Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Президенті В.Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Ресейдің Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Андрей Карловтың қаза тапқаны туралы хабарды Мемлекет басшысы зор күйзеліспен қабылдап, марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Бұл терроризм актісі осынау зұлымдықпен күрес жолында бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыру қажет екеніне тағы да көзімізді жеткізе түсті. Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды», – делінген жеделхатта.