«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы Сайрам ауданында қарқынды жүзеге асырылып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар мен мол мүмкіндіктерді оң пайдасына жарата білетін сайрамдықтар ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылдың алғашқы алты айында 13597,5 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті алты айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,7 пайызға артық.
Сайрам ауданында мемлекеттік және салалық бағдарламалардың 2016 жылғы бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша орындалуы туралы мәліметке сүйенсек, алты айдағы жалпы ішкі өнімнің теңгеге шаққандағы 13274 миллионы мал шаруашылығына тиесілі. Төрт түлікке тиіст тапсырма ауданда жоспарланғандағыдан 102,4 пайызға артығымен орындалған. Ал егін шаруашылығыдағы табыс 322,7 миллион теңгені құрап, алты айлық мерзім көрсеткіші 118,6 пайызға жетті.
Биыл Сайрам ауданы бойынша 1,0 гектар жылыжай салу жоспарланған болса, 1,35 гектар жылыжай іске қосылып, жылдық жоспар 135 пайызға артығымен орындалды. Сөйтіп сансыз бабтар мекеніндегі жылыжайлардың жалпы көлемі 19,5 гектарға жетті. Алайда екі жүз гектарға жоспарланған тамшылатып суару әдісінің жиырма гектары ғана іске асырылған. Мұндағы көрсеткіш он пайызды құрады.
Биылғы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жоспарланып бөлінген 2210 тонна жеңілдетілген бағадағы жанар-жағар майдың 2121 тоннасы шаруаларға босатылған. Сол сияқты босатылды (жоспар 2210 тонна) және 2459 тонна минералды тыңайтқыштар бөлініп, 2282 тоннасы алынды, қалған тыңайтқыштарды беру мерзімі кешігуіне байланысты шаруалар басқа жерлерден сатып алып қолданды.
2016 жылға елу ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған болса, алғашқы алты айдың қортытындысында 34 бірлік техника алынды. Жылдық жоспарлы тапсырма 68 пайызға орындалды. Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларының саны ауданда 1538 бірлікті құрап, жыл сайын жаңартылып артуда.
Пікір қалдыру