиғаларға куәгердің сана-сезіміне пара-пар болатындай.
Біз қозғаған сөз Рейхстаг жайында. Рейхстагтың құрылысы 1884 жылы кайзер Вильгелм І кезінде басталып, тек он жылдан кейін 1894 жылы кайзер Вильгелм ІІ тұсында аяқталды. Ал қазіргі күнде неміс парламенті – бундестаг осы ғимаратта орналасып, өзінің басты міндетін (заң шығару) атқарады.
Рейхстаг атауы кеңес халқының тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қойған. Рейхстаг – миллиондаған адамдардың көз жасымен, қаны және терімен, бүкіл өмірге татитын құрбандықтарымен келген теңдессіз жеңістің шырқау шегіндегі көрінісінің куәсі. 1945 жылы 30 сәуірде кеңес жауынгерлерінің ( Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың) ғимаратқа кіре берістегі баспалдаққа қызыл туды тігуі адамзаттың болашағына қауіп-қатер төндірген қарама-қайшылықтар қақтығысында жақсылықтың жамандықты, әділеттіліктің залымдықты, махаббаттың жек көрушілікті түпкілікті, ойсырата жеңгенін білдірді. Рейхстаг – тарихтағы ең сұрапыл, қанқұйлы соғысқа біржола нүкте қойылған орын. Оның қабырғаларында әлі күнге дейін сол атаулы оқиғаның осы жерде болып өткенін аңғартатын белгілер сақталған. Мысалы, ғимараттың ішкі бөлмелерінде кеңес сарбаздары өздерінің аты-жөнін, туған жерлерін көрсетіп қалдырған жазулар бар. Оған қоса қабырғадан оқтардан қалған іздерді байқауға болады.
Берлин – үлкен мәдени, туристік, саяси және ғылыми орталық болудан бөлек, нағыз тарихи қала. Ондағы билік пен тұрғындар алдыңғы ұрпақтардан қалған бай тарихи мұраны сақтап, оны поляризациялаудың озық үлгісін көрсетуде. Соның арқасында ол тарихи мұра күллі әлемге әйгілі және барша адамзат баласының көзінде құнды қазынаға айналып үлгерді.
Төлеу Алмас, тарихшы, Абай ат. Қаз ҰПУ магистранты.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Amtes für Statistik Berlin-Brandenburg. |Bevölkerungsstand in Berlin am 30. November 2014.
2. wikipedia.org
3. Выдержки из документов о штурме рейхстага, Берлин, 30 апреля 1945 г.]. ЦАМО РФ.