Фетхуллаһ Гүлен баспасөз мәслихатын өткізіп, террор шабуылдарынан кейін орын алған арандату әрекеттеріне байланысты маңызды ескерту жасады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ол 1960 жылдың 27 мамырындағы, 1980 жылдың 12 қыркүйегіндегі төңкерістерге дейін жұртты «оңшыл-солшыл» деп бөліп, бір-біріне қарсы айдап салған әрекеттерді бүгін де қайталағысы келетіндердің бар екеніне баса назар аудартты.
Шейіттерге рақым және мәңгілік бақыт тілеген Гүлен түрік ұлтына және ұлдары шейіт болған отбасыларғажәне олардың жақындарына көңіл айтты.
Өткен апта Стамбулдағы Бешикташ ауданында 44сарбаздың, кеше Кайсери қаласында14 сарбаздың шейіт болуы, 55 кісінің жаралануынан кейін күні бойы Кайсери, Стамбул, Aнкара, Бурса, Кожаелиден бастап, Түркияның көптеген облысында текетірестер орын алды. Көбіне ХДП (халықтық-демократиялық партия), кей жерлерде РХП (республикалық халық партиясы), EMEПсекілді саяси партия ғимараты мен басшыларына бағытталған қысым, өртеу әрекеттері болды. Халықтың бұл қарсылығы әлдекімдердің бағыттауымен арандату әрекеттеріне ұласты.
Фетхуллаһ Гүленнің www.herkul.org атты интернет сайтында жариялаған мәлімдемесінде елде азаматтық соғыс отын тұтату үшін арандату әрекеттері орын алып жатқанына назар аудартып былай деді:
Өткен күндерден бүгінге дейін бірқатар жат пиғылды күштер бір жағынан кейбір топтарды арандатушылық пен көшеге шығарса, енді бір жағынан оларға қарсы топтарды оларға айдап салып, жұртты бір-бірімен қырылыстырып, сөйтіп өз мүдделеріне қол жеткізуге тырысуда.
«ОҢ-СОЛ» ДЕП БІР ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫН БІР-БІРІНЕ АЙДАП САЛУДА, ЕНДІ АЗМАТТЫҚ СОҒЫС ТҰТАТҚЫЛАРЫ КЕЛУДЕ.
Айтқандай, 27 мaмырға дейін басталып, 80 жылғы төңкеріске дейін, тіпті оның соңына дейін жалғасқан кейбір арандатуларда соған ұқсас адамдар халықты «оң-сол» деп сыныптарға бөліп, оларды осал жерінен түрткілеп, бір елдің азаматтарын бір-бірімен жауластырды, сөйтіп аққан қанның үстіне өздерінің билігін орнатуды көздеді.
Қазіргі уақытта да сондай сценарий ұйымдастырылуда, ұлтаралық әрі мәзһабаралық қақтығыстарға орта дайындап, тіпті Алла сақтасын, ел ішінде азаматтық соғыс тұтатқылары келетіні байқалады.
ЕЛІМІЗДІ ӘРІ АДАМЗАТТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН БАРША АЗАМАТ ӨТЕ МҰҚИЯТ ӘРІ САҚ БОЛУЫ ТИІС
Еліміз бен отандастарымызды жақсы көретін барша жан өте мұқият әрі сақ болып, арандатуларға ұрынбасын, әсіресе «басқаларға дәл солай есе қайтарам» деген қатыгез қағидаға бармағаны дұрыс.
Алайда, өкінішке қарай, мемлекет басқарып отырғандардың кейбірінің, бірқатар БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі иелерінің арандатушылық сөздері текетіресті қоздырып, қоғамдық дүрдараздықты одан әрі ушықтыра түсуде.
МӘСЕЛЕЛЕРДІ АҚЫЛМЕН, БАЙЫПТЫЛЫҚПЕН ШЕШУ КЕРЕК
Орын алған келеңсіздіктерді айғай-шумен, өртеп, қиратумен, кісі өлтірумен емес, ақылмен, парасат-пайыммен және байыптылықпен шешу керек.
Бұдан бөлек, Қызмет қозғалысы еріктілерінің ісінде көшеге шығып, шу шығару, біреулердің арандатуына алдану, әсіресе күш қолдану деген ұғымдардың жоқтығын тағы бір рет ескерте кеткенді орынды деп ойлаймын.
ҚЫЗМЕТ ҚОҒАМЫ КОНСТРУКТИВТІ ДИАЛОГТЫ НЕГІЗГЕ АЛАДЫ
Қозғалыс еріктілері қарсыластары өздеріне қандай ауыр әдіс-тәсілдермен қарсы келсе де, конституция шеңберінен және демократиялық құқықтық мемлекет шегінен еш шықпайды. Ешқашан заңсыз әрекеттерге бармайды.
Конструктивті диалогты негіз ететін Қызмет қоғамдастығы мемлекетін сүйетін, байыпты, байсалды, әр азаматтың өз құқығын қорғағанындайөз құқығын міндетті түрде тек заңды аяда қорғауға тырысатын болады. Ешқашан пиғылы жат әлдекімдердің айласы мен арандатуына Алланың қалауымен ермейді.
ШЕЙІТТЕРІМІЗГЕ МӘҢГІЛІК БАҚЫТ, ҰЛТЫМЫЗҒА ӘРІ ЖАҚЫНДАРЫНА САБЫР ТІЛЕЙМІН
Осы бір мүмкіндікті пайдалана отырып, шейіттерімізге тағы бір рет мәңгілік бақыт, ұлтымызға сабыр, басшыларға парасат тілеймін. Қан бөктіргендер өздері қазған орға өздері түссін!
Түйін сөз ретінде баршаны дұғаның күшіне сүйенуге шақырамын:
«Иә, Аллам, бірлігімізді күшейт, ынтымағымызды жарастыр, татулығымызды бекемдей көр! Өзің тура жолға түсуін қалаған пенделеріңді тура жолға сал, жүрегі мен ой-санасын оңғар. Егер дұшпандық жасағандар арасында өзің тура жолға салуды қаламаған әрі өздері де түзелгісі келмейтіндер болса, олардың айла-амалдарын іске асырма, оларды түп-тамырымен жой».
M. Фетхуллаһ Гүлен
Тәржімалаған – Талғат Мырзахметұлы