Жазғы демалыс кезінде шетелдерге шығып, теңіз жағалауларында тынығып, тарихи жерлерді тамашалап, серпіліп қайтқанға не жетсін! Қазір туристік фирмалар кез келген бағытқа жол сілтеп, апарып-алып қайту қызметін көтеріп алады. Қай елге барам десеңіз де жол ашық. Тек демалуға баратын елді таңдағанда ең алдымен адам өміріне, денсаулыққа қауіпсіздік жақтарын ескерген жөн. Шетелдерге барып демалатын туристер бүгінде көп нәрселерден қорқатын болды. Оған саяхатшылар үшін сол елдердегі әртүрлі қауіпті жағдайлар – террористік актілер, жұқпалы аурулар, эпидемия, табиғат апаттары, алаяқтық, ұрлық себеп болып отыр. Шетелдердегі кез келген катаклизм туристер үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Ал алдымен өз еліміздің бай өлкелерін тамашалап, толықтай білейік. Қазақ елінің табиғат сұлулығы кімнің таңдайын қақтырмас?!
Өзіме келетін болсам, осы уақытқа дейін еліміздің батысындағы Орал, Атырау қалаларында, оңтүстіктегі астанамыз – Алматы, шығысындағы Өскемен, Семей өңірлерінде, солтүстігіндегі Көкшетау және, әрине, Қостанай аймағында болдым. Ал, енді, алда атамекенімді барынша білгім келеді. Менің осы жылғы жазғы демалысым да жақсы басталды: жаздың бірінші күнінде Көкшетаудағы Бурабай курортының аумағындағы лагерьде бір апта жұмыс істеп, демалуға бардым. Былайша айтқанда, пайдалыны ұнамды іспен ұштастырдым. Ал жаз мезгілінің қалған бөлігін қалада өткізу жоспарым бар. Сіз де өз қалаңызда демалатын болсаңыз, жазғы демалысты қызықсыз өткізетін болдым деп адаспаңыз. Уақытты қызықты әрі пайдалы өткізу өз қолымызда! Жоспарларыңызды алдын ала белгілесеңіз болғаны, бұрыннан уақыт тапшылығынан қол жеткізе алмай жүрген мақсаттарыңызды орындауға енді уақыт келді! Келесі кеңестерге көз жүгіртіп, өзіңіз дұрыс деп тапқан ойларды өз тәжірибеңізге қолдана жүріңіз.
1. Әуелгі байлық – денсаулық, денеңізді шынықтырыңыз. Оқу жылының уақытындағы аптасына екі рет болатын сабақ болмаса, дене шынықтырумен бәріміз бірдей айналыспайтынымыз айдан анық. Егер сіз бұған уақыт тауып жүрсеңіз, бұл керемет. Жаз бойы денеңізді жаттықтыра түсіп, біртіндеп жаттығу жұмыстарын өз күн тәртібіңізге енгізуге тырысыңыз. Таңертеңгі уақытта ыстық түспей тұрып таза ауада біраз серуендеуді де қапы жібермеңіз, ерекше әсер аласыз!
2. Тазалық – денсаулық кепілі, үй жинаңыз. Өзіңіздің жылы қорғаныңызды тазалап, қажет деп тапсаңыз, бөлменің ішкі көрінісін өзгертіңіз. Тазалық та, бөлмедегі өзгеріс те көздеріңізді қауантпауы әсте мүмкін емес! Бау-бақшаңыз болса, онда да жұмыс істеп, қол ұшыңызды тигізуіңізді ұмытпаңыз. Жұмыс істейсіз, өнім аласыз, таза ауаға шығасыз!
3. Демалыңыз. Демалып,тынығудың да ретін табыңыз, жұмыспен тым асыра сілтеп жібермеңіз.
4. Отбасы, туған-туыстарыңызға көңіл бөліңіз. Күнделікті өмірде оқуыңмен, одан сырт өзіңнің жұмыстарыңмен айналыса жүріп, жанұя, туыстарыңмен жай отырып, әңгімелесуге де уақыт аздау екені рас. Жазда уақытыңыз көбірек, мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!
5. Достарың болған қандай жақсы! Жаз уақытында көптен көріспеген достарыңызбен кездесіп, уақытты бірге өткізіңіз. Мен үшін бұл – менің сыныптастарым. Жан-жақта, осы қалада оқитын достарыммен кездесуге, шыны керек, уақыт жиі түсіп жатпайды. Бұл мүмкіндікті де жіберіп алмай, жоспарымды толық іске асыруды бастап та кеттім.
6. Оқу – білім бұлағы, оқыңыз. Кітап, газет-журнал оқуға міндетті түрде уақыт табыңыз. Газет-журнал оқуға уақыт тауып жатсам да, кітап оқуға уақыт түсе бермейді. Себебі, оны зейін қойып оқу керек, атүсті оқуға мүлдем болмайды. Оқысаңыз, өзіңізге де ұнайды, білім-білігіңізді де көбейтесіз.
7. Фильм көріңіз. Жақсы жайғасып, ұнататын фильмдеріңізді тамашалаңыз. Жаңа заманның белсенді жасы болсаңыз, бұған да қолыңыз тие бермейтіні анық.
8. Биік мақсаттарыңызды іске асырыңыз! Әркімнің сүйікті ісі, соған сәйкес мақсаттары да болады. Менің жаз уақытына қадаған мақсатым – ағылшын тілін жетілдіріп оқу. Ал сіздің мұратыңыз қандай?
Ализа ҚҰРМАНҒАЗЫ
Пікір қалдыру