"Ұланға" шыққан оқушының хаты. Бірақ, осы хат біраз кісілерге ұнамады. Сіздер де "жазушының денсаулығы, ауырғаны оқырманға қызық емес" деп сөкпегейсіздер. Бұл жерде бала жүрегінің лүпілі, шын ықыласы жатыр. Ол өзінің сүйікті жазушысына алғысын айтып, енді ауырмаса екен деген балаң тілегін білдіріп отыр. Жүректі елжіретер мұндай хатты газетке қалай жарияламайсың?! Тап қазіргі кезде қай зиялы Дулат ағадай қазақ үшін шыр-пыр бола алады? Ойланып көріңізші. Көктемде кімнің кім екенін көрдіңіздер ғой көпшілігіңіз...
Бүгін Дулат аға Исабековтың туған күні екен. Оқушының осы хатын ағамызға сыйлық ретінде беріп жібермекпіз. Өзі "совминде" жатыр екен. "ДУЛАТ АТА, АУЫРМАҢЫЗШЫ"... Бұл барша қазақ балаларының, "Ұланды" оқитын періште көңілдердің тілегі" деп «Ұлан» газетінің журналисті Жадыра Нармаханова №43 мектептің 10-сынып оқушысы Ақерке Сабырқызының Дулат Исабековке жазған жылы лебізін газетке жариялапты. Қамшы порталы сіздермен де бөлісуді жөн көрді. Бұл дүниеде адамдар арасында есте қалатын нәрсе бір-біріне деген сыйластық пен жылы лебіз ғана емес пе?!
«Жазғы демалыс жақындаған кезде-ақ, қандай кітап оқимын?» деген ойда жүрдім. Мектебімізде әдеби кешті жиі ұйымдастыратын мектеп басшысы Ғалия апайға, барша ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Ұстаздарым менің ойымды оқып қойғандай, «мектепке жазушы Дулат Исабеков келеді» дегенде қатты қуандым. Бос уақытымда жазушының шығармаларын оқып, толғандырған сұрақтарымды қағазға түсірдім. Әсіресе, «Гауһартас» өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Қызыға оқығаным соншалық, шығарманың соңына дейін қалай жеткенімді білмей қалдым.
Айтулы күнді асыға күттім. «Дулат ата қалай жазушы болды?», «Алғашқы шығармасы қандай?», «Бала күнінде кім болуды армандады?» деген сұрақтарымды жазып қойдым. Бірақ, қаламгерді жақыннан көргенде, қобалжыдым ба, сұрақтарымның жартысы ұмыт қалды...Атамыздың ақ батасын алу үшін сыныптастарым аянып қалмады, өлең айтып, мың бұрала биледі. Өкініштісі, Дулат ағамыз аздап сырқаттанып қалыпты. Әңгімеміз ұзаққа созылмады.
Қадірлі Дулат аға, сізге барша мектеп оқушылары атынан алғыс айтамын. Бізді баласынбай, уақытыңызды бөліп, сөзімізді тыңдағаныңызға рахмет! Зор денсаулық тілеймін. Қазақ әдебиетінің мәртебесін асқақтата беріңіз!..»
"Қамшы" порталының ұжымы да Дулат Исабековты туған күнімен құттықтайды! Ауырмаңыз, қаламыңыз ұштала берсін!