Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Bloоmberg агенттігіне берген сұхбаты, дәлірек айтқанда оның тақ мұрагерлігіне қатысты айтқандары сарапшылардың ойын сан саққа жүгіртті. Ол сұхбатта Мемлекет басшысы билік басында 2020 жылға дейін отыратын ойы барын айтқан болатын. Біреулер Назарбаевтың бұл айтқандары айналасындағылардың жүйке жүйесін тексеруге ғана бағытталған кезекті сынағы десе, енді бірі бұл мәлімдеменің астарынан шындық іздеп әлек. Сондай пікірлердің бір-екеуіне тоқталсақ.
Ресейлік сарапшы Сергей Рекеда «Север-Юг» басылымында жарияланған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлының Bloоmberg агенттігіне берген сұхбаты алысты көздейтін нағыз үлкен саясаткерге тән қылық деп бағалапты. Оның ойынша, Назарбаев сұхбатта біршама маңызды мәселелерді көтергенімен, жоспарларын толық жайып салмаған, біржақты шешімдерден қашқақтап, кейін айтқандарын айналып өтуге мүмкіндік қалдырған.
Сарапшы халықаралық ақпарат құралдары Назарбаевтың «Билікті балаларыма мұраға қалдыруды ойластырып жүргем жоқ. Бұл бізге тән мәселе емес. Бізд билікті беру тәртібі Конституцияда жазылған» деген сөздеріне қатты мән беріп жатқанын айтады.
«Шынымен де, жағдай осылай болатынына сенімдімін. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстандағы саяси жағдайдың әрі қарайғы өрбу нұсқаларын шынайы сипаттап отыр. Қазақстанның келесі президенті қазіргі көшбасшының отбасына қатысы жоқ адам болуы мүмкін. Билікті мұрагерлікке берудің отбасылық үлгісі бұрынғы кеңестік елдер ішінде тек Әзірбайжанда ғана болды. Оның өзіндік ерекшеліктері, қоғамдық қатынастарды құрудағы өзгешеліктері бар», - деген С. Рекеда Қазақстанның келесі президентінің фамилиясы Назарбаев болмайтынына сендіреді.
Алайда, сарапшы келесі президенттің өкілеттілігі, қолындағы құзыры қаншалықты болатыны бөлек мәселе екендігін ескертеді.
«Бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Өйткені, конституциялық реформа мәселесі күн тәртібінде әлі тұр. Егер президенттің айналасы парламент өкілеттіліктерін кеңейтуді, парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшуді ұсынса, 2020 жылға қарай билік жүйесіндегі шешуші лауазым қандай болатыны белгісіз», - дейді С. Рекеда.
Сарапшы бұл мәселеде де президент ештеңені ашып айтпағанын, керісінше Қазақстанның саяси өміріндегі алдағы реформалар туралы екіұшты пікір білдіргенін айтады.
«Мұнда да президенттің өзі интрига туғызып отыр. Ол «Қазір дағдары жағдайында бізге президенттік билік вертикалінен бас тартудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Алдымен дағдарысты еңсеріп алайық, қалғанын сосын көреміз» деген болатын», - дейді сарапшы.
С. Рекеданың Назарбаев айтқан 2020 жыл туралы да өз ойы бар.
«Ары қарайғы саяси жүйесінің эвалюциясының сұлбасы байқалатын уақыт қашан келеді? 2020 жыл – шартты мерзім. Ескі жүйеден бас тарту, жаңа көшбасшыны анықтау процесі Нұрсұлтан Назарбаев қажетті адамдар өз орындарына отырғанына көз жеткізген кезде «қолмен қосылуы» мүмкін. Бұл жерде ең маңыздысы – жақын адамдардың әрқайсысының шексіз сенім иеленуі», - дейді С. Рекеда.
Ал, қазақстандық сарапшы Данияр Әшімбаев болса, Sputnik-Қазақстанға берген сұхбатында бірнеше жылдан кейін елде қандай жағдай болатынын болжаудың қиын екендігін, барлығы президенттің келесі сайлауға дейінгі денсаулығына және саяси конъюктураға байланысты екенін айтады. Сарапшы елде бұл процестерді жетілдіруге мүдделі тұлғалардың да жоқ еместігіне сенімді.
«Тақ мұрагері тақырыбы жиі-жиі көтеріліп, жекелеген кандидаттар талқыланып жүр. Бұл процесті жылдамдатып жіберуге кетәрі емес адамдардың бар екені де даусыз. Соған қарамастан, президенттің бұл мәселеге қатысты нақты шешімі жоқ сияқты. Алайда, тақ мұрагерлігіне таласа алатын тұлғалар тобы бар», - дейді Д. Әшімбаев.
Естеріңізге салсақ, елде соңғы президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс тәртіппен өткен болатын. Онда іс басындағы президент Н. Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыз даусын жинап жеңіске жеткен болатын. Назарбаевтың президенттік өкілеттілігінің мерзімі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады.
Жомарт Абдоллаұлы