«Желтоқсан 86-9»
Аштық жариялағандардың талаптары
1994 жылдың көктемі. Қысқы азығыңды көктемнен жина деген нақылды ұстанған әйелім - Роза екеуміз «времянкамыздың» алдында жер қопарып, бақшамызбен айналысып жатқанбыз. Көптен үйімізге қонаққа келмей кеткен Қадыр мен Жамбыл ертең ескі алаңның алдында өткізілгелі жатқан митинг жайын айта келіпті. Ұйымдастырушылары кім дегеніме, барлық ұйымдар болады, біздің жігіттер былтыр құрылған жаңа комиссияның жұмыстарына көңілдері толмайтындарын айтып, біразы аштық жариялайтындарын мәлімдейтін көрінеді. Жерге қатысты мәселелер көтеріліп жатқанға да ұқсайды. Мен ертең сол жерде кездесетінімізді айтып, қонақтарымды шығарып салдым. Ертесінде он кездерінде алаңға келсем, мың жарымдай адам жиналып қалған екен. Сыртты ала, периметрмен милиционерлердің де қаптап жүргендерін байқадым. Жиын бір сағаттан астам уақыт болды. Митинг ұйымдастырушылары Абраев пен Нәлібаев осымен жиынымыз, митингіміз бітті дегені сол еді, дайын тұрған милиционерлер мен ОМОН жұртты жаппай автобустарға тықпалай бастады. Екі-үш автобусқа жиылған шерушілерді «Целинный» кинотеатры жанындағы милиция бөлімшесінің жоғарғы қабаттағы залына кіргізіп жатыр. Милицияның басшысы қорқыта, үркіте сөйлеп, әкімшілік құқық бойынша бірталай баптардың бұзылғанына байланысты жауапкершілікке тартылатындығымызды жайып салды. Бұндайды күтпесе керек, жасы үлкендердің біреуінің жүйкесі сыр беріп, бірінің қан қысымы көтеріліп, бірі естерінен танып жатты.
Желтоқсандықтардың ішінде Аманжолдың (сол кездегі төрағамыз) болмағаны таң қалдырды. Қалайда шығып кетудің жолдарын ойластыра бастағаным сол еді, «Мына жерде аштық жариялау туралы өтініш жазбағандар бар ма?» - дегенін пайдалана, мен орнымнан тұрып, өтініш жазбағанымды айттым. Онда боссың деп қоя бергені. Шыға салысымен, бірден «Демократия үйіне» тарттым. Кабинеттің есігі ашық, Аманжолдың қара дипломаты терезе алдында жатыр, өзі жоқ. Біраз күтіп отырдым. Келмеген соң дипломатты қолыма алып қарасам, аузы ашық екен, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мөрі де ішінде. Бір жағдайдың болғаны анық, оның қалай өрбігені жайын білу мен үшін әзірге жұмбақ болатын. Дереу жан –жаққа телефон шалып, жігіттерді жинай бастадым. Алдымен, Есімбаев Қадыр мен Музафаров Әлібек келіп жетті. Болған жағдаймен оларды таныстырып, жедел басқарушы топ құрып, оны үшеуміз басқаратын болып келістік. Мөр мен дипломатқа Әлібек жауап беретін болды. Аманжол із түзсіз жоқ болып кетті.
