Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Моңғолия қазақтары» атты көлемді кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды baq.kz
Жинаққа Моңғолия елінде дүниеге келіп, екі елге де бірдей еңбек сіңірген және әлі де қызмет етіп жүрген азаматтар жайлы энциклопедиялық анықтамалық түрінде мәлметтер енгізілген.
«Бұл еңбек Моңғолия қазақтарының осы елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуна қосқан үлесінің тарихи орны мен рөлінің, зиялы қауымының өз ортасындағы өсу жолы мен бет беделінің айғағы. Атажұрт – Қазақстан Республикасының бүгінгі жасампаз өркендеуіне қосып отырған материалдық әрі рухани үлестерінің куәсі болмақ» - делінген кітаптың алғысөзінде.
Сонымен қатар, бұл жинаққа қазіргі Моңғолия қазақтары арасында болашағынан үміт күттіреді деген сенімге ие талантты жастардың да бір шоғыры қамтылған екен.
Әрине, әркім өзінің қал-қадерінше еңбек етіп, өз шамасынша қазақ ұлтының дамуына қызмет атқарып келеді. Осы бір жинаққа бір елде тұратын барлық қазақты сидырамын деу әбестік екенін айтқан құрастырушылар бұл еңбектің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартқан тарту екенін айтады.

Бүгін басылымды Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласындағы қазақ зиялыларына таныстырған жоба жетекшісі, кітаптың редакторы, ҚР Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қалыбек Қобыландин Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақ зиялыларын қабылдап, арнайы сый-сияпат жасады.