Созақ ауданында ауыл шаруашылығын дамытудың «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық», «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бардарламаларымен қатар облыс әкімінің бастамасымен қабылданған «2014-2016 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы» шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған бағдарламалар аясындағы жұмыстар аудан шаруаларын мал бордақылауға ынталандырып, келешекте табыс табудың, қосымша жұмыс орындарын ашудың, бірден бір көзіне айналуда.
Бүгінде мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланған Қарақұр ауыл округінде «Қарақұр» өндірістік кооперативі түйе және қой шаруашылығын дамытуда. Ал, Шолаққорған ауыл округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы түйе өсірумен ғана айналысады. Құмкент ауыл округінен «Құмкент» өндірістік кооперативі асыл тұқымды қой шаруашылығы болып тіркеліп, жұмыс жасауда.
Аудан әкімі Мақсат Исаевтің биылғы алғашқы алты айда атқарылған жұмыстарының есебіне жүгінсек, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 42 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, мың екі жүзге жуық сиыр тұқымдық түрлендірілуге тартылған. Ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспар алпыс тоғыз бас қошқар сатылып алынып, екі мыңнан астам тұсақ қойлар тұқымдық түрлендіріліп, меже 99 пайыз орындалған. «Құлан» бағдарламасы бойынша жоспарға сәйкес асыл тұқымды 14 бас айғыр мен 210 бас аналық жылқы сатылып алынған.
Мал бордақылау алаңдарын және жанұялық сүт фермасын ашу үшін биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында аудан бойынша барлығы 116 млн. 300 мың теңге несие алынды. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан мал бордақылау алаңдарын ашуға сексен жеке кәсіпкер 80 млн. 800 мың теңге қаржы алып жұмысын жүргізген. Олар 538 бас ірі қара мал сатып алған. Ал, «Ырыс» микро қаржы ұйымы» ЖШС-нен берілген 12 млн теңге несиеге есепті мерзімде 5 жоба қаржыландырылып, 70 бас мал сатып алынған.
http://rgmedia.kz/
Пікір қалдыру