Жер жердегі желтоқсандықтарға үшбу хабар таратылып, «Демократия үйіне» тез арада жиналу керектігі жеткізілді. Сол кездегі желтоқсандықтардың ауызбіршілігі мен өзара қарым-қатынастары жоғарғы деңгейде болатын. Ертесінде-ақ жиырмадай желтоқсандықтардың басы қосылды. Кешегі өткен митингінің мәнісі талқыланып, біріне айыппұл, он, он бес күнге қамалған Қарабаев Шора, Тайжұмаев Жамбыл, Дәулетов Жеңістер жайында сөз болып, оған «аяқ» жасап, хабарларын алып келу Қадырға жүктеліп, ол «Лобачевскийдегі бич.приемникке» бірден аттанып кетті. Құзырлы орындарға арнайы хат-хабар, талап пен тілектерді жеткізуді мен мойныма алдым. Уақытша «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігін басқару Қадыр, Әлібек ушеумізге жүктелді. Туске жетпей Қадыр қамауда жатқан жігіттермен «аяқ» орнатып, қал-жағдайларын, «ксиваларын» алып келіпті. Оқып, танысқаннан кейін, «аштық» акцияларын сол жерде жалғастырып жатқан жігіттерді шығарып алу үшін, оларды қолдау акциясы «Демократия үйінің» ішінде жалғасатын болып шешілді. Жігіттердің ішінен сол күні денсаулықтары мен жағдайларына байланысты төрт жігіт – Мейірбек Еркінбек, Отарбаев Кенже, Есбосынов Аманқос және желтоқсанға куйеу бала болып келетін жезқазғандық Бауыржан (Серкенова Анардың жолдасы) аштық акциясын бастайтын болды. Жанымыздағы «Никольский» базарынан базарлық алып келіп дастархан жайылып, «бір атаның балаларындай»- желтоқсандықтар бір-бірімізге сөз берісіп, жеңісті күнге дейін бірауызды болатынымыз шегеленді. Тәңірім осы базарда кезінде бір курста оқыған «местный» Елубаев Ербол бауырымды кездестіріп, бірталай көмегі тиді. Бір жарым ай бойы ішетін, жейтін тамақ пен тағамдарды содан алып кетіп тұратын болдым. Алла разы болсын! Кешкісін «жатын орындар» жеткізіліп, аштықтағылардың қасында болатын кезекшілікті Қадыр атқаратын болып, үйді үйімізге тарқастық.
Келесі күні мен, содан кейін Әлібек тәулік бойы кезекшілікті, барлық жауапкершілікті үшеуміз кезектесіп атқаратын болдық. Ертесінде құзырлы орындарға талап пен тілектеріміз жазылған хаттар жеткізіліп жатты. Арнайы Алматы қаласындағы «қызыл крест» ұйымына жазылған хатты табыстау Әлібекке жүктелді. «Басшысымен фамилияларың бір екен, туысыңды осы уақытқа дейін неге жасырып келгенсің»,- деп қалжыңдап қоюды да ұмытпадым. Түске жетпей қаланың ішкі саясат бөлімінен, медицина орталығынан дәрігерлер де келіп жетті. Дәрігерлер Кенже мен Аманқосқа аштықты жалғастыру ағзаларына өте зиян болатынын тағы да ескертті. Аманқостың түрмеден кейін асқазаны, Кенженің өкпесі ауыратын. Олар аштықты өз еріктерімен және қойылған талаптар орындалмайынша жалғастыратындарын тағы қайталады. Дәл осы кезде аштық жариялау туралы өтініштері мен талап-тілектерін жеткізіп, дәрігерлерге «алдын ала» тексеріліп, Қасенов Рүстембек пен Рамазанов Амандық акцияға қосылды. Келесі күні шымкенттік Исабеков Сәбит кеп аштыққа кірді. Бір жетіден кейін жеделжәрдем көлігі алып кетіп, бір ай емхананың төсегіне байланды. Аштықтың ішінде, ешқандай нәр тартпай, тек қана су ішуге болатын түріне тоқтаған едік. Сөйтіп, іште үшеуі, сыртта алтауы бастаған желтоқсандықтардың аштық акциясы басталып кеткен еді. Қала өмірінде бұндай әрекеттерді көрмеген әкімшілік пен әртүрлі құзырлы орындар, еріксіз біздермен, қойған талаптарымызбен танысуларына, кейіннен санасуларына тура келді.
