Шымкентте осыдан екі ай бұрын болған жойқын жарылыстың құпиясы ашыла бастады. Бетон қабырғаларға дейін құлатқан үйіндінің астында “бауырымыздың денесі жатыр” деп, Ізбасқан Ерғараның туыстары қанша жерден зар илегенімен, сол кезде құтқарушыларда, полицейлерде сенбей, үйіндіні аршып, денесін іздеуге құлық танытпай қойған. Ақыры, қолдарына күрек алып, өз беттерінше 50 күн бойы қазған жақындары, мәйітті алып шықты деп хабарлайды halyknews.kz
Мәйіті үйіндінің астында қалды деген туыстарының сөзі бүгін расталып отыр. Дәл осы ескі құрылыстың үйінді астынан бүгін құзырлы орындағылар қырық жастағы Ізбасқан Ерғараның мәйітін аршып алды.
Оқиға орнына келген Ізбасқанның туыстары түсірілім тобын ішке кіргізбекке әрекеттенді, алайда полиция өкілдері басшылар әлі келмеді, рұқсат жоқ деп тиым салды. Бұл жағдай қайғырған кісілердің ашуын келтірді.
Шымкенттегі Қорғасын зауытының ескі ғимараты маңына полицейлер көп жиналды. Бәрі жедел топтың келуін күтуде. Сондай-ақ, Ізбасқанның мәйіті табылды дегенді естіп келген оның туыстары да осында. Мәйіт жатыр дегенге сенбегендердің бірі төтеншеліктер болса, енді бірі міне, осылар – деген марқұмның туыстары полицейлерді нұсқап көрсетуде.
МАЙ ЕРҒАРА, Ізбасқанның ағасы:
– Қырық тоғыз күннен бері осында жатыр. Осында бірнеше адам жатыр, не только он. Оның алдында да бір өлік шыққан. Бұлардыкі никакой, обсолютно бездействие. Ссылка только. Милиция оған. Анау мынаған.
Ізбасқанның туыстарына қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салушылар көп болған. Ең алдымен апатты ғимаратқа күзетшілер жібермесе, кейін кепілдегі мүлік деп банк қарсы шыққан. Төтеншеліктер мен полиция да, тіпті әкімдік те ат тонын ала қашқан. Туыстары Прокуратураға, Президент әкімшілігіне дейін жазған шағымдардан соң, аз ғана қозғалыс болған. Арнайы жасақ түске жақын мәйітті тапқан. Ал төтеншеліктердің он жұмысшысы мен арнайы техника жасағы жұмысты таңғы он шамасында бастағанын айтады. Алдымен қауіп тудыратын кедергілерді жойып, кейін қазуға кірістік дейді. Алайда мәйіт туыстары айтқан орыннан арырақ жерден шықты деп отыр.
ТАЛҒАТ БАЙСАРИЕВ, Жедел жасақ басшысының орынбасары:
– Нәтижесінде жоғалған кісі табылды мәйіті. Ішкі істер басқармасының қызметкерлері мен туыстарына мәйіт алып шығарылып берілді.
Полициядағылар мәйітті сараптамаға жіберетінін айтып отыр. Туыстары артынша жерлеуге алып кетеміз деді. Елу күндей үйінді астында қалған марқұм Ізбасқанды іздеуге құлық танытпаған құзырлы орындағылар үстінен ашынған ағайындары шағым беретіндіктерін де жасырмай отыр.