«Сыбаға» – ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін ең қолжетімді несиелендіру бағдарламасының бірі. Сондай-ақ, бұл осы бағытта өз бизнесін ашуға ниеттенген, бірақ, мал шаруашылығы саласы жұмысында тәжірибесі жоқтар үшін тиімді. Бұған қосымша, несиелендіру жағдайын жасау кезінде жекеменшік бизнестің мүддесі мен мүмкіндігі есепке алынды. Сыйақының пайыздық деңгейі де төмен. Яғни, 14 пайыздың жартысын мемлекет субсидиялайды. Оның үстіне, қарыз толтыру жұмысы мен жеңілдік мерзімін кепілдікпен қамтамасыз ету талабы да қысқартылған. Бұған қоса өте қарапайым тілде барлық мән-жай түсіндіріледі. Созақ ауданының тұрғыны ретінде халық арасында бағдарламаны насихаттау жұмысы да қолға алынғанын айта кету керек.
Тауарлық табынның тұқымдық сапасын жақсартуды көздейтін бағдарламаға Созақ ауданында айрықша қызығушылық байқалады. Мәселен, биылғы жылы ауданда 5 шаруашылық бағдарламаға қатысса, екі шаруашылық 53 миллион 250 мың теңге несиені ресімдеді.
Маған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері тиісті құжаттарды дайындауыма көмектесті. Бағдарламаның әрбір тармағын жете түсіндірді. Ауыл тұрғындарының көбі несие алуға жүрексінеді. Қиыншылықтан қашпайтын адамдарға мемлекет субсидиялау арқылы қолдау көрсетіп, жан-жақты көмектесетіні қандай ғанибет. Мемлекеттің қолдауынсыз мал басын көбейте алмас едік. Бұл үлкен еңбек. «Сыбаға» ауыл адамдарын үлкен істерге жігерлендіреді.
Алмас Асанов, Созақ ауданының тұрғыны
Пікір қалдыру