Үшінші күні Жоғарғы Кеңестің депутаты - Жасарал Қуанышәлин ағамыз, Айсұлу Қадырбаева апайымыз бастаған «Азат» қозғалысының азаматтары аштық жариялап жатқан желтоқсандықтардың қал-жағдайлары мен талап тілектерімен танысып, акцияны Сейттай Әденов ақсақалымыз қолдайтынын білдіріп, жақын арада қосылатынын айтты. «Демократтар үйінде» орналасқан әртүрлі мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдармен, түрлі диаспоралардың мәдени-орталықтарының жетекшілері де құлақтанып, түсіністікпен қарайтындарын білдіріп жатты. Барлық желтоқсандықтарға үндеу тасталып, жер-жердегі жігіт пен қыздарымызға хабар жібердік. Бір де біреуінің қалмай қатысуына, болмаса, қаржылай қолдауларын көрсетуді сұрадық. Қыздарымыз: Клара, Гүлнәр Абылқайырова, Гулвира Панинова, Қайыпқан Иманбаева, Еспембетова Қаншайымдар қолдап, жігіттеріміз: Иманбаев Ермек, Жұмажанов Ерікжан , Өткірхан Мүлкібаев, Хасен ағамыз, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев, Рузиев Абайдулла,Әбдіреев Еламан, Шыныбаев Нұрмандар қомақты үлестерін қосты. Кезінде Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың «сопровождениесінің» басшысы болып, сотталып, кейіннен толық ақталған – Мырза Ильич Акуев ағамыз да өзінің үлесін тастап кеткен еді. Тіпті, Мұхтар ағамыздың «хатшысы» Ләйлім жұмыстан кейін дос қыздарымен келіп, аштықта жатқан жігіттеріміздің көңілдерін көтеріп рух беріп кететін. Кейіннен біздерге ниеттес Несіпкүл де аштыққа отырды. Бұндай «жалпыжелтоқсандық» акция бұрын соңды болмаған еді. Төртінші күні жігіттеріміздің шығаратынын естіп, қажетті қамға кірісіп кеттік. Оларды қарсы алып, моншаларына апарып, бір қабат киімдерін жаңарту, ана жақтан қалып қойған «жазылмаған» заңдылығымызды да абыроймен атқарып келгеннен кейін, Тайжұмаев Жамбыл осындағы акцияны жалғастыратынын болып, жігіттермен қалып қойды. Отарбаев Кенже мен Есбосынов Аманқосты дәрігерлер денсаулықтарына байланысты «госпитализацияға» алып кетті. Олардың орнын Шабаров Алтай, Әбдіқадыров Берікбол мен Несіпкүл қарындасымыз алмастырды. «Госпитализацияға» кетіп жатқан жігіттеріміздің орнын жаңадан жігіттеріміз басып, кейіннен Сейіттай ағамыз қосылып, жалпы аштық акциясы қырық бес күнге созылды.
Билік қойған талаптарымыздың орынды екенін мойындап, сол жылы қалалық әкімшіліктен он пәтер бөлінетінін, кейіннен, әр деңгейдегі басшылар қойылған талаптардың орындалатынына уәделерін үйіп-төгіп беріп жатты. Аштықтың соңғы күндерінде Расылхан мен Аманжол да қосылған еді. Сөйтіп, біз аштықты тоқтаттық. Аштық барысында адам ағзасының керемет қасиеттеріне таңқалмасқа шарам қалмап еді. Олай дейтінім, алғашқы күннен аштыққа дөңгелектеніп кірген Мейірбек Еркінбегіміз, аяғында, жіптіктей әп-әдемі болып шыға келгенін көргенде, баршамыз риза болып қолын алған едік. Тіпті, жасарып кеткендей болып та көрінген еді. Ең бастысы: түрме мен этаптарда көрген қиындықтар мен денсаулықтарының жағдайлары; үй-іші отбасы жағдайларында болып жатқан әртүрлі қиындықтар мен кикілжіңдерге қарамастан; алаңда ар мен намысты биік көтерген азаматтарымыздың бейбіт өмірде де, азаматтық қоғам қалыптастыру жолында ерлік пен бірліктің өлшеусіз үлгісін көрсеткендерін әлі күнге дейін мақтан тұтамын. «Бір атаның балаларындай» болып керінетін, сол кездегі «желтоқсандық бірлік пен бірізділікті» жанымнан таппай қалған кездерімде, кейіннен, үй ішінен қос тіккен желтоқсандық ұйымдардың басшылары бір бірімен болмашы дүниелерге бола «ырылдасып» жатқандарын естіп қалған кездерімде, көк бөрідей Айға қарап ұлып қоя бергім келіп кетеді.
