Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында Елбасының тапсырмасымен қолға алынған бірнеше мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асып жатқан әмбеге аян. Соның бірі – асыл тұқымды ірі қараны көбейтуді көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы. Бүгінде Үкімет тарапынан «Сыбаға» бағдарламасына қатысушыларға қолдау қаржылар көрсетілуде.
Түркістан қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, Түркістан аумағында биылғы жылдың жеті айында «Сыбаға» бағдарламасы аясында бес мыңға тарта ірі қара сатып алынған. Нақтылап айтсақ, 4993 бас. Бұл бұл бағытта берілген тапсырманың екі жарым есеге артық орындалғанын білдірсе керек. Өйткені жоспар бойынша жыл басынан бері тамыз айына дейін екі мың бас алынуы тиіс болған.
«Сыбаға» бағдарламасының мақсаты шаруалар шетелден және өз еліміздегі етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу, алынған төлдердің бұқашықтарын арнайы белгіленген шетелге экспортқа ет шығару мүмкіндігі бар ірі мал бордақылау алаңдарына өткізу (сату), ал мал бордақылау алаңдары өз кезегінде сатып алған бұқашықтарды бордақылап, етін шетелдерге шығаруы тиіс. Селекциялық және ірі қара малды асылдандыру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде шаруалардың аналық малдары 10-12 жылда етті бағыттағы асыл тұқымды малға айналатын болады.
Атап айтқанда, сатып алу бойынша: отандық және Еуропа елдерінен импортталған малдың әрбір басына 154 мың теңге, Австралия, АҚШ және Канададан алынған асыл тұқымды малға 200 мың теңге субсидия, ал селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізгені үшін әрбір бас ірі қара мал аналығына 18 мың теңге субсидия беріледі және бұқашықтарды белгіленген арнайы мал бордақылау алаңдарына өткізгені үшін әрбір басына сату құнынан басқа 24 мың теңге субсидия беріледі.
Пікір қалдыру