Жазмыш

/uploads/thumbnail/20170709190342887_small.jpg

Ол табаны тозып пәтеріне кеш келді. Үйге кіре портфелін төсекке лақтыра сап, етпетінен сұлай жата кетіп, құрт-құмырсқаға зәбірсіз жуас жүзімен қалта телефонның көзесіне қыдия әлгі хатты қайта оқыды. Қанша қайталап қарағаны есінде жоқ. “Нью-Йорктегі жермен жексен болған дүниежүзілік сауда орталығындағы құрбандарды еске алуға бардым” деген сөз жатталып қапты. Одан бұрынғы жазғандарын да шолып шықты. Сосын жағын таяна қос бұрым, қос етек көйлек киіп түскен суретке көз жүгіртті. Осы фотоны тапсырып алған күні скайп арқылы тілдескен. Сонда қыз “ежелгі ата-бабамның жерінде түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі, мейманхана болмапты” деп қайран қалған.  

      Жілік күміс күзден бері тұп-тура бір жыл өтіпті. Бүгінгідей ала-кеуім мезгіл еді. Шығысын Атлант, батысын Тынық мұхит көмкерген жарты шардың қия беткей, шың құзын көктей ұшқан ұшақ Алматы әуежайына қонған. Төркіндеген қыздай «ағатайлап» келіп мойнына асыла түсіп “туған жерім!” деп көз жасын ірке алмай бұршақтата төгіп жіберген. Өзекті өртер өксік зар дерсің! Кім білсін!Жаутаң жанарға отан оттай ыстық басылған шығар?!  О жағын ойлауға мұның мұрсаты тимеді. Ит арқасы қияннан жеткен бейтаныс қарындасын қолды-аяққа тұрғызбай жетелей жөнелген.

     Төбесін күн өпкен ұлы даланың ақбас шыңына көз салғаны сондай сүйкімді. “Шіркін! Мынау алдымдағы қараторы, қыр мұрын, сымбатты жігіт Америкалық болғанда ғой!” деп қиылып тұрғандай көрінген. Келуі қандай тез, қоржынын бөктеріп кетуі солай тез болды. Кетіп бара жатып шер-шемен шөккен сұраулы көзбен қимай қараған еді.  

Бұның өмірі жайлы сұрауға батпай жүргенін сезді. Ол өгей шешесінің протестант әйелдерден өзгешелеу католик дінін ұстанатынын қысыла жеткізді. Әкем ертерек бақилық болып кеткен деді. Ол кісі еврейтектес екен. Олардың екі баласы өз бетімен өмір кешіп жатса керек. Шаһарлы шақта жолға шыққалы жүргенінде өгей шешесі қайтыс болыпты. Көзі тірісінде қазақ қаны екенін есіткенде, бойын бір түрлі үрей билеп алғанын бүркеп жасырмай айтып берді. Туған ата-анасының мейіріне бөлену бақыты бұйырмаған қасіретін қан жылап отырып айтқанда іштей аяды. Екі әлем, екі өмір жан дүниесін қақ айырып қаңғыртып жібере жаздағанын емеурінен түсінген. “Сені Құдай жолықтырды, ата-бабаңның салт-дәстүріне тәнтімін, сол үшін азан шақырып қойған есіміңді өзгертпедім. Есейгенде еліңнің азаматтығын алу-алмауды өзің шеш, әке-шешеңді тауып берем, олармен бірге қалам десең өзің біл, қандай шешім қабылдасаң да Америкадағы ең озық оқу орнында оқытамын” депті шешесі шынашақтай қызының шекесін сипап. Өгей шешесінің арқасында аты мәшһүр Америкада не ішіп, не жеймін демепті. Гавай, Кариб аралдарын қыдыртып, үлде мен бүлдеге орап, аспандағы айдан басқаның бәрін әперген шыншыл, ақ ниетті анасына әйтеуір шаң жуытпады. Дүние қызығына керімнің желісіндей елп етіп ере жөнелмеген шөкімдей қыз өзі тұрып жатқан жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен қауым елдің тектен текке сабылмағанын бәлки түсініп түйген. Ондай жерде бағып-қағып, шартарапты шарлатқан кісіні кім жек көрсін! Мейлі, жөн-ақ делік. “Американдық төлқұжат алғанға шейін не бақ, не сорын білмегені оқа емес. Оның бұла өскен өмірін жазмыштың жазуына жауып жалтара салудан аулақ етсін.” деді ол өз-өзіне үн қатып.   

