Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Ұлттық валюта күніне орай Тұңғыш Президент күні қарсаңында айналымға Елбасы Н. Назарбаевтың суреті басылған 10 мың теңгелік банкноталар айналымға шығатыны хабарланған болатын.
Ал, 12 желтоқсаннан бастап аталған банкноталар Ұлттық банктің филиалдары арқылы таратыла бастады. Бар-жоғы 100 мың данамен шығарылған жаңа банкнотаны аламын деушілердің саны да аз емес сияқты. Оның үстіне Ұлттық банк президент бейнесі басылған жаңа ақша әр адамға тек бір данадан ғана берілетінін, сайлаулардағыдай «карусель» жасап, бір адамның бірнеше құнды қағаз иеленуіне жол берілмейтінін де қатаң ескерткен. Сондықтан да, Назарбаевтың портреті басылған банкнотаны ұстау – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
Жаңа он мың теңгелікке қол жеткізгендер түске таман ол қуаныштарымен түрлі әлеуметтік желілер мен форумдарда бөлісе бастаған. Ал, «Ratel» сайты болса аталған банкнотаны интернет пен әлеуметтік желі арқылы саудаға шығарғандардың да бар екенін жазады. Осылайша, адамдардың патриоттық сезімі мен президентке деген махаббатынан да пайда табуды жөн санағандар да жоқ емес. Шамасы олар жаңа ақшаны Ұлттық банк филиалына барып алғаннан, интернет арқылы сатып алуды жеңіл санайтындардың көп боларына сенімді сияқты. Сондықтан да, жарты күн ішінде сатылатын 10 мың теңгеліктерге батыл бағалар бағамы бой түзепті. Әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендерде ол әр данасы үшін 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін саудалануда.





Алайда, коллекционерлер үшін 100 мың дана таралымның да аз еместігін ескерген жөн.
Басылым осы орайда тағы бір шикіліктің шетін шығарып отыр. Жаңа банкнотаның тұсаукесерінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев таныстырған банкноталардың сериясы ҚАЗ деген әріптерден құралса, мына айналымдағыларының сериясында АА әріптері таңбаланған. Сондай-ақ, банкнотаның ресми хабарланғандай Алматыдағы банкнота фабрикасында емес, Қазақстаннан тыс жерде, De La Rue компанияына қарасты фабрикалардың бірінде басылғаны айтылуда.