Қырғызстан оппозиционері: Ешқандай революция ақшамен жасалмайды

/uploads/thumbnail/20170709190446451_small.jpg

 Қырғыз оппозициясының жетекші саясаткері конституцияны өзгертуге неге қарсы екені жайлы, Мұхтар Әблязовтің «Қырғызстандағы төңкерісті қаржыландырдым» деген мәлімдемесі мен Қазақстан-Қырғызстан қатынастары туралы пікірін айтты деп хабарлайды azattyq.org

Желтоқсанның 11-інде Қырғызстанда конституциялық реформа туралы референдум өтті. Ресми мәлімет бойынша, дауыс берушілердің басым бөлігі президент өкілетін күшейту, премьер-министрдің өкілеті арқылы билікті орталықтандыруды жақтаған. Жаңа өзгерістерге сәйкес жергілікті кеңестер сайлап келген әкімдерді премьер-министр тағайындайды. Бұл – Қырғызстанда 2010 жылғы сәуірдегі революциядан кейін қабылданған жаңа конституцияға енгізілген алғашқы өзгерістер.

Президент Алмазбек Атамбаевтың ұсынысымен басталған конституциялық өзгерістерді референдумға шығаруға оппозициялық «Атамекен» партиясы қарсы болған.

Омурбек Текебаев 2005 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаев пен 2010 жылы Құрманбек Бакиев қызметтерінен кеткен кезде белсенді әрекет еткен қырғыз саясаткерлерінің бірі болды. 2010 жылы шілдеде Қырғызстан Уақытша үкіметі төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, конституциялық реформаларды жүргізуге жауапты конституциялық кеңес төрағасы қызметін атқарған. Кейіннен Қырғызстанның сот жүйесін әрі қарай реформалау бойынша комиссияны басқарған. 2015 жылы «Атамекен» партиясының тізімімен парламент депутаты болып сайланған.

- Референдум өткізуге не себептен қарсы болдыңыз?

Омурбек Текебаев:  Конституция – төңкерістен кейін уақытша үкімет қабылдаған тарихи және саяси құжат. Екі төңкерістен кейін ел қалауымен жаңа саяси жүйеге көшетінімізді анықтадық, басқаша шешім мүмкін емес еді. Негізгі мақсатымыз жаңа саяси мәдениет қалыптастыру, жаңа азамат, жаңа сайлаушы қалыптастыру болатын. Сол үшін конституция он жылға дейін өзгертілмесін деп келіскенбіз. Өйткені жаңа дәстүр бір күнде пайда болмайды. Қиыншылықты жеңіп, шыдау керек. Бұл біз үшін саяси-моральдық үлкен саты әрі сын еді. Бірақ президент Атамбаев он жылды күтпей конституцияны өзгертуге әрекеттенді. Екіншіден, конституцияны өзгертудің жазылған және жазылмаған ережелері бар. Конституцияға кірген өзгертулерге ел мұқтаж болуы керек. Оны ел ішінде ашық талқылағанда өзгерістің де легитимділігі пайда болады. Өкінішке қарай, Атамбаев бұл өзгерісті кулуарда жасап, депутаттарға қысым жасау жолымен Жогорку Кенешке (парламентке – ред.) енгізді. Кейбіреулер қандай өзгерістер екенін де білмейді. Бұл өзгерістер саяси жүйені дамыту үшін емес, ескі жолды қайыра енгізу үшін жасалған әрекет болды. Енді президент Атамбаев қызметінен кетсе де, өзінің саяси ықпалын қалдырып, партиясы арқылы Қырғызстанды басқара беруіне мүмкіндік алады.

 - Атамбаев кейін қайтадан президенттік сайлауға қатысуы мүмкін бе? Қырғызстан президенті мұндай болжамдарды жоққа шығарды емес пе?

Омурбек Текебаев: Менің ойымша, бір-екі жылдан кейін премьер-министр болып келіп, 2020 жылы парламент сайлауынан кейін тағы да бес жылға премьер-министр болып қалғысы келетін секілді. Бұл - Путин-Медведевтің қырғызша нұсқасы.

- Конституцияға енгізілген өзгерістен соң президенттің өкілеті күшейе ме?

Омурбек Текебаев: - Премьер-министр мен президенттің билігі күшейеді. Енді премьер-министр әкімдерді өзі тағайындайды, қызметтен өзі босатады. Бұрын ол жергілікті депутаттардың құзырында болатын. Президент қорғаныс министрі мен мемлекеттік қауіпсіздік министрін өзі тағайындайды. Оған премьер-министр араласа алмайды. Сөйтіп президент премьердің есебінен өзінің өкілеттігін күшейтті. Күштік құрылымдар премьерге бағынбауы – болашақта конфликтіге соқтыратын қауіпті жайт. Енді сот билігі де тәуелді болады. Президент тәртіптік комиссия арқылы судьяларды қызметтен босата алады.

- Конституцияға енгізілген өзгерістен соң президенттің өкілеті күшейе ме?

