Ақиық ақын Таңжарық Жолдыұлы мен дәулескер күйші Әшім Дөңшіұлының аты Күнес қалашығы орталығындағы орталық көшелерге берілетін болды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Аталған әкімшілік орын Шыңжаңдағы Іле аймағында орналасқан әлемдегі қазақтар ең көп қоныстанған аудан Күнес ауданының орталығы болып табылады.
Күнес ауданының әкімшілігі 9-желтоқсанда арнаулы қаулы қабылдап, өткен ғасырда әдебиет пен мәдениетке еңбек сіңірген, артына таудай мұра қалдырған, осы өңірдің перзенттерінің есімін орталықтағы хан көшелерге қойды.
Бүгін, 13 желтоқсан Шыңжаң автономиясына таралатын қазақ тілді телеарналар мен радиолар бұл туралы арнаулы хабарлар жасап таратқан. Сондай-ақ, Іле облыстық қазақ радиосы 14-желтоқсан күні таңғы эфирден қайталай хабарлар тарататын болады.
Оқырманның есіне сала кететін болсақ, Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алашорданың арғы беттегі жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлы, атақты күйші Әшім Дөңшіұлы осы Күнес ауданында туған. Олардың аты туған ауылында ғана емес Жетісу өңірінде танымал болды. Ілені ен жайлаған қазақты бірі жырымен тербесе бірі күйімен сусындатты. Әшім Дөңшіұлы (1896-1962) өз жанынан жүзге тарта күйлер шығарған.
Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) – түрме әдебиетін қалыптастыруымен аты танымал. Бірнеше жылын Қазақстанда өткізген Таңжарық – Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Ол – Шыңжаң өңірінде алғашқы қазақ газетін шығарып, театр ашқан, ұстаздар жасақтап, мектеп салдырған ағартушы. Ең бастысы, Таңжарық – Әлихан Бөкейханов бастаған «Алашорданың» Қытай жеріндегі өкілі болды. Ол өз өмірінің он жылға жуық уақытын түрмеде өткізді. Қайсар қаламгер Таңжарық шығармаларының 80-90 пайызы түрмеде жазылған.
Аталған Күнес ауданында қалың жұртқа танымал жазушы Жұмәділ Маман, «Көк тудың желбірегені» әнін өмірге әкелген Ермұрат Зейіпхан сияқты тұлғалар туған.
Айта кетсек, Таңжарық пен Әшім атына Астана қаласында да көше атаулары берілген.