Жарқын бетбұрысымыздың жойқын беташары, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін, қазақ ұлтының гүлденуі үшін, оның тарихы мен мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың барлығына да аса қымбат, аса қасиетті – «Желтоқсан 86» мен желтоқсандықтардың өмір белесіндегі аштық акциясы осылай аяқталған болатын.
Заманбек жайлы жазбадан
Алдыға қойылған жұмыс жоспарына сай, талап тілектерімізді жеткізу мақсатымен Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтың қабылдауына бара жатырмыз. Демократия уйінен шығып, кунделікті әдетімізбен "11 маршрут", тікелей тарттық. Қасымда желтоқсанның абыройлы азаматтары семейлік - Қадыр Есімбаев және жамбылдық - Жамбыл Тайжұмаев. Ә дегенше, қажетті жерімізге желдей есіп жетіп келдік. Кіре берістегі милиционер жігітіне құжаттарымызды көрсетіп, екінші қабаттағы қабылдау бөлмесіне көтерілдік. Хатшы да келгенімізді көріп, іркілместен , біздерді өзі бастап алып кірді. Желтоқсан қоғамдық бірлестігінің төрағалық қызметін атқарған алғашқы жылдарым. Алып денелі ағамыздың орнынан атып тұрып, алдымыздан шығып,"ассалаумағалейкум" деп ұсынған қолдарымызды алып, оң жақтағы улкен дөңгелек столға бастап барып, төрге жайғасты да, жағалай отыруымызды сұрады. Кабинеттің оң жағында дөңгелек стөл біз сияқты қазақтармен әңгімелесуге әдейі арналғандай екен. Ортадағы ұзыннан ұзын стөл әкімшіліктің өздеріне қатысты жиындарына арналғандай. Ең жоғарыда ағамыздың телефондарға толы жұмыс столы жайғасыпты.
Жанымдағы жігіттерді таныстырып болып, қара папкамдағы қажетті құжаттарымды шығара бастағаным сол еді, телефон тұтқасын алып, орынбасарларының бірін шақыртты. Есіктен сәлем беріп сұңғақ бойлы қолында қалам - қағазы бар Виктор Вячеславович Храпунов енді. Әңгіме желісін былтыр ғана қолымыз жеткен Президент жарлығына байланысты шыққан, Премьер-министрдің Өкімі, құрылған арнайы комиссия мүшелерінің жұмысы жайына бұрдым. Көрсетілген, орындалуға тиісті жерлеріне тоқталып, орынбасарына қажетті нұсқаулар беріп, көтерілген сұрақтарымызға толықтай жауабын беріп көңілімізді бір масайратып салмасы бар ма, ағамыздың.
Айта кететін жайт, бір сағаттай өзара әңгімеміз тек қана қазақ тілінде өрбіді, құлағы тесік орынбасары тікесінен тік тұрып, бастығының да, біздің де көңілімізден шықты. Орынбасарына тапсырмаларын беріп, шығарып салысымен, біздерге қарап,"...
- Әй, жігіттер ерліктеріңе рахмет, маған салса барлық жұмыстарыңды, аз уақытта шешіп берер едім, әттең, барлық билік "қонжықтың" қолында, соған қаратып қойды ғой" дегені. Кім жайында меңзеп отырғанымды сезіп отырған шығарсыңдар, - деп қайырды. Иә, онысы Терещенко екені бесенеден белгілі еді.