Омурбек Текебаев: - Премьер-министр мен президенттің билігі күшейеді. Енді премьер-министр әкімдерді өзі тағайындайды, қызметтен өзі босатады. Бұрын ол жергілікті депутаттардың құзырында болатын. Президент қорғаныс министрі мен мемлекеттік қауіпсіздік министрін өзі тағайындайды. Оған премьер-министр араласа алмайды. Сөйтіп президент премьердің есебінен өзінің өкілеттігін күшейтті. Күштік құрылымдар премьерге бағынбауы – болашақта конфликтіге соқтыратын қауіпті жайт. Енді сот билігі де тәуелді болады. Президент тәртіптік комиссия арқылы судьяларды қызметтен босата алады.

- Қырғызстанда билік пен оппозицияның қатынасы қандай? Оппозиция қуғындала ма?

Омурбек Текебаев: - Мүмкіндігі жеткенше қуғындауға тырысады, қуғындалғандар да, қамалғандар да бар. Бүкіл мемлекеттік ресурстар жұмылады кейде. Бірақ бізде оппозиция мен азаматтық қоғам басқа көршілес елдерге қарағанда күштірек. Қырғызстандағы оппозицияны шектеуге президент Атамбаевтың уақыты жетпейді деп ойлаймын.

- Президент Атамбаев таяуда «Назарбаев пен Путин тағы бір мерзімге қал деп айтты, мен қалмаймын» деді. Бұл пікірге қалай қарайсыз?

Омурбек Текебаев: - Атамбаевтың ойланбай айтқан сөзі деп есептеймін. Мұны әлдебір саясаткерлер, депутаттар, саяси сарапшылар айтса, бәлкім болатын шығар. Тығыз қарым-қатынастағы ел басшыларының намысына тиюі мүмкін сөздерді дұрыс болса да, біздің елдің мүддесіне зиян келтірмесе де, президент айтпауы тиіс еді. Атамбаев әлі бір жыл болса да, сол президенттермен жұмыс істейді, сондықтан ол сөз еларалық қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін.

 

- Қазақстан оппозициясымен байланыстарыңыз бар ма? Олардың қандай жағдайда екенін білесіз бе?

Омурбек Текебаев: - Бұрын Социал-демократиялық партиямен қарым-қатынасымыз болған. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда байланысымыз азайды. Бәлкім біздің қызығуымыз азайды ма екен? Оның үстіне Қазақстан оппозициясы да сапалық өзгерістерге ұшырады. Олар да ел аралық мәмілелерге, қырғыз тәжірибесіне қызықпай қалды.

 - Бірқатар халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен сарапшылар, саясаткерлер Қазақстанды «автократиялық басқару жүйесі орныққан ел» деп сипаттайды. Сіздің пікіріңіз қандай?

Омурбек Текебаев: - 2010 жылы біз Уақытша үкімет құрғанда шекара жабылып экономикалық блокадаға алындық. Қырғызстан тәжірибесін ақпарат құралдары ақылы дискредитация жасауға тырысты. Кейбір мемлекет басшылары біздегі саяси реформаларға қарсы шықты. Сол кезде Қытай елшісі «бұл – сіздердің ішкі істеріңіз, біз кез-келген режиммен жұмыс істесеміз» деді. Қоңсы мемлекеттер осындай ұстанымда болуы керек. Саясаткер тұрғысынан айтсам, Қазақстанда қандай режим болса дағы Қырғызстан үшін пайдалы болса, ол режиммен жұмыс істесем, жаман не жақсы деп айтпаймын. Бұл – елдің тағдыры, елдің шешімі. Ал адами тұрғыдан айтсам, әлбетте қазақтар да біздей намысты ел. Еркіндікті біздей сүйеді, оларға да демократия жарасады. Демократиялық режим болса сауда келісімдері, экономикалық келісімдер жеке адамның ұстанымдарына тәуелді болмайды.

- Қуғындағы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов жуырда франциялық «Либерасьон» газетіне берген сұхбатында: «2005 жылы Қырғызстандағы режимді құлату үшін оппозициясын қаржыландырдым. Пост-советтік республикалардың бірінде болсын процестің басталғаны, дұрыс реформалар жүргізгені мен үшін маңызды еді» депті. Бұл сөз шындыққа сай келе ме?

Омурбек Текебаев: - Біріншіден, ешқандай революция ақшамен жасалмайды. Революция болу үшін объективті шарттар керек. Қырғызстандағы екі революцияға да қатысқан адаммын. Сырттан да, іштен де үлкен қаржылай қолдау болған емес. Елдің өз бастамасымен жүзеге асқан оқиғаны біреулер өз беделіне пайдаланғысы келетіні байқалады.

- Дегенмен, Әблязов мүлдем қаржылай көмектеспеген деуге бола ма?

Омурбек Текебаев: - Оны нақты айта алмаймын. Қырғызстанда «БТА банктің» акционері, директорлар кеңесінің мүшесі Данияр Үсенов (Құрманбек Бакиев кезеңіндегі Қырғызстанның премьер-министрі – ред.) деген жігіт болған. Бәлкім сонымен мәміле жасаған шығар. Бірақ революцияға Әблязовтың ешқандай қаржылай да, саяси да әсері болған емес.

 

Қатысты Мақалалар