Шалқасынан аунап түсіп, қолын айқастырып желкесіне қойды. Төбедегі бір ноқатқа қадала қарап үнсіз жатты. Сол бір нәзік бейне көз алдында қаз-қалпы қаздиып тұрып алды. Алабажақ алаң өмірде қоңылтаяқ аяғын мүк басып, ыстықта қаталап, суықта тоңып, зұлымдық дәмін татқан бір бейбақтың қызына алуан жүйрікті бауырына басқан ұлы дала төсі тарлық еткеніне қынжылып іші удай ашыды. Арқан керіп құда күтетін салтты көрмей, жат жұртта жетілген қара көзді сонша ойлап мәжнүн болып кетердей күй кешкені қалай? Кіндік қаны тамған жұртын, ен-таңбалы елін жүрек төрінде сақтар деген үмітпен өзін-өзі жұбатып әлсін-әлі әлекке түскені несі!  

Жеті қырдың астында жағасы тырна-тырау “жетім өсіп, желкені тессін?!” Дәркүмән өмір кешкен сол бір қыздың көз жасына боз жер жібісін!  

Орнынан тұрып екі этажды коттедждің екінші қабатының түкпіріндегі тым-тырыс дәліздің ашық тұрған терезесінен сыртқа мойнын созды. Саумал самал еседі. Сол самал әуенімен бірге Тәңірі өзі жебеген бабаларың бұ дүниенің рахаты, о дүниенің ұжмағын аңсайтын пендеуи пиғылдан биік болған дегендей үн естітеді. Пендешілік мезі еткен мезгілде бұлда алданыш сезім секілді сезілді. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, Құдайға құлдық ұрып періште сәбиін тал бесікте тербетіп әлдилеген елде асадал асын ішкізбей, өзгеге жетектетіп жіберген “жетім құлын жорға болар!” деп күтуі тұйыққа тірелген.  

Сосын бұрынғы оқыған дүниелері ойына оралды. “Бала асырап алу ежелгі римдерден басталыпты. Орыстар жетімді христиандардан басқа біреудің бауырына басып алғанын қаламайды екен. “Жетімді жебеу – сауап, игі іс, сол ісіңмен Христостың даңқын асқақтата түсесің” депті миссионерлер. Ілкіде Еуропадан Америкаға жеткен діншілдер жетім балаларды асырап, есейгенде солардың үнімен діндерін үгіттепті. Осының бәрін біздің бабаларымыз бір-ақ ауыз сөзбен “бала баққандікі” деп түйіндеп кеткен жоқ па?  

Оның назарын мүлде басқа бір көрніс бұрып әкетті. Бағанадан бал-бал тасқа арқасын сүйеп отырған жүдеу әйел күрең жүзін ақбас Алатаудан бұрып, қасындағы ағаш орындыққа қарай барып жайғасып, көнетоз шапанның өңірінен шырпы алып шылым тұтатты. Аһ, дүние-ай! Әлдекімнің мүсәпірге тастаған пақыр тиынындай дат басқан кейіп-кеспірі көңілді тіпті құлазытты.

– Бейбақ құбақан өмірден нендей тауқымет тартты екен? Алдап-арбап асайтын әлдебір ашкөзді пір көріп, тас жұтып, өз жағына Құдай шықпай қойып, пейілін бұзды ма екен? – деп күрсіне күбірлеп бөлемесіне кіріп, экран ішіндегі күңірлі қобыз сазы тебіренткен теледидардың дауысын бәсеңдетіп, жантая жатып еді, көзі ілініп кетті.  