Жалпы жағдайларымыздың анық қанығына қанып, біртүрлі тұнжырап қалғандығын байқап, әңгімені жеңіл жаққа бұра бастағаным сол еді, Жамбыл, өзінің ақтала алмай жүргендігін айтып, "тупиковое положение", - деп қалмасы бар ма. Орнынан атып тұрып, "жігіттер, тупиковое положение у не бывает",- деп, төр жақтағы телефондарға толы өз орнына жылдам басып барып, тұтқасын қолына алып, біреуді тере бастады. Бірдеңені бүлдіріп алғандай, жігіттер бір бірімізге қарап қалыппыз. Қысқаша амандасып, анау комиссия мүшелерінің бұрышына менің фамилиямды іліпті, жігіттер әлі күнге ақталмай жүр екен, тезірек ақтасаңдаршы!, - деп телефонның құлақшасын қоя салғаны... Кейіннен аңғарғаным, Сол кезде Жоғарғы Соттың төрағасы Айтмұхамбетовқа хабарласқан екен. Ал, жігіттер әңгіме бітсе, осымен амандықта болайық,- деп қолын ұсынып, нық басып келе жатты. Ризашылық пен рахметімізді жамыра айтып, біз де ағамыздың қабылдауынан шығып келе жаттық. Расымен, көп уақыт өтпестен біздің жігіттер "пачка-пачкасымен" ақтала бастады. Комиссияға жан бітіп, сол жылы жігіттеріміздің денсаулықтарын Алматы қаласындағы "диагностикалық" орталықта толықтай, ақысыз тексеріп алуға мүмкіндік жасалынды. Марқұм Қайраттың анасы - Дәметкен апамызға, Шора Қарабаевқа, Қасым бауырымыздың апайы - Гүлнәр Әбілқайыроваға (бір уйден екі адам сотталған) жалпы жиналыстың шешімімен пәтер кілтін табыстауға мүмкіндік туды.
Бұл біздің "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің келесі бір жеңісті, жемісті жылдары еді.

Президенттік дода
Желтоқсан 86-2011
Осыдан дәл 4 жыл бұрын, 2011 жылғы Президенттік сайлауға (додаға) түскен 22 азаматтың қатарында - 3 партия тарапынан, 18 - жеке азаматтар және жалғыз қоғамдық бірлестіктер атынан - Желтоқсан туын көтеріп, кешкісін астаналық желтоқсандықтар - Тоқтар, Марат, бауырларым - Сәлім, Ерзаттарды ертіп ҚР ОСК ғимаратына бет алдым.
Республикалық "Желтоқсан" халықтық-патриоттық қозғалысының атынан ұсынған құжаттарымды мұқиат қабылдап жатқан ОСК орынбасары В.К. Фоостың іс-қимылы мен сөйлеген сөздерінен абыржығандық, сәл қобалжығандық іздерін байқап қалдым. Телефонында дамыл жоқ, қолдау көрсеткен ұйымдардың мөрлеріне қайта-қайта үңілумен болды. Бірталай уақытқа созылған бұл көріністің үстіне ентігіп жеткен спорттық киімдегі ақсақалмен амандасқанымыздан кейін, кеңсесіне бірге жүруімді сұрады, әп дегеннен дөкейдің өзі екенін аңғардым. Қабылдаудың соңғы күні мен сәттерінде пайда болғандығым ба, әлде қасиетті желтоқсанның шарапаты ма, кіре берістегі милиционерлермен қатар сол ғимаратта қызмет жасап жатқандардың бірталайын әбігерге салып қойған сияқтымын, ҚР ОСК төрағасы - Қ.Т. Тұрғанқұловтың кеңсесіндегі жеке әңгімелесуімізден кейінгі ойларымнан түйгенім. Әңгіме соңына таман енген ОСК хатшысы Б.С. Мелдешов мырза кеңсесіне ертіп барып сайлауға қатысты ақпараттармен таныстыра бастады. Қарапайым қазақилықпен жөн сұрасып, жездемді де тауып үлгердім. Алдағы қазақ тілінен өтетін емтихан ең соңғы күнге белгіленіп қойылғанын естігенімде, жезделігін бірден пайдаланып, емтиханға дайын екенімді жеткізіп, мүмкіншілік болса, алдыңғы күндерге болмас па деген ойларымды да төге салғаным.
