Шардараның тұрғыны ретінде өңірдегі шаруашылықтың дамуы туралы пікір айтайын деп едім. Күріш пен мақта өндірісі ежелден келе жатыр ғой. Алайда соңғы жылдары шардаралықтар көп жылдық екпелерге көңіл бөле бастады. Тіпті бұдан пайдасын да тауып жатыр. Мәселен, соңғы бір жылдың көлемінде Тұрысбеков ауылдық округінде 220 гектарға, Жаушықұм ауылында 55 гектарға, Қоссейіт ауылында 13 гектарға жүзім көшеттері отырғызылған. Жүзімнің «тайфи розовый» сортын еккен шаруалар өнімді үш жылдан соң алатынын айтуда.
Ал ауданда 209 гектар жерге егілген жүзім алқабынан өнім жиналуда. Бүгінгі күнге гектарына 35 центнер өнім алған диқандар 731,5 тонна жүзім жинаған. Сонымен қатар, аудан түрғыны А.Ибадуллаев 10 гектар алқапқа алманың «Павпинка» деп аталатын сортын өсіруді қолға алған. Ал бүгінге дейін ауданда 70 гектар жерге егілген алма баудан гектарына 25 цн. өнім түсіп, жалпы 175 тонна алма терілген. Шардаралық шаруалар 2010 жылдан бері жалпы көлемі 1097 гектар жерге егілген бау-бақшадан мол өнім жинап келеді. Бұдан түсер пайданың мол екеніне көзі жеткен диқандар бау-бақшаны дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жиналған өнімдер ауданның ішкі нарығына шығарылуда.
Ержан Асқарұлы