Ой, Алла! Бейшара анасы ине көзінен жіп сабақтап Марста отыр. Тұмсық сыпырып, көз ашқан қара жерде емес, жат планетада жүргені несі деген ой келді. О жақта жан иесінің тегі өзгеруі мүмкін екенін білмейтін болар? Ол жерге Гагарин жете алмай қаңғып кеткенін айқайлап айтқысы келді. Айта алмады. Сонда да оны-бұны сарнап сөйлей берді. Арыстандай айға атылған Гитлер тылсым күшке құрық салып, “өлмейтін өмірдің” легионын іздеуге сарбаз жіберіп, Шамболаны жасақпен күзетпек болғанда Марсты армандап, аһ ұрып діңкелеп пе еді дейді. Онысын бәрі-бір анасы естімеді. Ертегідей елеске еліткені соншалық “өмірге бөрі – ене бола бермес” деді өзінше сәл сабыр сақтап. Осынау көріп жатқан бұлдыр елес қас-қағымда ғайып болып, баяғы балалық шағына қайтып оралыпты. Күндегі абыр-сабыр, күйбең тірлік. Аула ішінде әке-шешесі мен бақташы жүр. Сонау бір қызықты күндері көз алдынан қайталанып өтіп жатыр. Жалғыз аяқ сүрлеу жолмен бірінен кейін бірі маң-маң басып, бәйге төбеден асып бара жатқан сиырлар, құйрығын бұлаңдатып қасынан қалмай жүгіріп жүрген ала күшік, қараған бұтаны кеміріп, ботасын танымай жеріп кеткен қара інген тұр. Бақташы қой қораның есігін ашып әбігер. Көк серкенің соңынан жерігіш қойдың қара төбел қозысы ере шықты.   

       – Енесін қоя берейін бе? – деді қозыға сүт берген бұл шешесінен сұрап.

       – Күннің сұрқы жаман, туып қалса әуреге салады.

       – Бара берсін, желімі толған жоқ, – деді күн шуақта отырған әкесі.

       – «Ассалау...» қайда?  

       – Қолың кір.

       – Қырсығын қарай гөр өзінің, аю келе жатыр десем, қарны арқасына кеткен өрмекшідей тырбына жөнелесің, ә? – деп еркетотай сақауша бұртия, бұның шашынан умаждай уқалап, жерде жатқан қарала қапты жұлқа көтеріп иығына салды.

      – Айта береді, көңіліңе алма! – деді әкесі араша түсіп. – Оның бұйра шашты қазан басына бәлен жұрттың тілі бар, – деп артынша қойшыға қарап жымиды.

       Әкесіне жалт бұрылып қарай бергенде ұшты-күйлі жоқ шықты, сонда барып жапан далада жалғыз соқа басы сопиып қалғанын білді. Зәре-құты қашты. Құлында құлын жаны шырқырап зыр жүгірді. Анасының айқайлап шақырған дауысы жаңғырып алыстан естіледі.    

– Құлыным! Ботам! Қайда кеттің?   

Селк етіп шошып оянды. Бастығырылып қара терге малшынып жатыпты. Төсектен атып тұрып терезенің алдына барып бабалары жатқан төбеге көз тікті. Тасы алтын сары даланың жұлдызды аспаны астында төбел туған қасқа құлындай көрікті Алатау менмұндалап тұр. Қуы қаңқылдап, күйкентайы қасқыр алған жусанды қыратта ашамай мініп, ат жалын тартқан туған жері асқар Алтай тауы елестеді. Әлгінде түсінде көрген жерігіш қойды әкесі сойып алғалы жүргенде аяқ астынан жоғалып кеткен болатын. Соны іздеп бақташының есігі алдынан өте бере, ешкім көзге ілмейтін қойшыны шыжғырған қатынының сөзі есіне түсіп еріксіз езу тартты.