Құжаттарымның тіркелгені бойыма ерекше күш бітіргендей, Алматыдағы желтоқсандықтарға да хабарласып үлгердім. Үйіме қанат біткендей әсермен еніп, теледидардан Ғани Қасымов ағамыздың тіркеліп қана емес, қазақ тілінен емтиханды тапсырып үлгергені жайындағы сюжетті көргенімде, жағамды ұстаған жайымды қалайша жасырайын?!...
Түсіме қазақ ренессансының басы - Ұлы Абай еніп, біртүрлі жақсы әсермен тұрдым. Өзімше жорып алғаннан кейін, үйден Абайдың қара сөздерін іздеп тапсамшы, онсыз емтихан тапсыруыма жол жоқ екендігін топшылап та қойғанмын. Тоқтардың кітапханасынан табылған қос тілдегі Абайдың қара сөздері менің кейінгі өміріме өзгеше өрнек салып қана қоймай, ой иірімдеріне батырып әкеткендігі соншалықты, екі күннің қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын.
ОСК хатшысымен хабарласып, келмей қалуы мүмкін деген үміткердің орнына ұшып жетіп, кіре берістен қарсы алған БАҚ мен журналистердің сауалдарына ләм-мим деместен емтихан алатын залдан бірақ шыққаным. Тіпті, хатшының он минут бұрын жолығып кетуін өтінгенін де есімнен шығарып алыппын. Дереу жинала бастаған комиссия мүшелері алдыңғы дөңгелек үстелдің бойына жайғаса бастады. Төр жақтан еніп келген Мырзатай Жолдасбеков ағамызға "ассалаумағалейкум", - деп амандасқаным есімде. Отыз жыл бұрын тамамдаған мектеп ордасымен, 17 жылда әрең қол жеткізген - ЖОО дипломынан кейін емтихан тапсырып отырғаным осы болатын. Еркін тақырыпты таңдап, сол кездегі ұлтымның қол жеткізген тәуелсіздігі мен ертеңіне байланысты ойларыммен, толғаныстарымды жеткізуге келгенде қаламым өзінен өзі жүйтки жөнеліп, тіпті, өлең шумақтарыммен аяқтаған едім. Ол жағы жеке бір әңгімеге арқау...
Емтиханнан өте салысымен, жол жөнекей Қарағандыдағы жігіттерге тоқтап, Сарыарқамның сарышұнақ аязына қарамастан, жеке көлігіммен Алматыға Сәлім бауырымыз екеуіміз жеткен де едік. Қарсы алған желтоқсандық бауырларымның ыстық құшағы мен ниеттерінің кеңдігі соншалықты, кеңсемізге де симай қалғандығын қалайша ұмытайын?!...
Уақыттың аздығы, сол кездегі ауа райының жағдайы мен қаржының тапшылығы өз дегенін жасады. Жазған хатыма хабар болмаған соң, бір жетіге жетер жетпес уақытта 80 мың қолдау жинап, екінші турға өтуіме 11 мыңдай қолдау жетпей қалғанын мойындап, 2 наурыз күні Астанада додадан шығатынымды ҚР ОСК жеткізген едім.

Дода барысында қаржылай, басқа да көмек көрсетпек болған, кейіннен, сөздерін жұтып қойған "жігіттер" жайы жеке әңгіме.
Ал, жер-жердегі қолдау көрсеткен халқыма, әсіресе, өз қаржыларына ауылдарын аралап кеткен желтоқсандық жігіттер мен қыздарға алғысым шексіз!
Соңы.