7 желтоқсан күні "Нұр Отан" партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовпен өткен қабылдауға 9 жасар қыз Мейіргүл Алматы қаласынан келіп, ата-анасының виза мерзімі өтіп кетуіне байланысты бес жылсыз келе алмайтын етіліп елден тысқары жерге шығарылғанын, өзінің Алматыда жалғыз қалғанын айтып, әке-шешесін қайта оралту туралы министрден көмек сұрағаны жайлы Қамшы порталы жазған болатын.
Осы мәселеге байланысты, 8 желтоқсан күні ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев «... Қазіргі уақытта ІІМ тарапынан олардың Қазақстанға келуіне ешқандай шектеу жоқ. ҚХР-дағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде виза рәсімдеген жағдайда олар Қазақстанға еш кедергісіз келе алады» деп 9 жасар Мейіргүлге үміт сыйлаған еді.
Алайда, жағдай біз ойлағаннан мүлдем басқаша болып шықты. Үрімжідегі Мейіргүлдің анасы Оралханға телефон арқылы хабарласқанда, ол бұл мәліметті жоққа шығарды. Осы мәселе төңірегінде «Нұр Отан» партиясының қызметкері Ауыт Мұқибек өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады:
«Мейіргүлдің ата-анасы Қытайға барған соң, Үрімжідегі Қазақстан консулдығынан 2016 жылдың 22 тамызынан бастап, 2017 жылдың 21 тамызына дейін бір жылдық Қазақстанға өту визасын алған. Бірақ, консудық базадағы әкімшілік жауапқа тартылған деген мәліметке сүйеніп, олардың визаларына «жойылды» деген таңба басып тастаған. Сол себепті олардың Қазақстанға қайтып келе алмай отырғанын айтады. Оның үстіне, Оралхан екінші баласына жүкті екен. Қазақстанда босанғысы келетінін айтып, көмек сұрап отыр...
Қазақстан Республикасының Үрімжідегі консулдығымен телефон арқылы байланысқы шығып көріп едік, тілдесу мүмкін болмады.
Бұл мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы айналысып жатқан көрінеді, нәтижесі не болар екен? Оны алдағы уақыттарда білетін боламыз.
Қазір осы әкімшілік құқық бұзушықлық жазасына тартылып, Мейіргүл секілді тумаларынан бөлініп қалған жандардың саны аз емес.
Мысалы, сенатор Мұрат Бақтиярұлының 6 қазанда ҚР Ішкі істер министрлігіне депутаттық сауал жіберіп анықтауынша, 2015 жылы жалпы 307 этникалық қазақ елден тыс жерге шығарылыпты.
2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты.
Ал, 2014 жылғы көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін!
Бұрын бір мәрте әкімшілік құқық бұзған шетелдік азамат жазаға тартылып, өз еліне қайтарылатын болса, өткен жылы қайта қабылданған Заң жобасында бұл норма бірнеше рет бұзған дағдайда елден шығарылады деп өзгертілді («Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бап, 5-тармағы).
Соған қарамастан, биылғы – 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыздің жазаға тартылып, өз еліне қайтарылуы – жұртты қатты алаңдатып отыр.
Міне, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 30000 қылмыскерге рақымшылық жасау туралы Заң жобасы қабылданды.
Сондықтан, Қазақстан Республикасының ҚР Ішкі істер министрлігі де 2013 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Көші-қон» Заңының тым қатаңдығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бері Сот шешімімен елден тыс жерге шығарылған сол қандастарымызға да бір мәрте рақымшылық жасаса, өте дұрыс һәм сауап болар еді!»
9 жасар қыздың тағдыры барлығымызды да алаңдатып отыр, сонымен қатар сол секілді қаншама жандар өз жақындарынан қол үзіп, тіпті тілдесе де алмай жатыр. Қазақ баласын шетке теуіп, жетімін жылатпаған ел еді, ал қазіргі таңда ата-анасынан тірідей көз жазып қалып, көрісе алмай жүрген жандар қаншама. Құшағымыз кең, алайда, бөтен ұлтқа кең құшағымызды жая бермес бұрын өз қандастарымызды өзге елде қан қақсатпай елге оралуына көмек қолымызды созайық!
Қамшыгер: Назерке Лабихан