– Ақпақұлақ ақымақ! Кең дүниені қашанда келте кесіп көбең сөгіліп жүреді. “Жерде жетім налыса, көкте періште қайғырар” деп аяғыңды айқастыра тар қапаста жатып, пулеметше сақылдап құлдыраңдауды қоймайсың!

Есте жоқ қай-жайдағы ескі дүниелер есіне орала бергенін. Әкесі жасаған итарбаны тәй-тәй басып айдағаны ұшқындап бал-бұл елес беріп өтті. Жарықтық әкесі тай мініп Тәшкент барып, балшы боп қайтқан кісіше төңіректі көзінен таса қылмайтын. Өкшесіне нәл қағылмаған кезбе ойнақ салып кетердей жан-жағын қорып отыратын. Көрші кемпірдің көңілін сұрап қайтқан жолғы сөздер де еміс-еміс есіне түсті.     

– Мыстан неме итінің итаяқ жалағанына мәз, шошаңдап валерианка болмай бала туып алғанда, бүйтіп дөңбекшіп жатпас еді, – деп әкесі тыжырына бұрқылдап еді.

– Тут болит, здесь болит, не пойму где болит! – деп қаншырдай денесімен  арлы-берлі аунап, барбиған саусақтарымен біресе санын, біресе белін нығырлай нұқыған кемпірді суқаны сүймей, – Сәбеттен қалған мыстан шүлдірлеуін қоймады! – деген келе жатып кекетіп.

– Әке, Құдай көп пе? – деп сұраған бір әйел бір еркектен қабырғаға тақап қойылған диванның жоғарғы жағына ілінген кемпірдің үйіндегі суреттерді тілге тиек етіп.  

– Құдай жалғыз!

– Әлгі әжейдің дұғаларын қалың Құдайлар түгел ести ме? – деп тақылдап қоймай сұрап, – Соншама көп құдайы бола тұра неге ауырады? – деген.

– Қарағым-ай! “Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес” – деді әкесі қалтасынан бір тал кәмпит алып. – Міні, тоқсанға келген атаның сарқыты.

– Ол кісі қайда?

– Қайтыс болды.

– Әке тоқсан жыл өмір сүру аз, анам екеуің жүз жасауларыңыз керек!

Әкесінің сөздерін жалпақ танауының желбезегі желпілдеп тұрып ойына алды. Бала кезінен бері сөйтетін әдеті бар. Осылай терең мұңға шомған шақта абалап жүгірген ала күшікке де көз салмайтын. Әзірде, дәл солай бір түсініксіз күйге енген.  

– Жалы тілерсегіне түскен арыстандай айбатты ата-бабамыз қорғап келген жерде әр қазақ ұрпағын өсіру парыз! Қар ханның төрінде баладан артық байлық жоқ. Жеті жұрттың тілін білсе де, осынау ұлы дала топырағында туып-өскен ұл-қыз мәңгі қазақ болып қалу керек! – деп бұйра шашынан құшырлана иіскеген әкесінің бейнесін елестеткенде денесі дір ете түсті.

Құдіреттің хикметтіне шек бар ма?! Қарашы. Сол аяулы әке-шеше енді елеске айналған. Бақташы болса хабар-ошарсыз кеткен. Бұл алты қырдың астындағы аруды сарғайып күтеді. Бүгін тіпті сабыры сарқылғандай сезіледі.   

Таңдайы кеуіп, іші шұрылдап тұр. Күн ұзақ нәр татқан жоқ. Ішке кіріп кеседегі суық шайды ұрттап, қосулы тұрған теледидардың дауысын күшейтіп кешкі қорытынды жаңалықтарға құлақ түрген-ді “...кішкентайынан асырап алған өгей әке-шешесі бір-екі жыл бұрын қайтыс болған... Америкалық қазақ қызының үстінен қылмыстық іс қозғалды...” деген диктор жігіттің сөзін естігенде жан-дүниесі түршігіп, өзін қоярға жер таппай аласұрып кетті.

Бағай Назарбайұлы

Қатысты Мақалалар